Бала тәрбиесіОтбасы

Мамандық таңдауға қатысты 8 кеңес

Мектеп бітіретін оқушыларға, яғни, 18 жасқа толмаған балаларға мамандық таңдауды түбегейлі тапсырып қою – сенімсіз. Ата-ананың басты міндеті – баланың бойындағы қабілетін, өзінің қалауын ескере отырып, дұрыс таңдау жасауына көмектесу. «Мұны қалай істеу керек?» десеңіз, біз ұсынған мақалаға назар аударыңыз.

1. кеңес

Баланы еркін ойлауға тәрбиелеу
Шама келгенше, баланы мектеп бітірер кезде емес, дүниеге келгенінен бастап еркін ойлауға үйреткен жақсы. Оны бұрын ескермеген болсаңыз, дәл қазір қолға алғаныңыз жөн. Мансаптық кеңес берудегі басты ереже – адамның жан қалауын ескеру. Яғни, бала мамандықты өзі таңдағаны дұрыс. Адам өзіне не керектігін өзі ғана біледі. Сонда бала мүмкіндігін жіберіп алғаны үшін ата-анасын кінәламайды.

2. кеңес

Сұранысқа ие мамандықтарды білу
Қоғамдағы беделдісіне емес, сұранысқа ие мамандықтарға назар аударыңыз. Мұны білу үшін жоғарғы қызметтер жинағы мен рейтингтерді оқудың қажеті жоқ. Жұмысқа орналасуға көмектесетін, жұмыспен қамту орталықтары мен сайттарын ашып, сондағы бос орындарды нақтылап қарау керек.

3. кеңес

Айналадағы мамандық иелерін ескеру
Кәсіпорындарда ашық есік күндері жиі өткізіледі. Бұл жерде үлкен мақсаттар мен жетістіктер жайлы емес, оған жеткізетін күнделікті жұмыс барысын сұрастырып білу керек. Қаншалықты дұрыс сұрақ қойылса, соншалықты пайдалы кеңес алуға болады. Бала болашақ мамандығын ойлағанда өзінше идея тауып, әр нәрсені қиялдаумен жүреді. Ең дұрысы – шындық пен қиялдың ара жігін ажыратып, жұмыспен жақын танысу. Баланың денсаулығы да жұмысына сәйкес келуі міндетті. Ол үшін арнайы мамандармен ашық әңгімелесу керек. 

4. кеңес

Басқа қалаларда және шет елдерде оқу
Біз басқа мемлекеттердегі оқу орындары түгілі, өз еліміздегі қалаларда қандай оқу орны бар екенін және қай университетте қандай мамандықты оқытатынын білмейміз. Бұл да – ең басты ескеретін дүние.

5. кеңес

Мамандық таңдауға қатысты тесттер 
Мұндай тесттер, әсіресе, интернетте жиі кездеседі. Олар сұрақтарға жалпылай ғана жауап беріп, кейбір ерекшеліктерді ескермейді. Бала болашаққа таңдау жасағанда, мұндай тесттер мен кеңестерге «қатып» қалудың жөні жоқ.

6. кеңес

Сүйікті пәні мен мамандықты шатастырмау
Қарапайым логика: математика пәнін жақсы білсең – «компьютерлік бағдарламашы» боласың, әдебиетке жақын болсаң – «филолог» немесе «журналист» боласың, ештеңе ұнамаса – «менеджер» мамандығына бара қоярсың…
Білімі сәйкес келетін жұмысты таңдап қана қоймай, сол білімін мақсатқа айналдырып, нақты қадамды анықтау керек. Бала сүйікті сабағын емес, сүйікті ісімен айналыса отырып, ақша таба алатын мамандықты таңдауы тиіс. Мүмкін сол пәннен беретін мұғалімі немесе сынып бөлмесі, пәнге арналған кітаптың мұқабасы ұнайтын болар?! Ал мамандық таңдап, жұмыс істегенде бұлардың түкке қажетсіз болуы ғажап емес. 

7. кеңес.

ЖОО түсуге мәжбүрлемеу
Егер бала әлі кім болатынын шешпесе, оған ойлануға уақыт пен мүмкіндік беріңіз. Мектеп бітіргеннен кейін бір-екі жыл жұмыс істегісі немесе ұл балалар әскерге барғысы келсе, жолын бөгемеген дұрыс. Бала шынайы өмірді көріп, ой түйеді. Сол уақыт аралығында өзіне не керектігін түсінеді. Тіпті мүлдем оқу оқығысы келмесе, колледжге түсіруге болады. Мұнда оқу бағасы арзан, емтихандары қарапайым және мамандықты тез игеріп шығады. ЖОО-ын 40 жасқа дейін оқып алса да кеш болмайтынын түсіндіріңіз. Себебі «уақытым өтіп кетті» деп, білместіктен бармақ тістеп жүргендер қаншама?!

8. кеңес

Оқуды аяқтауды талап етпеу
18 жас пен 23 жас аралығында адам күрт есейеді. Студенттің «көзі ашылып», өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрмегендігін ұғады. Өзіне қызықты жұмыс тауып, алдына қандай мақсат қою керектігін түсінеді. Бұл мектеп бітірген кездегі оқушының таңдауынан гөрі саналы таңдау. Мұндай өзгеріс кезінде «оқуыңды бастадың – енді аяқта» деп шектемеген дұрыс. Өйткені жаңа бағыты өзіне де, өзгеге де жақсы әсер етіп, көп пайда әкелуі мүмкін.