Сұқбат

Майя ЖАУЫРОВА: Calgel–әдемілік пен тиімділік

Майя ханымды заман талабына сай бизнес-ханымдардың үздік үлгісі десе болғандай. Себебі ол кәсіпқойлығымен қатар, сүйікті жар, аяулы ана, ибалы келін. Бұл сұхбаттан сіз Жапониядан әкелінген тырнақ бояуы және оны елімізде өркендетіп отырған Майяның табиғатымен жақын таныс бола аласыз.

Майя, сізді көпшілік Қазақстанға Calgel биогелін әкелуші ретінде біледі. Бұл салаға қалай кірісіп кеттіңіз?

МЖ: Мен әуелде мүлде басқа саладағы кәсіпті жүргіздім. Бизнес болған соң, өркендеу мен құлдырау қатар жүретіні анық. Сондай бір кездері өзіме маникюр жасатып жүрген қыз тырнаққа арналған осы биогельге қатысты бизнес жобаны айтып, инвестор ретінде бірге жұмыс істеуді ұсынды. Мен ойланып, Calgel биогелі туралы жақсылап іздендім. Бұл жапондық әдіс 2016 жылы Қазақстанға әлі келмеген еді. Сөйтіп оны ұнатып, байқап көруге бел буып, Жапониямен байланысқа шықтық. Хат жазып, рұқсат алып, келісімшартқа отырдық. Ол жақтан арнайы шеберлер келіп, біздің қыздарды үйретті. Сөйтіп 2017 жылдың сәуірінен бастап жұмысқа кірісіп кеттік. Содан бері даму үстіндеміз. Екі жылдың ішінде тұтынушылар саны артып, тұрақты келушілеріміз көбейді. Мұнда бір адамның бірнеше рет келуі –біздің жұмысымызға ризашылығының көрсеткіші деп білемін.

Calgel биогелінің ерекшелігі неде? Гель-лактан айырмасы қандай?

МЖ: Гель-лак және кәдімгі тырнақ бояуларытырнаққа уақытша сән бергенмен пайдасын тигізбейді. Ал, жапондық маникюр – тырнақты әдемі етумен қатар оны қатайтып, емдейді. Сынғыштық, қабыршақтануды болдырмайды. Биогель қанша қабат жағылса да, тырнақ табиғи көрінеді. Гель-лак сияқты лампада кептіріледі және онымен тырнақ өсіп кеткенше алаңсыз жүруге болады. Гель-лактан соң, тырнақ жұқарып, қабыршақтанса мұнда оның ешбірі де орын алмайды. Арнайы құралмен оңай шешіледі. Сондай-ақ, Гель-лактан тырнақты біршама уақыт демалдырып тұру керек болса, биогельде араға уақыт салудың қажеті жоқ. Мұны жүкті әйелдер де жасата алады. Себебі,Calgel еш зиян келтірмейді.Биогельдің өздігінен түсіп қалу, сырылып кетуі мүмкін емес.

Бір сұхбатта «бұрын көп уақытымды жұмысқа арнадым» деген екенсіз. Жалпы, әйел адамның жұмысбасты болуы қаншалықты дұрыс немесе бұрыс деп ойлайсыз?

МЖ: Иә, балаларыма көп уақыт бөле алмағыныма өкінген кездер болды. Олардың қалай өсіп кеткенін байқамай қалдым. Ол кезде біз жеке бизнесті енді ғана бастаған едік. Мен бастаған ісімді аяғына дейін жеткізбей қоймайтын адаммын. Не нәрсені қолға алсам да, сапалы әрі әдемі етіп жасауға тырысамын. Ал, бизнес әрдайым алға жылжып отыруды талап етеді. Сондықтан жұмысбастылыққа салынған кездер болды. Балаларымның арасында үлкен алшақтықтың болуы да соның салдары болса керек. Қазір үлкен ұлым Асқар 17 жаста болса, екінші ұлым Әлімжан 11 жаста, ал қызым Амели 2 жасар.

Алайда біз күйеуім екеуміз бәрін нөлден бастаған адамдармыз. Алғаш үй сатып алғанда, көлікке ие болғанда қалай қуандық десеңізші! Бәрі кешегідей көз алдымда. Сондай керемет сезім. Әр нәрсеге шынайы қуана білдік.Қазір бизнесте қандай биіктерге жетсем де отбасының басшысы жұбайым екенін ұмытпаймын. Оның рөлі әрқашан да жоғары. Барлық жағдайда соңғы сөзді сол кісі айтады. Қай істі қолға алсам да, мені қолдап, барынша сенім білдіреді. Мен де басқа әйелдер сияқты үй жұмысымен айналысып, түрлі тағамдар жасаймын. Демалыс күндері балаларыма тәттілер пісіріп беремін. Отбасыңмен бір дастарқанда бас қосу –жанға жылулық сыйлап, алға жылжуға күш беретін ең керемет сәт қой. Сондықтан қазір отбасыма көп көңіл бөлемін. Ата-енемнің, қайын жұртымның алдын да өз міндетімді ұмытпаймын.

 Ата-ана тәрбиесінен ұмытылмас қағида бар ма?

МЖ: Өзім ауылдан, қарапайым отбасынан шыққан қызбын. Анам есепші, әкем құрылысшы болған. Сержан атты ағам бар. Бала күнімізде біреудің үйінде қонақ күтіп, қандай да бір жұмыс істеу керек болса, анам сол үйге ең бірінші бізді жіберетін. Сонда ағам екеуміз «неге біз ғана бара береміз, басқалар да көмектеспей ме» деп ренжитінбіз. Баламыз ғой. Сонда анам «қандай жұмыс болса да барыңдар, өздеріңе керек болады» деп жіберетін. Анамның сол әрекетін өзім ана болған соң ғана жақсы түсініп жатырмын.

Анам оған қоса, бізге еркіндік берді. Ісіміз шала, тіпті нашар болса бізге ешқашан «мынауың дұрыс емес» деп немесе біз істеген затты қайта түзеген емес. Әрқашанда «Дұрыс! Рақмет! Бәрекелді» деп мақтап отыратын. Отбасында салт-дәстүрді ұстанып, оны құрметтеп, үлкендерді сыйлау, қорғансызға қол ұшын созу сияқты қазақы тәрбиені көріп өстік. Кішкентай кезімде болашақ жұбайыма және оның отбасына құрмет көрсету сияқты кеңестерді үнемі айтып отыратын. Соның арқасында отбасымның ұйытқысы бола алдым деп ойлаймын. Қазір өз балаларымды сол алған тәрбиеммен иманды әрі төзімді етіп өсіруге тырысып жүрміз.Бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің бәрі ата-анамның және олардың тәрбиесінің арқасы деп білемін.

Балаларым деп жатсырсыз. Олар туралы айтқанды жақсы көретін сияқтысыз?

МЖ: Әрине, олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Ата-анамнан алған тәрбиемді соларға сіңіруге тырысамын. Мысалы, үлкен ұлым бала болғасын кейде сабақтарға барғысы келмей еркелейтін. Мен ондайда бәрін өзбетінше шешіп үйренсін деген мақсатпен «Апайыңмен өзің барып сөйлес, бара алмайтын себебіңді айт, сабақты басқа күнге ауыстыр. Сабақтан бекер қалу дұрыс емес» деп үйрететінмін. Соның арқасында үйдегі, сабақтағы тәртібіне мұқият болып, адамдармен өзі үлкендерше қарым-қатынас жасай алады. Ал, Әлімжан қызым дүниеге келгенше ерке болып өскен соң ба адамның бәрін жақсы көріп, қуантып, сыйлық жасағанды ұнатады. Екі ұлым да өнерге жақын. Күйеуімнің әкесі – дирижер. Сол кісінің қабілеті балаларыма берілсе керек, бірі ән айтып, музыка шығарса, бірі актерлік шеберлікте оқып жүр. Қызым туралы айтсам, ол дүниеге келгенде өмірге деген көзқарасым да өзгерген сыңайлы. 2017 жылы осы сұлулық әлеміне келуіме, бизнес бағытымның өзгеруіне де ықпал еткендей. Бүгінде бала бақшаға барып, тәтті қылықтарымен көз қуанышым болып жүрген жайы бар.

Өзіңіз де ән айтқанды жақсы көреді екенсіз. Музыкамен тұрақты түрде айналысасыз ба?

МЖ: Музыканы жаным сүйеді. Бала күнімде әнші болуды армандайтын едім. Төрт жастан бастап сахнаға шығып, мәдениет үйлерінде, мектепте ән айтып, би биледім. Бірақ ата-анам «Әншілік кәсіп емес, одан да есепші мамандығын алып шық» деп кеңес берді. Десе де, өкінбеймін. Бизнесті дамытуда осы мамандығым өте жақсы көмектесті. Соның арқасында бәрін ойластырып, есептеп, жоспарлаймын. Ал, қазір вокалдан сабақ алғанмын. Кейде маған «музыкалық білімің бар, дауысың жақсы, байқап көрмейсің бе?» деп жатады. Алайда ән айту әзірге –күш-қуат беретін хоббиім ғана.

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

МЖ: Діттегенім – бір орында тұрып қалмау. Әрине, өмірде бәріне қолыңды бір сілтей салғың келетін сәттер болады. Бірақ ондайда өз-өзімді қамшылап, жігерімді жасытпаймын. Егер адам алға жылжып отырса, ойлағанына міндетті түрде жетеді. Ісім дәл ойлағандай болмаса да, тоқтап қалмауды жөн санаймын.Өзімнен кіші жақындарымаәрдайым оптимист болу керектігін айтып отырамын.Біреу саған бірдеңе әкеп береді деп күтудің қажеті жоқ. Ең бастысы – шыдамдылық керек. Өмір бойы осы қағидамен өмір сүріп келемін.

Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?

МЖ: Қазіргі мақсатым –Calgel биогельді дамыту. Бүгінде қыздарымыз үлгермей, жаңадан мамандар даярлап жатырмыз. Оған қоса тырнақ сәндеуді үйрететін академияны іске қосып, тек біз ғана емес, басқалар да өз бизнесін аша алатындай етіп жасауды жоспарлап отырмыз. Мұнда оқуға келгендер маникюр, педикюрді және биогель жасауды үйреніп, арнайы сертификатқа ие бола алады. Жапония жақында ғана бізге осындай мүмкіндік берді. Оқу уақыты 5 күннен басталып, бірнеше күнге созылады. Бағасы 30 мыңнан басталады. Оның ішіне тырнақты сәндеудің түрлі әдістері кіреді.

Ал, гельді жасату бағасы шеберлердің категориясына байланысты. Жоғары кәсіби маманның қызметі қымбат тұрса, тәжірибесі аздау мамандардыкі арзандау келеді. Гельдің құрамы бірдей. Сондықтан тұтынушы қайсысына жасататынын өзі таңдайды. Кәсіби мамандар жылдам жасап берсе, жас мамандар ұзағырақ жасайды.

Кәсібіңізге толағай табыс тілейміз!

Сұқбаттасқан Гүлнәзия ӘБУОВА