ДенсаулықСаулық үшін

Маржан тістің құпиясы

         Әдемі тістер кез келген күлкіге сән беріп, ажарыңызды кіргізеді. Өкінішке орай, көптеген адамдар түрлі тіс ауруларына тап келеді. Сайдың тасындай қатар тізілген қардай аппақ  тістерге жетудің амалы қандай?  Қалаған нәтиже үшін шыдам қажет. Тісті ағарту процесі бірден бола қоятын дүние емес.

Ас содасы. Бұл – байырғы заманда да, қазір өзектілігін жоймаған, кең тараған әдіс. Бір шай қасық соданы медициналық таңғышқа салып, тісті ысып сүрту қажет. Сонымен қатар, тіс пастасына немесе ұнтаққа ас содасын жуған да пайдалы. Пайда болған қоспа ағартушы пасталардан кем түспейді.

Ағартушы гель.  Гельді жұмсақ тіс щеткасы арқылы тіске жағыңыз. Ол ақырындап қата бастайды. Ауызды біраз уақыт ашып тұру керек. Артынша гель эмаль сыртындағы «қондырғымен» бірге сілекейдің көмегімен жуылып кетеді. Бұл – қауіпсіз әдіс. Нәтижені 2-3 апта күту керек.

 Сутегі тотығы. Күн сайын тіс тазалап болған соң 1 минут көлемінде ауыз қуысыңызды сутегі тотығымен шайыңыз. Ауызыңызды ашытқанына шыдаңыз. Күткен нәтижеңіз 2-3 аптадан кейін болады.

Белсендірілген көмір. Белсендірілген көмірді ұнтақтап, тіс щеткасы арқылы «маржандарыңызға» жағып шығамыз. 5 минуттан соң жуып тастасаңыз болады.

Теңіз тұзы. Бұл ас содасы сияқты ежелден келе жатқан әдіс саналады. 1 шай қасық көлеміндегі теңіз тұзына бірнеше тамшы зәйтүн майын тамызасыз. Қоспаны саусағыңызмен тісіңізге және қызыл иегіңізге жағып шығасыз. Осы әдісті күнде таңертеңгісін және ұйықтар алдында 3-5 минуттан жасап тұруға дағдыланыңыз. Бұл тісіңізді ағартып қана қоймай денсаулығын нығайтады.

Ең қауіпсіз әдіс – лимон, алма, сәбіз. Тісті ағартуда лимон қабығы да кәдеге жарайды. Күніне бір рет алма, лимон және сәбіз жеп тұру керек. Жемістер мен көкөніс бойындағы дәрумендерді бойына сіңіре отырып тісіңіз ақ және сау қалпын сақтайды.

Эфир майы. Су құйылған күрішке 2-3 тамшы лимон, апельсин немесе шәй ағашынан дайындалған эфир майларын араластырасыз. Пайда болған қоспамен ауыз қуысыңызды аптасына 2 рет шайып тұрыңыз.

Құлпынай мен ас содасы

Құлпынайдан езбе жасаңыз. Кейін ас содасымен араластырып саусақтарыңыз арқылы тістеріңізге жағыңыз. 5 минут аралығында ештеңе ішіп-жемеңіз. Сумен шайып тастаңыз.  Құлпынай құрамында алма қышқылы бар, сондықтан әсері бірден білінеді. Сода мен қышқылдың қосындысы тіс эмаліне зияны жоқ. Алайда шектен тыс қолдануғада кеңес бермейміз.

Жалбыз, жұмыртқа ақуызы, ас содасы

Жұмыртқаның ақуызын бөліп алып, шай қасықпен сүт қосыңыз. Оған екі ұсақталған жалбыз жапырағы мен бір шай қасық ас содасы араластырылады. Тіс пастасына ұқсайтын дүние пайда болады. Күніне екі рет, таңертең және кешке тісті тазалап жуу қажет.

Қылқан жапырақты ағаштардың шайыры

Шайырды суда қайнатады. Шелпек сынды сағыз пайда болады. Бұл сағызды балалар қуана-қуана шайнайды. Есесіне тістері қатты әрі көз қарықтырар аппақ болып өспек. Ол ауыз қуысын тазалап, емдеу қасиетіне ие.

Сақ болыңыз!

Тіс эмалі мен ауыз қуысының шырышты бөлшегіне зиян келмес үшін қауіпсіздік шараларына баса назар аударғаныңыз жөн. Әрі тіс ағартқаннан кейін түймедақ, сәлбен тұнбаларымен ауыз қуысыңызды шайыңыз. Эмаліңізді нығайту үшін құрамында жоғары мөлшердегі кальциі бар тағамдарды пайдаланыңыз. Барлық сүт тағамдарын әсіресе, сүзбе және ірімшік жеңіз.

Тыйым салынады!

  • Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге,
  • 13 жасқа толмаған балаларға тіс ағарту әдістерін қолдануға болмайды.