Cән мен сұлулықДене күтімі

Лазерлік эпиляция: Қолдаушылар мен қарсылар! Сіз қай тарапқа жатасыз?

Мәңгіге емес, десе де ұзақ уақытқа қажетсіз дене шаштарынан құтылу мүмкіндігі нәзік жандыларды бірден баурары сөзсіз. Қажетсіз шашты кетірудің түрлі әдісі бар, бірақ оны лазермен алып тастау – бүгінгі күні ең дамыған әрі ыңғайлы тәсіл. «Сырласу» сіздерге косметологқа жүгінбес бұрын заманауи технологияға негізделген процедура туралы білуіңіз қажет мәліметтермен бөліспек.

Лазерлік эпиляцияның артықшылығы

  • Әсердің ұзақтығы: лазерлік эпиляцияның бірінші сеансынан кейін шаштың өсуі баяулайды, ал толық курстан кейін ол ұзақ уақыт бойы тегіс қалпын сақтайды.
  • Лазерлік эпиляция барысында терінің тұтастығы бұзылмайды.
  • Тері тітіркенуі мен түктер пайда болмайды.
  • Жайлы әрі ыңғайлы процедура. Өте сезімтал науқастарға косметолог жергілікті анестетиктерге кеңес береді, бұл ауырсынуды басады.

Кемшілігі

Шынтуайтында, процедураға көптеген қарсы көрсетілімдер бар. Жақсы маман түктерден құтылуға кіріспес бұрын науқастан денсаулығының жай-күйі туралы міндетті түрде сұрауы керек.

Қарсы көрсеткіштер:

  • Жүктілік;
  • Босанғаннан кейінгі ерте кезең;
  • Лактация кезеңі;
  • Онкология;
  • Тері обыры;
  • Қабыну немесе жұқпалы процесс;
  • Терінің тұтастығының бұзылуы;
  • Герпес;
  • Фотосенсибилизаторлық препараттарды қабылдау (жүйелік ретиноидтар, бактерияға қарсы препараттардың кейбір түрлері);
  • Коллоидты тыртықтардың болуы;
  • Қант диабеті (декомпенсацияланған түрі).

Процедура алдында абсолютті қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін дәрігермен кеңесу қажет. Бір қызығы, эпиляцияның эстетикалық көрсеткіштерінен басқа (қажетсіз шашты кетіру) медициналық көрсеткіштері де бар: гипертрихозды, гирсутизмді, өскен түктерді емдеу дегендей.


Лазердің жұмыс істеу принциптері

Лазер селективті фототермолиз әдісіне негізделген, қарапайым тілмен айтқанда – жарық импульсінің энергиясы шаш меланиніне жақсы сіңеді, бұл шаш түйіншесінің (фолликуласының) қызуын, зақымдануын және бұзылуын тудырады.

Эпиляцияға дайындық

Сеансқа 4-6 апта қалғанда:

Жоғары қорғаныс факторы бар күннен қорғайтын кремдерді тұрақты түрде жағу;

Лазерлік процедура жасауды жоспарлап отырған дене бөлшектеріндегі шашты кетіру үшін тек қырыну әдісін қолдану қажет. Депиляцияның балауыз, шугаринг секілді әдістерінен бас тартыңыз.

Сеансқа 1 күн қалғанда:

Процедура жасайтын жерді қыру керек. Ұстара қолданбасаңыз, депиляцияға арналған кремді пайдалануға болады.

Процедура курсының ұзақтығы

Бір аймақтағы эпиляция таңдаған аймаққа байланысты 2 минуттан 30 минутқа дейін созылады. Процедураның орташа интервалы қолтық, бикини, бет үшін 4-6 аптаны, ал аяқ, қол, кеуде, арқа үшін 6-8 аптаны құрайды. Үшінші процедурадан кейін процедуралар арасындағы үзілістер артады.

Эпиляцияның тиімділігі көптеген факторлармен анықталады, мысалы, тері мен шаш түсі, шаш құрылымы, физиологиялық жағдайлар (генетика, жас, жыныс, гормоналды жағдай) дегендей. Нарықтағы ешбір техника шашты біржола жоя алмайды, бірақ лазерлік эпиляция ұзақ уақыт бойы қажетсіз шаштардан арылуға тамаша мүмкіндік сыйлайды.

Процедура курсын күзде, қыста немесе көктемде бастаған дұрыс, өйткені лазерлік эпиляция процедурасынан кейінгі негізгі қарсы көрсетілім күнге күю болып табылады.