СұқбатСыр-сұқбат

Матлюба Матаева: Жүректен шыққан дүние – жүрекке жетеді

Матлюба Матаева – сән әлемінде өзіндік бояуы бар «Мatlyuba_atelier» брендінің негізін салушысы, «Менің мезгілсіз мемуарым» атты кітабының авторы. Еліміздегі қиын кезеңдердің бірінде өз кәсібі мен өмірлік жолын тапқан отандық дизайнер мақсатқа жетудегі  басты қағидаларымен бөлісті.

«Кәсіп ашарда атына ерекше мән беріңіз. Себебі бизнесте қарсыластарды сол атаумен-ақ жеңуге болады».

С: Матлюба ханым, әңгімемізді өзіңіздің жеке брендіңізден бастасақ. «Мatlyuba_atelier» дүниеге қалай келді?

– Мамандығым – инженер-химик, технолог. 90-жылдары болған еліміздегі экономикалық дағдарыс барша халыққа әсер етті, көбісі жұмысынан айырылды. Мен ол кезде кіші қызыммен декретте отырған едім. Сол жылдары көршілеріміз келіп, киімін тігіп, жамап беруімді өтінетін. Негізінде тігіншілік жай ғана хоббиым болатын. Уақыт өте халықтың өзі мені тігінші атап кеткен еді. Бір күні көршімнің үйіне барсам, блузка тігіп отыр екен. Айтуынша, жұмыстағы бір кісі пішіп беріпті. Оны көріп, мен де әлгі киімге қызықтым. «Маған да пішіп берсе, өзім тігіп аламын» дедім. Сөйтіп, базарға барып екі метр мата алып, әлгі әйелге беріп жібердім. Содан кескіні қолыма тигенде үйге келе сала блузканы тігуге кірістім. Ол кезде дүкендерде түйме де жоқ. Сонда қыздарымның ескі көйлектерінің түймелерін алып, өзіме блузка тіктім. Нәтижесі керемет шықты. Оны киіп, банкте жұмыс істейтін досымның туған күніне бардым. Сөйтсем, қонаққа бірнеше әріптесі келген екен. Бәрі блузкамды көріп, қай елдікі екенін сұрай бастады. Өзімнің қолымнан шыққан дүние екенін білгенде «маған да тігіп берші» деп арты-артынан тапсырыс жасай бастады.

Сөйтіп 4-5 тапсырыс алып алдым. Алайда ол жылдары сонша блузкаға мата сатып алуға қаржылық жағдайым болмады. Сол себепті базардағы сатушыға бұйымтайымды айтып, матаны қарызға бере тұруын өтіндім. Ол кісі түсіністік танытып, «қалаған түсіңді ал» деп, 22 метр мата берді. Осылайша, тапсырыстан тапсырыс шығып, қарызымнан да құтылдым. Тігіншілік жолымда жаны жайсаң, керемет адамдар кездесті.

Содан соң жарты жылда тапсырыстар көбейіп, жаныма көмекші ала бастадым. Кейінірек кішігірім пәтерімнің бір бөлмесін тігіншілікке арнадым, ал үлкен үйге көшкенде, оны түгелдей тігін цехына айналдырдым. Уақыт өте келе өз ательемді де аштым.

С: «Мatlyuba» есімінің тарихын айтып беріңізші?

– Матлюба – менің есімім. Атымды естігендер оған қызығушылық білдіріп, қай ұлттың есімі екенін сұрап, таңдана бастайды. Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Анам перзентханада 13-і баласын дүниеге әкелген өзбек әйелімен бір палатада жатыпты. Бірнеше күннің ішінде екеуі қоян-қолтық араласып кеткен екен. Сол кезде әлгі әйел анама «қызыңа менің 12 қызымның біреуінің есімін қойшы» депті. Қыздардың есімі бірінен бірі өткен әдемі болыпты. Анам қайсысын таңдарын білмегенде, өзбек әйел: «ішіндегі іскері әрі адамның бабын таба білетіні – Матлюба» деп, мені осы есіммен атапты. Бүгінде ательенің аты да Матлюба қойылды. Кәсіп ашарда атына ерекше мән беріңіз. Себебі бизнесте қарсыластарды сол атаумен-ақ жеңуге болады дегім келеді.

С: Сіздің қолыңыздан шыққан туындыларды танымал тұлғалардың үстінен жиі көруге болады. Өзіндік қолтаңбаңыз бар. Жаңа топтаманы өмірге әкелген кезде неге мән бересіз?

– Танымал тұлғалардың өзі бізге хабарласып, көйлекке тапсырыс береді. Олар қанша әйгілі болса да, мен оларды жақсы білмеймін. Адамға киім тікпес бұрын оның жан дүниесін білгім келеді. Сол себепті зерттей бастаймын. Мен үшін бізге сенім артып келген адам жұмысымызға риза болып кетсе, сол маңызды. Ақшаны бірінші орынға қоюдың қажеті жоқ. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді. Сол себепті образдар шын жүректен шығуы қажет.

Өмірге жаңа дүние әкелмес бұрын ең әуелі кіші қызым әрі серіктесім Динамен шет елден жаңа дизайндағы маталарды сатып аламыз. Олар келеді дегенше арада бір ай өтеді. Мен сол уақыт аралығында одан не тігуге болатынын ойластыра бастаймын. Журналдарды ақтарып, Коко Шанель, Карл Лагерфельдтердің бұрынғы киім үлгілерін қарай бастаймын. Өзім ұнатқан бір жерлерді түртіп қоямын. Сәнгерлердің туындыларын көшіріп алған дұрыс емес деп ойлаймын. Дегенмен олардың жұмыстарымен санасу қажет.

С: «Мatlyuba_atelier» брендінің болашағы туралы не айтасыз?

«Мatlyuba» брендінің болашағы жарқын болады деп сенемін. Себебі карантиннің өзінде тоқтамай жұмыс істедік. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ер мен әйелдерге, балаларға арналған спорт киімдерін тігіп жатырмыз. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сондай-ақ, жақын арада өзіміздің жеке сайтымыз пайда болмақ. Болашақта YouTube желісінде де өз арнамыз болады. Ол жерде киімдерді бір-бірімен үйлестіру жолдарын көрсетіп, пайдалы ақпаратпен бөлісеміз.

Алматының қақ ортасынан сән үйін ашуды армандаймын. Ол арманның артында да арман жатыр. Дейтұрғанмен, арманым орындалады деп сеніммен айта аламын.

С: Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?

– Бос уақытымда жаяу жүргенді, спортпен айналысқанды ұнатамын. Сенбі, жексенбі күндері 11-15 шақырым жаяу жүремін. Мәселен, үйден таңғы 8-де шықсам, түскі 12-де келемін. Ол уақытта біраз нәрсені ой елегімнен өткізіп, өз-өзіммен тілдесемін. Сонымен қатар, күн сайын гантель көтеремін.

С: Сіздіңше жетістікке жетудің сыры неде?

– Жетістікке жетудің бір жолы – адамдарды жақсы көру, өз ісіңді адал атқарып, өзгеден өзіңді жоғары санамау. Кейде клиенттеріміз келіп, өзінің сырларын айтқысы келеді. Бұл олардың бізге деген сенімін айқындап тұр. Сондай-ақ, өзіңмен бірге жұмыс істейтін адамдарды сыйлап, жақсы көру қажет. Ең бастысы, адамда тәкәппарлық болмауы керек. Қол астыңдағы қызметкерге оның бір саты төмен екенін көзіне шұқуға болмайды. Керісінше, терезені тең ұста. Сол кезде олардың сізге деген жақсы қарым-қатынасын байқайсыз.

С: Журналымыздың оқырмандарымызға қандай кеңес бересіз?

– Өмірде ештеңе оңай жолмен келмейді. Жеңілдің астымен жүруден қашу керек. Тынбай еңбек еткен жанды атақ та, абырой да өзі іздеп табады. Адам бойынан тапқан кемшілікке байланып қалмауы керек. Оқушы кезінде математика пәнін нашар оқыған баланың уақыт өте есепшіге айналуы мүмкін. Сол секілді сіз де өз мақсатыңызды анық белгілесеңіз, бар кемшілігіңізбен мақсатыңызға жетуіңіз – хақ! Адамға керегі – күшті сенім. Өз-өзіңізге деген сенім орнамайынша, не іс жасасаңыз да, ол текке төгілген су мен тер секілді болады.

С: Матлюба ханым, салалы да салиқалы сұқбатыңыз үшін рахмет!