Бет күтімі

МӘҢГІ ЖАСТЫҚ ЭЛЕКСИРІ: Ниацинамид – сиқырлы сусын

Ниацинамид – теріні нығайтуға және оның сыртқы түрін жақсартуға ықпал ететін  В тобының суда еритін дәрумені. Ол бет терісіне дақ түсуге, әжім мен безеудің өршуіне кедергі бола алады. Сондай-ақ, ниацинамид бос радикалдардың әсерін бейтараптандыратын әрі қартаю процесін бәсеңдететін күшті антиоксидант болып табылады.

В3 – В тобындағы сегіз дәруменнің бірі. Тері жасушалары қалыпты метаболизмді және зақымдануды қалпына келтіруге қажетті компоненттерді өндіретін ниацинамидке аса мұқтаж. Аталмыш дәруменді қолданудың бірнеше көрсеткіші бар және ол қазіргі таңда әртүрлі косметикалық өнімдерде, атап айтсақ сарысулардан маскаларға дейін пайдаланылып келеді. Ендеше, ниацинамид өнімінің артықшылығы мен бет терісіне тигізер әсері туралы кеңірек тарқатамыз.

 

Ниацинамид дегеніміз не?

Ниацинамид немесе B3 дәрумені – проблемалы тері мен безеуді емдеуге, сондай-ақ қартаюға қарсы күтімге арналған ең танымал компоненттердің бірі. Ол әдетте сарысулар мен кремдер сияқты өнімдерде кездеседі және жақсы нәтиже алу үшін оны күніне екі рет қолдану қажет.

Ниацинамидті теріні тыныштандыратын және ағартатын басқа да өнімдермен біріктіруге болады. Әдетте оны гиалурон қышқылымен үйлестіріп жатады. Бұл компонент тері типтеріне қарай әсер етуге қабілетті, сондықтан да ол күнделікті күтімге арналған таптырмас шешім болмақ. Қажетті күтімді қамтамасыз ету мақсатында ниацинамидті өнімдерді ылғалдандырғыш жақпас бұрын қолданған дұрыс.

Өнімнің әрекет ету принципі 

Компонент қабынуға қарсы және ағартқыш қасиетіне байланысты тері күтімінде кеңінен қолданылады және жоғарыда айтылғандай, теріні тыныштандырады әрі пигменттену белгілерін азайтады.

Бет терісін жақсартады

Ниацинамид дәрумені сезімтал тері күтімінде пайдаланылады. Ол меланинді өндіруге жауапты ферментті блоктайды, қара дақтарды ағартады және тері өңін жақсартады. Өнім бір мезгілде сау тері жасушаларын қалпына келтіре алады, сонымен қатар оларды ультракүлгін сәулелерден болатын зақымданудан қорғайды.

Қартаюға қарсы күтім

Жас ұлғайған сайын ақуыз өндірісі төмендейді. Терінің серпімділігі мен тегістігін сақтауға қажетті коллаген белсенділігі де біртіндеп азаяды. Нәтижесінде ол терең әжімдердің пайда болуына және икемділіктің жоғалуына әкеліп соғады. Ниацинамид қосылған кремдер мен сарысулар аталған жайсыздықтардың алдын алуға септігін тигізеді.

Безеумен күрес

Өнім май бездері шығаратын майдың мөлшерін реттеуге көмектеседі және бездердің шамадан тыс жұмыс істеуіне жол бермейді. Сондай-ақ, дәруменнің тері тесігін азайтуға да қабілетті екендігін естен шығармаңыздар. 

Ниацинамидті безеуге қарсы сегіз апта көлемінде күніне екі рет қолдану ұсынылады. Күтім жасауға жеңіл көбіктер, маскалар мен сарысулар қолайлы. Оларды құрамында С дәрумені мен гиалурон қышқылы бар ылғалдандырғыш құралдармен үйлестіре білген жөн. Осылайша, тері құрғауының алдын аласыздар.  

Жанама әсер

Ниацинамид ағзаға аса қажетті дәрумен болғандықтан, ол көптеген тері түрлеріне қауіпсіз болып табылады. Өнімді күнделікті қолдануға әбден болады. Дейтұрғанмен, В тобының дәрумендерін тұтыну бөртпелердің өршуіне әкелетін аллергиялық реакцияларды да тудыруы мүмкін екендігін есте ұстаңыздар. Өнімді қолданар алдында қан талдамасынан өту аса маңызды. Талдама қорытындысына қарай дәрігер кеңесіне жүгіну керек.

Әсері

Аталған дәруменнің арқасында сезімталдық деңгейі қалыпқа келеді, тығыздық, ыңғайсыздық және қызару белгілері жоғалады. Ниацинамидті өнімдерді қолданғаннан кейін беткі және терең әжімдер айтарлықтай тегістеледі, терінің серпімділігі артады. Ол теріні қоршаған орта әсерінен, әсіресе күн сәулесінен қорғауға бейім, яғни ылғалдандырады, кеңейтілген тері тесігін тарылтады және бет терісін айтарлықтай тегістейді. Ниацинамидтің зақымдалған ДНҚ-ны қалпына келтіре алатын да қабілеті бар. Ол тері жасушаларының түрлерімен әрекеттеседі және оларды жаңа, балғын әрі сау жасуша жасауға ынталандырады. Сондай-ақ, теріні құрайтын керамидтер мен кератинді өндіруге көмектеседі.