ДенсаулықСаулық үшін

Маркетологтардың қулығы. Пайдалы азық таңдайық!

Дүкенге барған сайын азық-түлік таңдауға бірталай уақытымыз кетеді. Маркетологтар тауарын өткізуді ойлап, бірінен-бірі асып түседі. Содан кейін, «нағыз таза өнім» деп алғанымыз кейде олай болып шықпайтыны бар. Халықтың дені сенетін маркетологтардың қулығын анықтап, сіздерге ұсынуды жөн көрдік.

«Холестеринсіз»

Мұндай белгі, әсіресе, күнбағыс майының бөтелкесінде жазылып тұрады. Өсімдік майында холестериннің болмауы миға қонымсыз. Сондықтан, мұның тек маркетологтардың құйтырқысы екенін біле жүріңіз. Органикалық қоспа тек жануар майында ғана кездеседі.

Расымен жеміс қосылған ба?

Сүт өнімдері сатылатын сөреден сыртында жеміс-жидектердің суреті бейнеленген йогурттың түр-түрін көреміз. Мұндай өнімді сатып аларда жеміс толтырғыштары жайлы ойланғаныңыз жөн. «Құлпынай қосылған», «Шие қосылған» деген жазуы бар йогруттың құрамында табиғи жемістің бір граммы да жоқ, керісінше, бояғыштар мен хош иістендіргіштерге толы болуы әбден мүмкін.

«ГМА-сыз»

«Құрамында Гендік модификацияланған азға жоқ». Бұл жазуды тағам сыртынан жиі көреміз. Мұндай жабыстырманы қазір кез-келген тауардан таба аласыз. Ал, сатып алушылар болса, ГМА (ГМО)-ны бәледей көреді. Егер «ГМА-сыз» деген жазу болмаса өнім өтпей қалуы мүмкін. Осыны ескерген маркетологтар келсін-келмесін азық-түліктің сыртына «ГМА-сыз» деген таңбаны басуды әдеткен айналдырып алған. Сондықтан болар, қарақұмықтың, тұз, тіпті, судың да сыртында осындай жазу бар.

«100% шырын»

Шырын шығаратын компаниялар өз өнімдерінің тап-таза екеніне бізді сендіре алатын шығар. Дегенмен, жалған ақпарат екенін дәлелдеп тұратын қосымша мәлімет қалдырып кеткендерін тез ұмытады. Сондай кең таралған әдістің бірі «100% сапа» деген жазу. Оған көп сенудің қажеті жоқ.

Мемлекеттік стандарт (ГОСТ) — демек, алу керек

Мемлекеттің стандартқа сай деген таңбаны көрген адам еш қамсыз тауарды сатып алады. Себебі, сенеді. Алайда, қаптаманы тағы мұқият қарағаныңыз жөн. Мемлекеттік стандарттың да түр түрі бар. Мысалы, ТЖ (техникалық жағдай). Бұл арқылы өндіріс иесі тауарды шығару үшін қандай техникалық жағдайды қолданғанын білуге болады. Аталмыш стандарт бойынша түрлі Е-қоспаларды қосуға рұқсат етеді. Оның ішінде адам ағзасына қауіптілері қаншама?!