ОтбасыОтбасы бюджеті

Маркетологтар сізді қалай алдайды?

20 минутқа ғана дүкенге кіріп, қажет затымды алып шығамын деп ойлап алып, 45 минутыңызды сонда өткізгеніңіз қалай? Сатып алушылардың 20 %-ы сатылымды еріксіз түрде жасайтынын білесіз бе? Анығында мәселе сатып алушыда емес, сатушыда. Олар дүкен арбасына сіздің қалай да көбірек зат салуыңызға мүмкіндік ашып қойған.

1. Кіреберістегі жұмақ
Әдетте дүкендердің кіреберісіне жұпарлы балауызшам орнатылады. Хош иістер мұрын жарып, түрлі түстер көздің жауын алары сөзсіз. Әсіресе жаңа піскен нанның иісі сізді елеусіз қалдырмасы анық.

Кеңес: Егер дүкенге жаңа піскен бәліш үшін келмесеңіз, қақпаннан қашуға қауқар жинаңыз. Бұның барлығы маркетологтардың әрекеті екендігін ойласаңыз да жеткілікті.

2. Азық-түліктің қарапайым түрлері
Сүт пен нан, дәндер дүкеннің қақ ортасында орналасқан. Сондықтан оған жеткенше сізді талай еліктірерлік дүниелер күтіп тұр… Косметика мен қақталған балықтар, ірімшіктер сізге «мөлдіреп қарап тұрары» сөзсіз.

Кеңес: Сатып алу үдерісін ортаңғы қатардан бастаңыз. Себетіңіз толғанда сол тұстан артқа қайтсаңыз, ұтылмайсыз.

3. Байқалмайтын жерде орналасқан қажетті бөлімдер
Дүкен сіздің жұмыртқа іздеп жүріп жеңілдікпен басқа тауарды сатып алуыңызға негізделген.

Кеңес: Дүкенге барардың алдында қажетті заттардың тізімін жасаңыз. Сонымен қатар тізім бойынша толтырылмаған үш орын қалдырып кетіңіз. Сонда қосымша үш зат қана сатып аласыз. Артық шығын жасамайсыз, сәйкесінше көңіл-күйіңіз жоғары болмақ.

4. Әдетте қымбат брендті тауарлар сіздің көз алдыңызда тұрады. Адамның бойын, көзінің тауарға түсу мүмкіндігін есептеп орналастырылған тауарлар дүкенде самсап тұрады.

Кеңес: Тек бір дүкенге ғана бара бермей, сатып алу нүктесін үнемі өзгертіп отырсаңыз, сіз қымбат бренд сатып алуға ұрынбайсыз. Себебі бейтаныс дүкенде сіз бұрыннан алып үйреніп қалған, өзіңізге таныс тауарды іздеуге кірісіп кетесіз. Одан қала берді, бағаларды салыстырып, сөренің жоғарғы және төменгі тұсына көз жүгіртіп шығуды да ұмытпағайсыз.

5. Дәм татудың айласы
Тауар өндіруші тұтынушыға дегустация шарасын өткізуден неліктен қорықпайтынын білесіз бе? Себебі ол сол әрекеті арқылы шығынының өтелетініне сенімді. Адамдарға дәмін көрсету арқылы, сатып алуға мәжбүрлеу түк те қиын емес.

Кеңес: Дүкенге тойып барған дұрыс. Сосын дәмін көрген тағамды сатып алуға міндеттімін деген кінәмшіл ойдан аулақ болыңыз. Дәмін көрген жағдайда неліктен сатып алмайтыныңызды түсіндіруге міндетті емес екеніңізді есте сақтаңыз.

Жеңілдік купондары қажет пе?
Кейбір дүкендер жапсырмаларды жинау арқылы қайсыбір ыдыстарды жарты бағаға сатып алуға ұсыныс жасайды. Сол ыдысты интернет-дүкеннен қарап көріңізші, бәлкім сізге ұсынылған бағадан әлдеқайда төмен шығар.

6. Судан шыққан балықтай
Дүкендердегі мұздың арасында жатқан балық судан қазір ғана шығып, мұзға топ ете қалғандай әсер береді. Анығында ол талай рет мұзға қатырылып, талай рет еріген балық екенін білгейсіз.

Кеңес: Мұзда жатқан емес, тоңазытқышта қатып тұрған балыққа таңдау жасаңыз. Ол арзан әрі дәруменге бай. Себебі ол бірнеше рет еріп, бірнеше рет қатқан жоқ.

7. Алғашқы қатардағы жеңілдікпен сатылатын тауарлар
Анығында сол тауарлардың арзан болуы екіталай.

Кеңес: Бұрынғы бағасы мен қазіргі бағасын мұқият қарап, салыстырыңыз. Екі бағада айырмашылық болса, сатып алуға болады.

8. Касса төңірегіндегі ұсақ-түйек
Касса кезегінде тұрған адамның іші пысады. Ал іші пысқан адамның бір нәрселерді шұқылап тұрғысы келетіні сөзсіз. Сондықтан тәтті кәмпиттер мен сағыздар әдейі осы тұсқа орналастырылған. Ал дүкенге баламен келсеңіз, тіпті торға түстім деп ойлай беріңіз.

Кеңес: Мұндай жағдайда жеке төлем жасауға арналған терминалға жүгінген дұрыс.

9. Алып арбалар
Кейбір гипермаркеттердегі арбаның көлемі кішігірім автокөліктермен бірдей. Кейде 3-4 зат салсаңыз ыңғайсыз жағдайға түсіп, оны да толтырғыңыз келіп тұратыны бар болар?!

Кеңес: Үлкен арбаларды айналып өтіңіз. Егер шынында сүт алуға келсеңіз, себеттің өзі жеткілікті емес пе? Немесе сауда нүктесінде кішкене арбаның да болатынын ескергейсіз