СұқбатСырласу қонағы

Біз білмейтін бір бейне: Марал Анарбек

Конферансье – концерттік және  эстрадалық ойын-сауықтарды жүргізуші әртіс. Бұл қазаққа жат өнер емес, бірақ бұл күні олардың орнын әншілер мен әзілкештер басты. Дегенмен, кәсіби маман да жоқ емес, тек оларды жарнамалау мен дәріптеу аздық етіп тұрғандай.

15 жасында даңқты Роза Бағланованың ансамбіне жұмысқа қабылданған ол әншінің барлық мерейтойларын жүргізді. Қазір де өз мамандығының дамуы үшін еңбек етіп келеді. Еліміздің үздік конферансесі Марал Анарбекпен кездесіп, сырласқан едік.

– Марал ханым, әңгімені жалпы конферансье ұғымынан бастасақ және олардың қазіргі деңгейі қандай?

– Бүгінде конферансье мүлдем жоқтың қасы. Бізді оқу орнында «конферансье маманы» деп дайындады. Ол тек концерт жүргізушісі емес, жан-жақты маман иесі. Сахнада түрлі жағдайлар болып қалуы мүмкін, сол кезде үзіліс жасамай көрерменді игеріп отыруы керек. Ол өлең оқып, ән мен әзіл де айта алуы керек. Соңғы уақытта бұл сөз жойылып бара жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мақатаевтың поэзия кешін өткіздім. Сол кезде афишасындағы «Конферанье Марал Анарбек» деген сөзді естіп, Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жекен сынды кісілер «сіздер әлі бар екенсіздер ғой» деп таң қалған. Өйткені қазір концерт жүргізуді әншілер, не болмаса өзгелер атқара беретін болды. Қоғам солай ма білмеймін, бірақ басшылыққа білімі толық емес жастар келе бастағалы осылай бұл мамандық өше бастады. Қазір әнші де, биші де жүргізуші.

– Өзіңіз бұл мамандыққа қалай келген едіңіз?

– Мен бұл мамандыққа бала күнімнен ғашықпын. Әрине, ол кезде конферансье сөзін білмеймін ғой, бірақ өлең оқып, ауылдың кештерін жүргізіп жүретінмін. Сосын 9 сыныпты бітірер кезде «Ұлан» газетінен жарнамасын көріп, Ж. Елебеков атындағы колледждің «Көркемсөз оқу шебері» мамандығына оқуға келдім. «Бұл мамандықты бітірген соң актер де, радио-телеарнада дикторда бола аласың» деген сөздерден кейін тіпті аңсарым ауды. Әрине, ауылда өскен мені үлкен қалаға жіберуге бәрі жүрексінді. Бірақ әкем «Қалап тұр ма, барсын!» деп кесіп айтты. Солай анаммен емтиханға келіп, осы қалада қалдым.

2 курс оқып жүргеніңізде, яғни 14-15 жасыңызда Қазақконцертте Роза Бағланованың ансамбліне жұмысқа қабылданыпсыз. Күміскөмей әншінің жанына қалай келдіңіз?

Біз сабақта жүргенде «Қазақконцерт» ұйымы концерт жүргізушісіне конкурс жариялап жатыр» деді. Ол кезде топта ең кішкентайы мен едім, сондықтан «жұмысқа тұрайын» деген ой менде болмаған екен. Біздің емтиханымызға «Қазақконцерт» директорының орынбасары Алшынбаев қатысып, мені таңдап алыпты. Оны естіген мен аң-таңмын, басқа әлемге келгендей болдым. Тек теледидардан көріп, радиодан тыңдап жүргендердің қасына келдім ғой. Ол кезде өзімді қалай ұстау керек, қай ортада қалай сөйлеу керек деген дүниелерді білмейтін едім. Адасып, өзімді іздеп жүргенде Роза апам бар, оған қоса Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағанбетова, Бағдат Сәмидинова, Майра Дәулетбақова деген сынды майталмандар ақылын айтып, тура жолын көрсетіп отырды.

– Роза Бағланова туралы айтайықшы, ол кісінің қасында жүріп бойжеттіңіз, концерттерін жүргіздіңіз. Қазір қандай естеліктер ойға оралады?

– Ол кісінің қасында үнемі бірге жүрдім десем артық айтқандық болар. Роза апаммен Қуаныш аға Абдухалимов бірге жүретін, сол кісі қыр-сырын жақсы біледі. Мен жас болдым ба, әлде мінезімнен бе, көп сөйлесіп, жақын болмадым. Алғашқы жұмысқа тұрған жылдары апам келе жатса жүрегім дүрсілдеп кететін. Тіпті оның кабинетінің есігін қағу үшін жарты сағат дайындалатынмын.

– Ол кісінің мысы басып тұратын шығар, бәлкім. Жалпы мінезі қандай еді?

– Ол кезде өнер адамдарына деген құрмет ерекше болатын еді. Бағлан апам келе жатқанда аяғының дыбысын естігеннен амандасу үшін дайындалып тұратынмын. Кесіп айтатын, тік мінезді еді. Мен апамның бертіндегі мерейтойларының бәрін жүргіздім. Бұрындары гастрольге шығатын кезіміз есімде қалыпты. Өзге өлкелерге гастрольге шығу үшін бүкіл керек-жарағымызды алып шығатынбыз, аппаратура барлық жерде бола бермейді, тіпті сахнаға төсейтін кілемге дейін автобуспен алып шығатын кезіміз. Автобустың алдында апам отырады, мүлде шаршамайтын, ұйықтамайтын, энергиясы күшті кісі еді ғой. Артта біз ұйықтап жатамыз, әрі-бері қозғалып тағатсызданамыз. Ал ол кісі тіп-тік отыратын. Сосын концерттің алдында ешкіммен сөйлеспей, дауысын дайындайтын. Апаммен сахнада ғана тіл табысқан сияқтымын. Оны халықтың алдына хабарлап алып шығамын, сосын шығарып саламын. Кейде ғана гримдеу бөлмесінде тілдесіп қалатынбыз. Сол сәттің өзінде толқып кететін едім. Бұл бір жағынан үлкенге деген құрмет, этика ғой. Қазіргі таңда кейбір жастарға қайран қалып отырамын, тіпті есікті қағуды білмейтін өнерпаздар пайда болды.

– Қазір ол кісінің мерейтойларына қаншалықты ат салысып жүрсіз?

– Қазіргі таңда ол кісінің мұрасын келіні Марал қолына алған, кештерін де сол кісі ұйымдастырады. Апам дүниеден өткеннен кейін 90 жылдығы еске алу ретінде өтті. Оған  көзін көрген шетелдің жұлдыздары да келді. Одан кейінгі кештерді жүргізу маған емес, өзге әншілерге бұйырды.

– Сырласыңыз бар ма?

– Менде 2-3 қана құрбы бар, солармен сырласып тұрамын. Әйелдер арасындағы достық сирек болады ғой, бірақ маған сондай достықты бұйыртқанына шүкір етемін.

– «Сырласу» тағы бір сырласыңызға айналсын деп сізге журналды алып келдім. Әңгімеңізге рақмет!