Жан әлеміӨзіңді дамытӨкініш

Менімен ақша үшін жүрген “құрбыларымнан” шаршадым

Әңгімемнің төркінін ата-анамнан бастасам деймін. Мен дүниеге келгелі бері өмірде жоқшылықты көрген емеспін. Жаратқан байлықты көтере алатын адамға береді дейді. Сол сөз рас секілді. Ата-анам жас күнінде көп қиындық көріп, тағдырдың тауқыметін артқан. Тек отыз жасқа келгенде әкем бірінші миллионына қол жеткізен. Анам да қарап отырмай, кәсібін дөңгелетіп, әкеме қол қанат бола білді. Әкем өзі қойшының баласы болса да, сол малдарының қызығын көрген емес. Әкемнің әкесі, яғни, атам ешқашан балаларының аяғын аспанға салбыратқан емес. Өмірде сағы сынбау үшін «дайын асқа тық қасық» деген ұғымды ұмыттырды. Балаларының жетістікке өздері жеткенін қалады. Бір жағынан әкем атамның ол қылығына әлі күнге дейін разы. Бірақ, әкем енді менің балаларым қиналмасын деп, біздің білімімізге барынша күш пен қаражат жұмсады. Ешқашан бетімізден қаққан емес. Отбасымда менен бөлек бір ұл бір қыз бар. Мен үйіміздің түңғышымын. Десе де, әкем маған жақын. Менің жетістікке жеткенімді көріп үнемі мақтанып, қолпаштап отырады.

Ата-анам бүгінде халыққа белгілі компанияның төрінде отыр. Қаражатымыздың жеткілікті екенін айтпасам да түсінікті болар. Осы жылы оқу бітіріп, жоғарғы оқу орындарының біріне түстім. Бала күнгі достарыммен хош айтысып, жаңа өмірдің жаңа белесіне аяқ басқан едім. Иә, ата-анамның мені шетелдің үздік оқу орындарына түсіруге қауқары жетер еді. Дегенмен, мен ол кісілерден алшақ кеткім келмеді. Қыз мұраты кету демекші, түбінде басқа үйдің табалдырығын аттауым керек болады. Сондықтан қазірден бастап, ата-анамның жанында барынша ұзақ жүргім келді.

Бәленің барлығы туған қаламдағы оқу орнынан басталды. Бірінші күннен-ақ группамдағы қыздардың маған өзгеше қарайтынын аңғардым. Әркім жаныма бір келіп, сөйлесіп, дос болғысы келетінін білдіртті. Әрине, мен өзімнің шетте қалмай, бірден «дос» таба кеткеніме қатты қуандым. Бірақ,  көп ұзамай олардың не көксегенін түсіндім.

Басында қымбат кафелерге барсақ, олардың ақшасы жетпей, мен қуана-қуана отырысымыздың ақысын төлей кететінмін. Кейін қыдыруларымыз жиілеп одан да жоғары деңгейлі түнгі клубтарға баратын болдық. Шынымды айтсам, мұндай қыдырулар маған жат еді. Қанша жерден байдың қызы болсам да, түнгі клубтардың табалдырығын тоздырған епеспін. Онда да «Сенің анандай бір мықты жерде таныстарың бар шығар, бізді жұмысқа кіргізсеңші» деп қалжыңдауды да шығарды. Менің өзім таныстарым болса да, әкемнің біреудің алдында мен үшін жұмыс сұрағанын қаламайтынмын. Құрбыларымның ессіз қылықтары әбден мезі етті. Олардың қаржылай жағдайлары керемет деп айта алмаймын. Көбі қарапайым отбасынан шыққан қаракөздер.

 

Бірде кинотеатрда біз көптен күтіп жүрген фильдердің бірі жарыққа шықты. Алғашқы күндердің бірінде барғанымыздан билеттердің құны 2500 теңге болды. Мен әдейі құрбыларыма отбасымызда қаржылық дағдарыс орын алғанын және ақшамның жоқтығын айттым. Мен үшін төлей тұруларын өтінгенімде «мүмкін сен келесі жолы барарсың. Біз саған фильмнен алған әсерімізді айтып береміз» деп теріс бұрылып кетіп қалды. Әрине, менің қалтамда ондай ақша болды. Құрбыларымды сынамақ болып өтірік айттым. Осы сәттен бастап өзімнің жанымдағы адамдарды сұрыптай бастадым. Адам танымаған соң қиын екен. Кіммен араласып, кімді өзімнен алшақ ұстау керек екенін білмей қалдым. Бала күнімнен келе жатқан достарыммен қайта бас қосып, бірге кино көруге баратын болдық. Нағыз дос уақытпен сыналады екен. Көзімді ашқан осы бір оқиғаға сансыз ризамын. Ендігіде алды-артыма мұқият боламын деп өз-өзіме уәде бердім.