СұқбатСырласу қонағы

Мақпал Мыса:  Маңдайыма жазғаны – ақындық ғұмыр

Оның туындылары жүректің нәзік қылдарын тербеп, еріксіз өзіне баурап әкетеді. Махаббат пен мұң, қуаныш пен қайғы, табиғат пен өмірді суреттейтін кәусар жырлары шөліңізді қандыратыны сөзсіз. Біз аспантау елінің үкілеп ұшқан қарлығашы, ақын, Қазақстан Жазушылар және журналистер Одағының мүшесі Мақпал Мысаны әңгімеге тартқан болатынбыз.

Ақындық – тағдыр

Жеті әлемнің билеушісі әу баста маңдайыма жазғаны осы болса керек. Бұл адам таңдайтын сала емес. Ақындық – Алланың сыйы.  Ақындық ғұмырдың нәзік жандылар үшін ауыр жол екені рас. Өлең – ақынның өзі. Ол – жұмбағы шешусіз тылсым әлем. Іштегі шер боп тұнған сүйініш, күйінішің өлең боп туылып, мың жүрекке жол тартады. Мұның жауапкершілігі де ауыр. Жалғыз ғана жұбанышым «Құдай тек адамға өзі көтере алатын жүкті ғана береді». Демек мойныма артылған жүкті көтере алатыныма сенімдімін. Кей-кейде ақындық тағдырға қатысты әңгімені Батыс пен Шығыстан тартып сөйлеуге әуеспіз. Ақынның шығармашылық жан сарайы өмірінің өткендері мен өткелдерінен тұрады ғой. Егер ақын болмағанда, мұғалім болар ма едім деп те ойлаймын. Бала күнімдегі арманым осы еді. Психология саласын жақсы көремін. Адам жанының тереңіне бойлап сырласқанды ұнатамын. Көбінесе адамдар маған сеніммен қарап, бар жан дүниесін ақтарады.

«Жарығы оның – анамның көзі»

Мен кейде нендей тақырып тұрмақ, ертеңгі күнімнің қандай болатынын білмеймін. Себебі әдебиет төңірегіндегі эволюция өте қарқынды жүріп жатыр. Бар білетінім – көзіммен көрген дүниені жаныммен сезініп, ақылмен сараптап, бүкіл бойымнан синтезделіп шыққан дүниені жазатыным аян. Бірақ ол туынды махаббат па, Құдай жайында ма, өмір ме ол жағы белгісіз. Ақынның өмір сүрген қоғамы қандай, жыры да сондай болатыны анық. Ал, қоғамға жыр керек пе өзі? Қоғамның даңғаза шулы былығы төрге озған заманда осы ой жаныңа шаншудай қадалады. Керек болған күннің өзінде де іш пыстырмайтын өлең керек шығар… Себебі адамзат сана тілі күрмеліп, ақыл көзі соқыр болып қалған шақта тұр. Осындай әлемде жаныңды кірлетіп алғың келмей ала қашасың.

«Екеуміз оқитын жырлар да басқа,

Жарығы оның – анамның өзі.

Жаратқан шығар бұл қызды баста,

Ғаламның өзі» деп айта аламын. Өмірдің қара суығында жүрек сәулесімен жылытар өлең жазғанда, даламның бір жұтым ауасы мен анамның жұпар иісі танауыма кіріп, тынысым кеңіп сала беретіндей күй кешемін. Бұл мен түсінер бақыттың өлшемі.

 Тағдырлы жырға тағдырлы ән керек

Мен саналы түрде бұл дүниеге мән бермей келіппін. Әнге сөз жазасыз ба деген сауалға жоқ деп жауап беретінмін. Бірақ өлеңнен әдемі әуеннің сазы туылғанын қаладым. Әнге айналып жатқаны сирек. Өлеңдеріме оншақты ән жазылды. Өмірқұл Айниязов, Бақытгүл Алшын, Сәуле Жұмабай, Роман Майғазиев сынды әншілер орындап жүр. Жақында шыққан «Алыстама» деген өлеңіме сазгер Марат Балмырза замандасым романс ән жазып гитарамен өзі орындады. Маған ұнады. Жүректі жырдың тілі сағыныш ноталарымен үндескен, жаныңды тербейді, толқытады. Өлең мен әуен үндескен сәтте шынайы туынды жарық көрмек. Жырдың да тағдыры болады ғой, ән де әуенін тапты.

Өмірдің өзі – мектеп

Мен саусағымнан сияны сорып жазатын ақындар қатарынан емеспін, бірақ саусағымнан бал тамған тағамдар жасауға тырысамын. Себебі анамын ғой. Үйде әйелдің тірлігі көп. Мен отбасымда кенже болған соң ба, анам сабақ оқиды деп үйдің тірлігіне араластырмайтын. Үй сыпырып жүріп, кітап оқитынмын. Кейін тұрмысқа шыққан соң бәрін өзім істеуге тура келді. Өмірдің өзі – мектеп қой. Білмейтінімді үйрендім. Менен гөрі әпке-жеңгелерім пысық.

Тым биік жауапкершілік

Жұмысым мен ақындығымнан биік жауапкершілік, ол – ана болғандығым. Аналық мінедетім – ұлымды жақсы тәрбиелеп, өсіріп, елдің азаматы етіп шығару. Мен үшін басты қасиеттер – ізгілік пен шыдамдылық. Баламның мінезі маған тартпаған, алғыр болып өсіп келеді. Ойын тура айтады, айтқыштығы бар. Ол менен гөрі көпшіл, ақылды, еңбекқор. Үйге келген қонақпен үлкен адамдарша сөйлеседі. Таңертең ерте тұрып күреске кетеді. Сосын сабағы бар. Аптасына бір рет ментальды арифметикаға барып сабақ алады. Төрт деңгейді үздік бітірді. Футболды қатты жақсы көреді. Алаңқайда доппен ойнағанды ұнатады. Компьютер, телефонға үңілген заманда далада ойнап өскен балалардың денсаулығы мықты, көз жанары да жақсы дамиды ғой. Театрға, кинотеатрға барып тұрамыз. Ал, жазғы демалысымда міндетті түрде сапарға шығып, танымдық саяхат жасаймыз.

Бақытқа лайықпыз

Мэрилин Монроның бір сөзі есіме түсіп отыр. «Әйел сұлу болуға міндетті емес, бірақ бақытты болуы тиіс» деген. Шынымен де жолы жіңішке нәзік жандылар, мына біздер, арулар мен аналар бақытқа лайықтымыз. Бет күтімінің өзіне де жан дүниеңнің сұлулығы, жүрегіңнің, көңіліңнің тазалығы, ішкі тұрақтылығың тікелей әсер етеді. Ажарыма сондай бір керемет күтім жасаймын деп айта алмаймын. Дегенмен ара-тұра анамнан көрген бір тәсіл жұмыртқа, айран жағып, сүтпен сүртіп жүретінім бар.