ДенсаулықСаулық үшін

Лейкоз – соңғы үкім емес

Ағзаны білдірмей бүлдіретін, «бұзылған» жасушалардың әре­кеті медицина ғылымында толықтай ашылған жоқ. Бірақ күрес жалғасуда. Соңғы деректер бойынша, елімізде жылына 500-ден астам бала қа­тер­лі ісікке шалдығады. 2017 жылы 558 бала онкологиялық аурулармен ауырған. 20 жыл бұрын жедел лейкемия анықталған балалар түбінде көз жұматын. Қазір бұл ауруды аса өсу үстінде деп айта алмаймыз. Себебі былтыр Республикада қатерлі лейкоз бойынша 30-36 науқас тіркелген. Олардың 78%-ы дерттен жазылып кетіп жатыр.  

Лейкоз қандай ауру?

Лейкоз – бұрынғы аққан, лейкемия ауруы. Лейкоз ең алдымен жілік майын зақымдайды. Жілік майында қанды түзетін және сүйектің қалыптасуына тікелей қатысатын жасушалар орналасқан. Көп жағдайда дерт осы жерден басталады. Ісік зақымданған жасушалардың жілік майында тоқтаусыз өсуімен және сол жердегі қан түзілу процесінің бұзылуымен сипатталады. Адамның бүкіл ағзасы қаннан тұратындықтан, ол ағзаның кез келген мүшесін зақымдайды.

Бұл – ауыр дерт. Бірақ індетке шалдыққан адам қоршаған ортасына еш зиянын тигізбейді, ешқандай жолмен жұқпайды. Басқа қатерлі ісіктер көбінесе 60-70 жастан асқан адамдарда кездессе, лейкоз көбінесе балаларда ғана болады. Неге десеңіз, лейкозда жас мөлшеріне байланысты мутациялар жоқ. Ол бала ағзасында туғанынан немесе тұқымқуалаушылықтың әсерінен пайда болуы мүмкін. Оның әртүрлі себептері бар. Мутацияөзгеріс, өмір жағдайының өзгеру әсерінен ағзада жаңа биологиялық белгінің пайда болуы.

 Лейкоздің түрлері

Бұл дерт саты-сатыға бөлінбейді. Ол лимфобластсыз және лимфобластты қатерлі лейкоз болып екіге бөлінеді. Қатерлі лимфобластты лейкоз – қантүзілім жүйесіндегі қатерлі ісік. Оның жасуша асты, жасуша үсті деген түрлері бар. Лимфобластсыз қатерлі лейкоз – жұлыннан зиянды жасушаларды түзетін қатерлі ісік. Ол жеті түрге бөлінеді. Қауіптілік жағынан, емделуі жағынан да әртүрлі келеді. Бірі тез емделсе, бірі өте қиын емделеді.

Ішіндегі адамға өте қатты ауыртпалық алып келетін қауіптісі – қатерлі лейкоз.

Аурудың пайда болу себептері:

Аққан ауруы әртүрлі нәрседен туындайды. Оған химиялық, радияциялық факторлардың әсері басым. Иммунитеттің өте төмендігінен, тұқымқуалаушылықтан, хромосомалардың қандай да бір ауытқуынан немесе препараттардың әсерінен болуы ықтимал. Бізде, әсіресе, жоғары вольлтты станциялардың ықпалынан дертке шалдыққандар көп. Егер иммунитет төмен болса, ағза ненің не екенін ұқпай, дұрыс басқара алмай, ауруды қабылдап алады. Ауруға тамақтанудың тікелей қатысы жоқ. Оған байланысты ешбір жағдай тіркелмеді.

Лейкоз ең бірінші ангинадан және өкпе қабынуынан басталады. Өйткені, бұл қабынулар адамның иммунитетін түсіріп, өте әлсіреуіне алып келеді. Сондай-ақ, сүйек аурулары да әсер етеді.

Баладағы лейкоз ана денсаулығына тікелей қатысты емес. Анасы онкологиялық ауруға шалдыққан жағдайда ғана болуы мүмкін. Қазір отбасында, тұқымында онкологиялық ауру кездеспеген жан жоқтың қасы. Тәжірибеде бір тұқымда немесе бір отбасында онкологиялық ауруға бірнеше адам шалдығуын кездестірдік. Оларға себеп  тұқымқуалаушылық болғанын анық көруге болады. Десе де, тұқымында еш болмаған адамдардың өзінен де лейкоз табылып жатады.

 Анемия мен лейкоздың байланысы

Ағзадағы сау жасушалар гемоглобин мен эротрициттерді реттеп отырады. Аққан дами бастағанда жілік майындағы сау жасушаларды ығыстарып, қандағы қажетті заттар азайып, анемияға алып келеді.

Ал темір жетіспеушілігінен болатын қаназдықты ауру деп қарастырмаймыз. Ол көбінесе дұрыс тамақтанбағаннан, жиі босану, бала емізу, асқазан, ішек қабынуы, дәрумендердің жетіспеуі, гинекология жағынан аурулардың әсерінен туындайды. Алайда бұл лейкозға алып келмейді.

Эритроцит, лейкоциттердің көбейіп, азаюының да айтарлықтай қатысты жоқ. Қанда эритроциттердің көбеюінен эритремия ауруы туындайды. Бұл созылмалы қан ауруларына жатады. Бірақ бұл да лейкозға қатыспайды.

 Дертті анықтау жолдары

Қатерлі ісікті алғашқы қан тапсырғанда-ақ анықтауға болады. Яғни, болжайды. Бірақ нақты қандай түрі екенін білмеуі мүмкін. Егер зертханашы өте сауатты болса, қанды микроскоппен көріп-ақ, айтып береді. Басқа күдік тудыратын жағдайда қанды Алматыға немесе Астанаға жібереді. Біз оған нақты диагноз қою үшін мынадай сараптамалар жасаймыз:

  • Жілік майын тексеру;
  • Иммундық жүйені зерттеу;
  • Тұқымқуалаушылық белсенділігін анықтау.

Сараптама қорытындысы өте тез жасалады. Дерттен жазылып кету мүмкіндігі қаншалықты екені бірінші емдеу жұмыстары жүргізілгеннен-ақ білінеді.

Егер лейкоз болып шықса, оның нақты қай түрі екендігін қарастырамыз. Өйткені лейкоздың әр түрі әртүрлі емдеуді қажет етеді. Ол тез  тарағанымен, кейде дереу қайтуы да мүмкін.

 Қан құрамын анықтау

Қай жерге барып, қан тапсырысаңыз да нәтижемен бірге қалыпты жағдайы жазылады. Соған аса мән беру керек. Егер қан сараптамаңыз көрсетілген қалыпқа сай келмесе, терапевтен, не жолдама берген дәрігерден сұрауға құқығыңыз бар. Қалыпты көрсеткіш әр зертханада әртүрлі көрсетілгенімен, орташа көрсеткіші бір болады. Біз көбінесе гемоглобинге көңіл бөлеміз.

  • Гемоглобин әйелдерде: 120-дан төмен болмауы және 150-160-тан аспауы керек.
  • Ер адамдарда: 130-дан төмен емес, ең жоғарғысы 170-қа дейін.
  • Лейкоциттер саны: 3 мыңнан 9 мыңға дейін.
  • Тромбоциттер саны: 100 мыңнан 450 мыңға дейін.

Ең бастысы – қанның формуласын тексерту керек.

 Аурудың белгілері:

Әлсіздік

Дененің көгеруі

Қан кету

Тістің жиі қанауы

Пародонтоз.

 

Тісі қанаған адам бірден тіс дәрігеріне қаралады. Оны пародонтоз деп ойлап, емдетеді. Алайда бұл лейкоз болып шығады. Науқастың сүйек, бұлшықет, дене буындары да ауырады. Кейде жай қан тапсыру кезінде ойламаған жерден анықталады.

 Дертін естіген адам не істеу керек?

Адамдар ұзақ уақыт ағзасында не болып жатқанын білмей жүре береді. Кейбірі ауруын естіген бойда ешкімді тыңдамайды, сөйлеспейді. Қарым-қатынас жасамай, оқшауланып қалады. Мұндайда барынша берілмеген дұрыс. Ең бірінші дәрігермен ақылдасып, оған сену керек. Психологпен кеңесу қажет. Науқас рухани мықты болып, айтылғанды уақытында жасаса, жазылуға толықтай мүмкіндігі бар.

 Қатерлі дертті емдеу

Лейкоз өте жылдам дамитындықтан, уақытты барынша үнемдеп, бірінші аптасында-ақ емдеуге кірісу керек. Алдымен аурудың қай жерден басталғаны тексеріледі. Сосын емдеу тәсілдері тағайындалады.

­­Қатерлі лейкозға шалдыққан адамның өмірін сақтап қалу өте қиын. Ол мамандардың, зертханалардың аса біліктілігін, күш жігерін қажет етеді. Бұл денені жарақаттаумен қатар жанға да жара салады. Кей науқасқа қанша көмектескіміз келсе де, еш әрекет ете алмаймыз. Ең мықты деген маманның өзі шарасыз күйге түседі.

Лейкозға ең бірінші химиотерапия жасалады. Ол жілік майындағы қатерлі ісіктермен күреседі. Ота жасалмайды. Кейде ми зақымданғанда, ондағы метастаздарды алып тастау үшін қосымша ем түрінде сәулелік терапия қолданылады.

Бұл дертте басқа қатерлі ісіктер сияқты бір бөлігі алынып тасталмайды. Мұнда арнайы ерітінділермен тазалап, қатерлі жасушалардың санын азайтамыз. Яғни, лейкоцитаферез және плазмаферез жасалады. Плазмаферез арқылы қандағы еріген және ағзадағы патологиялық заттар қуылады. Лейкоцитаферезнауқастың қанындағы зиянды лейкоциттерді жояды және алады. Алайда бәрі бірден жоқ болып кетпейді.

Қатерлі ісіктерді жойған кезде, жансыздандырылған жасушалардың орнына сау жасушалар өсуіне жағдай жасаймыз. Науқас осы ем-шараларды көтере алса, сау жасушалар зақымданған бөлікті залалсыздандырса, бәрін жеңіп шығады. Адамның жағдайы жақсарып, қаны тазара бастайды. Науқас жарты жыл күрделі ем қабылдайды. Бес жыл бойына қосымша ем жүргізіледі. Ең ауыры – бірінші жыл. Қазір шет елдердерде де, Қазақстанда да жілік майы ауыстырылады. Бұл жедел лейкоз кезінде, науқастың өмірі қыл үстінде тұрғанда жасалады. Онымен науқасты құтқаруға мүмкіндік мол.

Бұл аурудан толықтай жазылып кетуге болады. Аурудан толықтай айыққан адамдар бар және өте көп. Кішкентайында осы аурумен ауырып, кейін өсіп, үйленіп, бала сүйіп отырғандар да жетерлік. Бала туғысы келетіндер, отбасын құруды ойлап жүргендер бізге  келіп, тексерістен өтіп, керек болса, қосымша ем қабылдайды. Аурудың ешбір ізі қалмаса да, үнемі бақылауда жүретіндер де бар.

 Тегін және ақылы

Гемотологиялық аурулар онкологиялық және онкологиялық емес деп бөлінеді. Институт мемлекеттік мекеме болғандықтан, кез келген онкологиялық ауруы анықталған Қазақстан азаматына барлығы тегін жасалады. Онкологиялық емес: алтемун, анемия, тромбоцит деген түрлерін емдеу – ақылы. Егер науқас тек бізде емделгісі келсе, осында жолдама ала алады. Негізінде барлық облыс орталықтарындағы онкодиспансерлер бірдей жұмыс жасайды. Сондықтан оларға сенуге болады.

 

Сәуле Тілембайқызы Ғаббасова: ҚазОРҒЗИ, гемобластоз бөлімінің меңгерушісі