Бет күтіміМакияж

Make-up салдары: Бояусыз бет терісінің артықшылығы

Күнделікті бетіңізді әрлеудің салмақты себептері бар екені рас, алайда қарсы аргументтер одан да зор болуы мүмкін.

Көп әйелдер макияжды жуыну, таңғы ас ішу немесе жаттығу жасау сияқты таңертеңгі режимнің бір бөлігі деп есептейді. Бояну теріні тегістеуге, артықшылықтарды көрсетуге және кемшіліктерді жасыруға мүмкіндік беретіні рас. Косметикалық нарық үнемі даму үстінде болғандықтан, сәндік өнімдердің теріге зияндылығы төмендеп, қауіпсіз бола бастады. Дейтұрғанмен, бет әрлеуді тоқтатқан адамның терісі қалай өзгеретіндігін айтулы мақаладан оқи аласыздар.

Бояусыз беттегі өзгерістер

Тері құрғақтығы төмендейді

Макияж теріміздің жақсы көрінуін қамтамасыз еткенімен, іс жүзінде терінің табиғи қалпына келу процесіне кедергі келтіреді. Егер беттегі косметиканы кетірудің тәртібін дұрыс орындамай, теріде бояу қалдықтары қалып қалса – ол теріге аса зиян. Медицина докторы, дерматолог Рэйчел Назарян: «Ұйықтар алдында бет жуғанда туындайтын басты мәселенің бірі – өлі және тірі тері жасушалардың қабыршақтану арқылы табиғи алмасуы болып табылады. Бояу жағылған теріде бұл процесс қиын іске асады. Сәйкесінше, өлі тері жасушалары терінің күңгірт әрі құрғақ болуына әкеліп соғады», – дейді. Күңгірт әрі құрғақ тері – жинақталған өлі жасушалардың белгісі. Ал бет әрлеуден бас тартсаңыз, терінің кедергісіз жаңаруына мүмкіндік бересіз, осылайша ол бетке балғындық сыйлайды.

Әжімдер азаяды

Көп адамдар 25 жаста да жас көрінуге тырысады. Бұл мәселеде оларға макияж көмек болмақ. Десе де, шынтуайтында бояу әжімдердің жұқа сызықтарына жағылып, оларды жасырудың орнына, керісінше, ерекшелеп тұруы да мүмкін.

Тері тесігі азаяды

Бет әрлеген уақытта тері тесігінде макияждың ұсақ бөлшектері жиналады. Оның үстіне айналадағы шаң тесіктерге нығыздалып орнайды. Нәтижесінде тесіктер кеңейіп, бітеліп қалады. Ал бояусыз таза беттегі тесіктер кішірейеді және бетіңізді шаңнан жиі тазартып, сергіту мүмкіндігіне ие боласыз.

Безеулер азаяды

Бетке бояу жаққан уақытта теріңізге бактериялар түседі. Олар косметикалық өнімдерде де кездеседі, яғни бактериялар макияж жаққыштар мен спонждарда өмір сүреді (оларды зарарсыздандыратын әрлеушілер кемде-кем). Нәтижесінде, тері тесігі ластанып қана қоймайды, сондай-ақ ол қызару мен безеуді тудыратын бактерияларға толады. Жалпы беттегі кемшіліктерді косметикалық құралдармен жабуға тырысатынымыз рас, бірақ бұл жағдай мәселені одан сайын ушықтырады.

Көз аурулары азаяды

Көз бояуына арналған құралдарда конъюнктивитке әкелетін консерванттар көптеп кездеседі. Көзге арналған сүрмелер мен кірпік бояуына баса назар аударғаныңыз жөн. Бактериялық қауіптен басқа, олар физикалық зиян келтіруі де ықтимал. Англиядағы Vision Eye Eye Care клиникасы өкілінің айтуынша, «Көз макияжынан туындауы мүмкін аса ауыр жарақаттардың бірі – қасаң қабықтың зақымдануы. Сүрме немесе кірпік бояуымен көз бояған уақытта қасаң қабықты сызып тастауыңыз әбден мүмкін». Сол себепті абай болған жөн!

Міне, әйелдер қауымы сұлулықтың қаруы ретінде ұстанған бояулардың артықшылығымен қатар кемшіліктерін де тізіп шықтық. Бояну немесе бояудан бас тарту – тек сіздің шешім! Бастысы табиғи сұлулықтан айрылып қалмайық!