Бала тәрбиесіОтбасы

Мазасыз ана: гиперқамқорлық және оның кесірі

Ата-ана махаббаты мен қамқорлығының шегі болуы қажет: ананың шамадан тыс қамқорлығы балаға да, ананың өзіне де зиян. Шамадан тыс қамқорлық неге әкеледі және  конструктивті емес қарым-қатынастарды қалай өзгертуге болады?

Балаға алаңдау әр ана үшін қалыпты жағдай. Бірақ алаңдаушылық пен гиперқамқорлық арасындағы тепе-теңдікті ұстау аса маңызды.

Шектен тыс қамқорлық

Баласына қатты алаңдайтын ата-аналардың балалары өздігінен шешім қабылдау мен кедергілерді жеңу мүмкіндігінен айырылады. Мысалы, баласы үшін мазасыздануға еті үйренген анаға қазіргі уақытта сәбиінің тамақ жегісі, ұйықтағысы немесе ойнағысы келетіні маңызды емес, бұл жерде ең бастысы – ананың жеке қалауы.

Көп ата-аналар бес саусақ бірдей емес екендігін түсінбейді, яғни ұлы мен қызының мүлде бөлек жаратылыс екендігін ұғынғысы келмейді. Әке-шешеге балалары өздеріне ұқсас сияқты болып көрінеді. Мұндай ата-аналық позицияны қалыпты, сау позициядан ерекшелендіретін нәрсе – барлығының шамадан тыс болуы: қамқорлық, қорғаныш болу, алаңдаушылық, қорқыныш.

 

 

 

Шамадан тыс қамқорлықтың екі негізгі түрі бар:

1-тип: Бала – отбасының орталығы.

Өзге жанұя мүшелерінің бар-жоғы маңызды емес, бастысы – бүлдіршіннің қалауы! Мұндай отбасыларда балалардың барлық қажеттіліктері бірден әрі асыра орындалады. Сонымен қатар гиперқамқоршы ата-ана сүйікті баласын бүкіл әлемнен қорғауға дайын тұрады. Ата-ана баланың өзін дұрыс ұстамайтынын немесе отбасындағы балаға деген көзқарасты оның игілігі үшін өзгерту керек деп айтуға тырысатын жандармен жанжалдасуға дейін барады.

2-тип: Баланың ой-пікірімен ешкім санаспайды.

Гиперқамқор ата-ана үнемі үстемдік етуге бейім, бала үшін бәрін өздері шешеді. Әке, яки ана «Мен әрқашан Сенен ересек әрі ақылды боламын, сондықтан да сен үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін мен ғана білемін» ұстанымы бойынша әрекет етеді. Ересек адамның шектен тыс қысымы баланың жасына сай емес, оның қолынан келмейтін талаптарды қоюда да білінеді.

Осылайша, гиперқамқор ана немесе әке баланың өмірін толығымен бақылауға алуға тырысады, өйткені сәбилерін өз меншігі ретінде санайды. Мұндай баланың жеке кеңістігі, ата-анасынан ешбір құпиясы болмайды: жеке күнделік, телефон, электронды пошталары да кез келген уақытта тексеріліп, ата-ана пікір қалдыра алады.

 

Өскен сайын…

Гиперқамқорлық қалыпты саналатын кезең бар. Сәби өмірінің алғашқы алты айында ана мен бала симбиозда, бір-бірінің ырығына бейімделіп, үндестікте өмір сүреді. Бұл – айдан анық жағдай, өйткені жануарлардың баласына қарағанда адам баласы мүлдем дәрменсіз туылады. Ата-анасы оған толығымен қамқорлық жасайды – нәресте әке-шешесінің абсолютті, толыққанды қамқорлығынсыз өмір сүре алмайды. Дейтұрғанмен, бүлдіршін ержетіп, мектеп жасына дейінгі бала, содан кейін мектеп оқушысы атанғанда, жағдай өзгеруі тиіс. Уақыт өте  оған тәуелсіз болуды үйретіп, таңдау мүмкіндігін беріп, өз қанатыңыздың астынан шығаруыңыз қажет.

Жасөспірім кезеңде жағдай өзгере бастайды, тіпті қауіпті болуы бек мүмкін. Бұл, ең алдымен, жас ерекшеліктеріне байланысты. Бала ата-анасынан толық тәуелсіз болуды үйренуі керек: жеке тұлғалық, ал сәл кейінірек кәсіби тұрғыда өзін-өзі анықтау, өзіндік дүниетанымын қалыптастыру процесі басталады.

Мұндай тәрбиенің астарында не жатыр?

  • Гиперқамқорлыққа бейім ата-ананың шамадан тыс мазасыздығы.
  • Адамдарға сенім арта алмау әрі соның салдарынан гипербақылау, баланың барлық мәселелерін өз мойнына алуға тырысу.
  • Өмірге деген қызығушылықтың болмауы, қарым-қатынастың кең ауқымы. Ата-ана бүлдіршінді толығымен өз ырықтарына көндіріп, олардың ойынша бала тек соларға тиесілі болуы керек.
  • Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасындағы мәселелер, яғни жұптың толық болмауы.
  • Икемділіктің болмауы.
  • «Үздік оқушы синдромы». Ата-ана: «Менің балам – мінсіз, егер ол мұндай болмаса, мен одан мінсіз адам жасаймын».

Гиперқамқорлықтың салдары

Өкінішке қарай, сәби үшін асыра алаңдаушылықтың салдары жаман болуы мүмкін. Психолог мамандар мұндай тәрбие түрінің жағымсыз салдарын еске салады:

  1. Бала неғұрлым кішкентай болса, соғұрлым оны басқарып, бақылауда ұстау оңайырақ, сондықтан да шектен тыс қамқор ата-ана саналы немесе бейсаналы түрде баланы балалық шағында «ұстап қалуға» ұмтылады, оның өсу құқығынан айырады.
  2. Балада дәрменсіздік синдромы қалыптасады: ол таңдау жасауды, шешім қабылдауды және тұтастай алғанда өзі үшін жауапты болуды білмейді, өйткені ол мұндайды басынан кешірмеген.
  3. Гиперқамқор отбасыларда айналасындағы адамдарды өз мүдделеріне сүйене отырып, қолшоқпарына айналдыратын нағыз манипуляция шеберлері ер жетеді.
  4. Балада тәуелділік пен невроздар пайда болады. Мысалы, қорқыныш невроздары, іс жүзінде оны мамандарсыз шешу мүмкін емес.

Шешім

Кез келген ата-ана кейде өздерін сырттай бақылап, баласымен қарым-қатынас стилі гиперқамқорлыққа қаншалықты ұқсас екендігін бағалауға тырысқаны дұрыс. Ал егер өзіңіздің «мазасыз ана» екендігіңізді ұғынсаңыз, Сізге қателіктермен жете жұмыс істеу қажет. Әлбетте, адамның өз-өзімен жұмыс істеуі – өмірдегі ең қиын міндеттердің бірі. Алайда баламен қарым-қатынасты өзгертудің өзіндік жолдары бар:

  1. Балаңыздан белгілі бір мәселеде қалай әрекет еткенді жөн санайтындығын жиі сұрап тұрыңыз. Бірақ сұрастыру оны жауапқа тарту керек дегенді білдірмейді!
  2. Уайымыңызды басқа ата-аналармен бөлісіңіз – бұл Сізге шынайы болуға, жағдайды сырттан, бақылауға көмектеседі.
  3. Диктатураға жол жоқ! Жанұялық кеңестерде бірлескен шешімдер қабылдаңыздар. Балаңыздан көмек немесе кеңес сұрай алатын дүниелерді табыңыз.
  4. Балаңызбен бір іс жасаңыз, бірақ оның қолынан келмей жатқан жерлерде балаңызды сынға алмаңыз. Бірлесіп сурет салу таптырмас шешім болмақ.
  5. Бала жас ерекшеліктері туралы кітап оқыңыз және балаға қойылатын талаптарды қайта қарастырыңыз.
  6. Өз өміріңізбен айналысыңыз және отбасылық проблемаларды баланың көмегімен шешуді тоқтатыңыз.
  7. Көптен бері не істегіңіз келетінін еске түсіріңіз және хоббиге уақыт табыңыз.

Ұқсас мақалалар:

Бала тәрбиелеуде ата-ана ұстанатын 6 стиль

Бақытты бала тәрбиелеңіз