Cән мен сұлулықМакияж

«Макияжсыз макияж»: табиғи make-up жасаудың оңтайлы жолдары

Қазіргі таңда табиғи макияж танымалдылыққа ие, десе де оны ойдағыдай жасау оңай шаруа емес. Мұндай мейк-ап кемшіліктерді жасыруға және бет ерекшеліктерін көрсетуге қабілетті, сондай-ақ ол косметиканы барынша аз пайдалануға үйретеді. Бұл -күнделікті макияждың таптырмас тәсілі.

Айта кетерлігі, табиғи мейк-апқа ерін далабын қосу немесе smoky eyes көмегімен көзді әрлеу арқылы кешкі макияж үлгісін жасап шығаруға болады.

Назар аударарлық дүниелер

Табиғи макияж техникасы сыртқы келбеттің ерекшеліктеріне байланысты болып келеді. Кейбіреулер терінің кемшіліктерін жасыруға басымдық береді: қызару, акне іздері, безеулер дегендей. Ал біреулер бетті көрнекі етіп жасау үшін бет сүйектерін ерекшелеп бояйды (бұл арада агрессивті контур туралы емес, жеңіл түзету туралы айтылуда). Енді біреулер бет терісін жарқыратып, балғындық сыйлау мақсатында екі бетіне румяна жағады.

Бүгін әдемі табиғи макияж жасауға қажетті нұсқаларды ұсынбақпыз. Оны өз қалауыңызға сай өзгертуге де болады.

 

Табиғи макияж жасау: қадам-қадаммен

1. Тоналды негіз

Мұндай мейк-ап түрінің негізгі міндеті – теріні тоналды құралдармен шамадан тыс жүктемей, біркелкі әрі тегіс ету. Табиғи макияжға арналған өнімдердің ең аз қажетті жиынтығы – консилер және тоналды крем. Консилердің көмегімен көздің астындағы қара шеңберлерді тез жабуға және қызаруды түзетуге болады, ал тоналды негіз біркелкі әдемі өңге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кремді құрылымы бар құралдарды қолданыңыз және оларды саусақтарыңызбен немесе дымқыл губкамен жеңіл, серпілмелі қозғалыспен жағыңыз. Бұл қалаған нәтижеңізге қол жеткізуге мүмкіндік сыйлайды, ал тері табиғи көрініске ие болады. Қажет болған жағдайда, әсіресе, майлы жылтырдан зардап шегетін болсаңыз, беттегі бояуды минералды ұнтақпен бекітіңіз.

2. Румяна

Ашық әрі табиғи түсті румяна кескінді лезде балғын әрі жігерлі ететіні анық. Ең бастысы – дұрыс реңкті таңдау және далап бетіңізде өзгеше даққа ұқсамауы үшін тым көп түс қолданбаңыз. Бейтарап немесе жұмсақ қызғылт реңктерді байқап көріңіз. Жазда күйген теріге арналған бронзерді қолдануға болады.

3. Қас

Қастың бетті бірден өзгертетіндігін байқаған боларсыздар, сондықтан да дұрыс табиғи макияж үшін оларға тоналды негізден де баса назар аудару керек. Кең қастар (бірақ татуажсыз!) табиғи күнделікті мейк-аптың негізгі басымдығы болуы мүмкін. Қасқа арналған тень бояулар жиынтығын немесе кәдімгі қарындашты пайдаланыңыз.

4. Көз

Көз бояуына келетін болсақ, бұл жерде қара немесе қоңыр тушь жеткілікті. Оны 3 рет жағылған қалыңдықта қолданбаңыз, кешкі кездесулерге арналған «қуыршақ кірпіктері» стилін қалдырыңыз. Табиғи макияж жасау барысында көзге арналған бояуларды қолдану міндетті емес. Егер көзіңізді ерекшелеп бояғыңыз келсе, пастелді табиғи түсті палетканы таңдаңыз – қоңыр-сарғыш немесе бозғылт қызғылт.

5. Ерін

Ерін далабы немесе жылтыратқыштың тыныш, бейтарап реңкімен макияжыңызды толықтырыңыз. Жеңіл бояу әсері бар бальзаммен де шектеле аласыз.