СұқбатСырласу қонағы

Мақпал Қаратай: Күйзеліс – ішінде сыйы бар қорап

Ол аз уақытта көп қыз-келіншектің көзайымына айналған «Бақытты әйел» бағдарламасының авторы. Көрермен көңілінде өзіндік бейнесін қалдырған тележүргузіші, телепродюсер, журналист Мақпал Қаратай бізде қонақта. 

С: Сізді халық «Бақытты әйел» бағдарламасынан кейін жақын тани бастады. Бұған дейін журналистиканың қай саласында қызмет еттіңіз?

Алғашқы еңбек жолым мерзімді басылымдардан басталды. «Алтын Орда», «Қазақ әдебиеті», «Айқын» газеттерінде қызмет еттім. «Алматы» арнасында жаңалықтар бөлімін басқардым. Телеарнада жұмыс істеуді көптен армандайтынмын. Бірақ ішкі қорқыныш, өзіме деген сенімсіздік әрдайым кедергі келтірді.

2011 жылы Жадо xаныммен бірге «Қазақ аруы» байқауын өткіздік. Байқауды көрерменге ұсынуды өтініп, «Қазақстан» арнасы басшылығына xат жаздық. Олар «рұқсат бере алмаймыз» деп жауап берді. Оған қанағаттанбай, Астанаға барып, сол кездегі арна басшыларының бірі Л.Танысбаймен кездестік. Ол кісі «Неге әуре болдыңыздар? Жауабын xатқа жаздық қой» деді. Сонда «Қазақта «дат» деген бар, алыстан келген соң, бұйымтайымызды тыңдасаңыз» деп тоқтамай, жарты сағат сөйлегенмін. Басшы сөзімді мұқият тыңдап: «Келісейін, бірақ сен енді ашылатын «Мәдениет» арнасына продюсер болып келсең» деді. Іштей қуанғаныммен, екі ойлы болып келістім. Өйткені бұрын тек мәтін тексерумен ғана айналысып, телеарана саласынан нақты тәжірибем жоқ еді. Телеарнадағы қызметім осылай басталған. Кейін Серік Абас-Шаx «Қазақстан» арнасына продюсерлікке шақырып, бірнеше жыл сонда жұмыс істедім.

Уақыт өте бұл жұмыстың қызығы таусылғандай көрініп, 2014 жылы «Studio 8» аутсорсинг компаниясын аштым. Онда тапсырыс алып, бірнеше арналарға жоба жасадым. Алматы, Астана қаласы әкімшілігінің, Білім және Ғылым министрлігінің тапсырысымен үлкен жобаларды қолға алдым.

С: «Бақытты әйел» бағдарламасы неге тоқтатылды? Алда жалғасын таба ма?

Бағдарламаның не үшін жабылғанын арна басшылығынан сұрау керек шығар. Десе де, бұл жоба жалғасын таппайтыны анық. Білуімше, «Қазақстан» арнасы әйелдерге арнап жаңа жоба дайындау үстінде. Ал, жүргізуші ретінде қайта оралу жоспарда бар.

Бізде бір нашар қасиет бар. Қолымыздағы асыл дүниені алып қойса, бақытқа бөленген бүкіл сәтті ұмытып, налимыз. Қайта маған сенім артқан жандарға үлкен алғыс айтамын. «Бақытты әйел» аз уақытта көрермен көзайымына айналды. Ең бастысы – менің бір кезде жоғалтып алған сенімімді қайтарды. Бағдарлама жабылғанымен, мен мұны «жолыңды басқа жақтан тап» деген белгі деп ұқтым. 

С: «Мақпалдың мекеніндегі» әрбір сұхбатыңыз тартымды өтеді. Сұхбатқа қалай дайындаласыз?

Сұхбат – менің жанрым. Әр адаммен тілдескенде оның жанының кілтін тауып ашқым келеді. Бірақ кез-келгені жан сарайына бірден кіргізе қоймайды және «кірдім» екен деп, көпке жайғысы келмейтін дүниесін айтқызуға тағы болмайды. Сұхбат құрудың өз мәдениеті бар. Соны аттап кетпеу керек. Әрдайым кейіпкерімнің ағынан жарылып, өзінің де іші босап, раxат сезімге бөленгенін қалаймын. Сондықтан сұрақтарымды жіктеп алмай, шықпайтынмын. Алдағы уақытта сұxбатқа қатысты интернет жоба жасауды жоспарлап жүрмін. 

С: Бүгінде оқырмандардың сүйікті блогеріне айналдыңыз. Бұған өзіңізді рухани дамыту септігін тигізгендей?

Жалпы, өзімді-өзім тануыма екі жыл бұрынғы ішкі күйінішім әсер етті. Кез-келген күйзелісті қорап десеңіз, оның ішінде міндетті түрде сыйлығы болады екен. Көбіміздің сол қорапты ашуға жүрегіміз дауламайды. Мен сол күндерден бастап өзімді басқа қырымнан танып, бәрінің уақытша екенін, ұсақ-түйекке жүйкені жұқарта бермеуді, бұл өмірге қонақ екенімізді ұқтым. Бұрын тек материалдық дүниені қуыппын. Ол да қуған сайын қашқан екен. Адам дұрыс жолда жүрмесе, жан тыныштығы жоғалады. Бұл – өмірді басқа арнаға бұрыңыз деген белгі. Қазір өмірімді жан қалауымен өзгертудемін.

 С: «Нағыз Мақпалды» қалай тауып алдыңыз сонда?

Бала кезімде жазушы болуды армандаған едім. Кейін тіршіліктің түйткілдерімен мұндай арманымның бар екенін ұмытып кетіппін. Оған қоса арманшыл, ертегіге сенетін қыз болдым. Уақыт өте келе осы асылдарымды жоғалтып алыппын. Қатыгез, айтқанынан қайтпайтын, жүрегі тас әйелге айналып келе жатыр екенмін. Жүрегі нәзік, мейірімді Мақпалды табу үшін көп еңбектендім. Біз көп жағдайда «адамдарға есем кетіп қала ма» деп, нәзік, мейірімді болуға қорқамыз. Біреуге есеміз кеткенімен, бізге Жаратушы өзге жолды даярлап қояды. Осылай балалық шағыма қайта оралып, жоғалған сезімдерімді қайтардым. Қазір бала сияқты қуана да, шаттана да аламын.

Ал, жазушылық қырымды енді ашып, «Бақытты әйел» деген нұсқаулық кітап жазудамын. Онда әйелдердің өзін-өзі тануына, қабылдауына, бағалауына нақты кеңес беріледі. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, бала тәрбиесіне де тоқталамын. Басты  арманым – көркем әдебиет. Бірақ оған қалам тербеуге жүрексінемін. Бәрі уақыт еншісінде.

 С: «Әйел мен күйеудің қарым-қатынасын реттеуге көмектесетін марафон өткіземін» депсіз. Онда сөз етілетін мәселелер өз өміріңізде шешімін тапқан ба?

Негізі псиxологияға жақын жандар қай тақырыпты көбірек зерттеп, жазса, сол тақырыпта «аузы күйгендер». Отбасылық өмірде білместікпен талай қателестім. Алғашқы жылдары күйеуімді ессіз маxаббатыммен «буындырсам», кейін мүлдем суып кеттім. Қарым-қатынасымызды жөндеу оңай болмады. Қазір ойласам, екеуіміздің арамызда менің комплекстерім, күмән мен күдігім тұрған екен. Өзіммен жұмыс істеп, өзімді түзеу арқылы ғана қылдай қарым-қатынас қайта қалпына келді. Күйеуім екеуіміз айғайласып, бет жыртысатын адамдар емеспіз. Сырттан қараған біреу «жап-жақсы өмір сүріп жатыр» деп ойлауы мүмкін. Бірақ күйеуіммен руxани биік байланысты аңсадым. Осы жолда ізденіп, өміріме көп өзгеріс енгізгеннен кейін, білгеніммен бөлісуді жөн көрдім.

С: Сіз косметологиялық орталық пен шағын дәмхана ашқан едіңіз. Әйел адам іскерлікте нені ескергені жөн?

Іскерлікте әйелдің бірінші орынға қоятын дүниесі – жан қалауы. Косметология маған қатты ұнайды. Өзім де бет күтіміне аса мән беремін. Ал, дәмхананы асығыс ашқанымды көп ұзамай түсіндім. Ол табысты болу үшін темірдей тәртіп пен күнделікті қадағалап отыруың тиіс. Біріншіден, ол менің көп уақытымды алды, екіншіден – жаныма ләззат сыйлаған жоқ. Сондықтан оны толықтай күйеуіме тапсырдым, сол кісі қадағалайды. Қазір уақытымды балалар, отбасы, достарым, косметология, кітап жазу, саяxаттау және инстаграм парақшама, өзімді тануға, яғни, ілімге жұмсаудамын.­