СұқбатСырласу қонағы

Марзия АХМЕТОВА: Modest fashion – жан қалауым

Марзия - сән әлемінде өз қолтаңбасы бар дизайнер. Ол Қазақстандағы сапасы мен бағасы үйлескен modest fashion стиліндегі Mariza d’Shyrak брендінің негізін қалаған. Яғни, мұсылман қыз-келіншектеріне арналған жабық әрі сәнді көйлектерімен талғампаз жандардың көңілінен шығып жүр.

638Қаралымдар

Көп балалы ана болуды армандадым

Бала кездегі  жеке өзіме қатысты арманымды айтар болсам, сәбиімнің көп болғанын қаладым. Әрдайым өзімді көп балалы ана ретінде оларды өсіріп, тәрбиелей алатынымды елестетінмін. Қазір, Аллаға шүкір, 4 қызым бар. Жолдасым екеуіміз сол балаларымыздың тәрбиесімен айналысып келеміз. Мамандыққа келер болсам, неге екенін білмеймін, әрдайым психолог болуды армандайтынмын. Алайда, экономист мамандығын оқыдым. Сосын, мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Қазір дизайнермін. Айтпақшы, адамдар менен отбасы жағдайына байланысты  жиі кеңес сұрайды. Сондықтан, болашақта коуч немесе ментор болатын шығармын (күліп). Бала күнімнен суретті жақсы салып, тігін тіккенді ұнататынмын. Әрдайым бизнеске, математикаға қызығушылығым басым болды. Осы бағыт бойынша өзімді дамытып, дизайнерлік туралы мүлдем ойламадым.

Көбі мені туризм саласынан таниды

«MSK-travel» туристік агенттігінің директоры болғаным бар. Бір уақытта Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларындағы екі бірдей филиалды басқардым. Осыдан бір жыл бұрын өзім үшін оңай болмаған шешімді қабылдап, туристік компанияның қызметін тоқтаттым.  Бұл саладағы жұмысым білім мен мансап арасындағы көпір болып еді. Халықаралық экономикалық қарым-қатынас маманы ретінде адамдардың саяхатын ұйымдастырдым.

Бұл кәсіппен қатар fashion-бизнеспен айналысып жүргенмін. Барлығына үлгеру мүмкін емес екенін түсініп, fashion-брендімді дамытуды қолға алдым. Әрі 4 баланың тәрбиесіне көңіл бөлу үшін уақыт, күш керек. Дәл қазіргі күйімді саналы түрде таңдадым. Дегенмен, туризм саласын біржола тастап кетпедім.Себебі, өзім саяхаттағанды ұнатамын. Әсерлі сапарларым туралы ойыммен бөлісіп, пайдалы ақпараттар беріп отыруды Инстаграмдағы жеке парақшамда жалғастыра беремін. Блогымда бала тәрбиесі, ас мәзірі, жұмыс барысын, мата таңдауды, modest fashion стилі жайлы жазамын.

Брендтің Mariza d’Shyrak деп аталуы кездейсоқ емес

Сүйікті әкем бала күнімде мені еркелетіп француз мәнерімен осылай атайтын. Брендке ойланбастан осы атауды бердім. Сонымен қоса, Франция ежелден сән мен сұлулықтың жаршысы саналады. Бұл жерде анамның да еңбегі орасан зор. Ол кішкентай күнімнен талғамымның биік болып, киім түстерін дұрыс үйлестіруді үйретті. Брендтің негізі – көйлек. Әйел көйлек киген кезде өзін патшайым сезінетіні құпия емес. Қазіргі ұрпаққа киімнің тап-тұйнақтай болуы керек екенін жеткізгім келеді. Бір бөлігіңнің ашық тұрғаны сізді стильді етіп көрсетпейді. Салтанат та сыйламайды.

Менікі – халал кәсіп

Мені әйелге тән нәзіктік шабыттандырады. Қыз-келіншектердің көйлекпен, әсіресе, ұзын көйлекпен жүргенін құп көремін. Көйлек пен әйел бірін-бірі толықтырып, айналасына сұлулық, мейірім сыйлап тұратын секілді. Табиғаттың заңына қайшы келмейді. Міне, сондықтан менің брендімдегі көйлектердің барлығы ұзын. Біріншіден, киімдердің стилі ерекше. Біздің барлық көйлектеріміздің етек-жеңі ұзын, жабық. Екіншіден, сапалы. Тек сапалы, қымбат маталарды қолданамын. Сонымен қатар, тігіс сапасына да өте қатты мән беремін. Біздің кәсібіміз – халал. Яғни, несие алмаймын. Таза саудадан түскен ақшамен кәсіпті жүргізіп келемін.

Мен үшін тренд – modest fashion

Сөзбе-сөз аударар болсақ, modest қарапайым деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл киімнің қарапайым формасы. Байқағаным, қазір modest стилін тек мұсылман қыз-келіншектер ғана емес, сонымен қатар діни көзқарасы бөлек әйелдер де таңдайтын болған. Олар осылайша, өздерінің ой-өрісін сырт бейнесі арқылы көрсетеді.

Иә, modest fashion – жан қалауым. Өзім де осы стильмен киінемін. Біздің нарықта мұндай стильдің жетіспейтінін байқадым. Болған күннің өзінде көбі арзан, сапасы төмен матадан тігілген, не бір-біріне ұқсайды, не өте қымбат. Сондықтан, еліміздегі қыз-келіншектер үшін бағасы мен сапасы бірін-бірі толықтырып тұратын брендті өмірге алып келдім.

Сән көрсетілімдерінен бас тартып жүрмін

Негізі, мені көптеген көрсетілімдерге шақырады. Мәскеудегі, Дубайдағы, Ыстамбұлдағы сән көрсетілімдеріне шақырған еді. Жақында ғана Чикагодан хабарласып, өткелі жатқан сән апталығына дизайнер ретінде қатысуымды сұрады. Бірақ, барлығынан бастартып жүрмін. Қазір айналымды көбейту мақсатында жұмыс істеп жатырмын. Уақыты келгенде қатысамын.