СұқбатСырласу қонағы

Мереке Бауыржанқызы: «Шындасаң шыңға жетерсің»

Көпке «КВН» ойындарынан белгілі Мерекенің есімі соңғы кездері жиі аталып кетті. Оған тек жасы кіші жігітке тұрмысқа шығуы емес, бойындағы басқа да қабілеттері себеп болғандай. Ол жайында біздің сұхбаттан оқып біліңіз.

С: Мереке, кезінде КТК (КВН) жұлдызы болдыңыз. Қазір жасы кіші жігітке тұрмысқа шыққаннан кейін танымалдығыңыз екі есе артты. Араларыңыздағы жас алшықтығының әсері аз да болса байқалып қалмай ма?

Тұрмысқа шыққаннан кейін «адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады» дегенге 100% көзім жетті. Бұрын «кіші жігітке ешқашан жоламаймын» деп жиі айтатынмын. Тіпті, жасы кіші жігіттен менде фобия болатын. Ал, жолдасым жас бала көрінгенімен, ақылы, өзін-өзі ұстауы менен әлдеқайда үлкен. Ерте ержетіп, ақыл тоқтатқан адам. Мен тұрмысқа шыққан күннен бастап, әрбір сөзімді, ісімді ойланып барып істейтін болдым. Бұрын ойланбай сөйлеп, адамдарды көп ренжітіп қоятынмын. Жалпы, өмірде көп нәрсені бағалай білуді тұрмысқа шыққалы үйреніп келемін.

Енем де еш ісімізге қарсы шыққан емес, қайта үнемі қолдап жүреді. Тілеумізді тілеп отырады. Өз жұртым да, қайын жұртым да өмірімізге де, өнерімізге де еш зиянын, кедергісін тигізіп жатқан жоқ. Екі жақ та дән риза. Отбасы құрғанымызға әлі көп бола қоймады. Бір-бірімізді толық тануға әлі де уақыт керек шығар. Болашақта мен оны сыйлап тұрсам, ол мені әрқашан қолдап жүрсе, бізде бәрі де жақсы болады деп сенемін.

С: Бір сұхбатта «жеңілуді білмеймін» депсіз. «Әйел адам қашанда ерінен төмен тұруы тиіс» деген қағида бар. Бұл сізге қиынға соғып жатқан жоқ па?

Өмір қашан да жеңіс пен жеңілістен тұрады ғой. Бұрын мен жеңіліп бара жатсам, мойындай алмай, ашуланып, жағымсыз мінез танытатын едім. Айтқан сынды көтере алмайтынмын. Бір адам бір адамның өміріне сабақ беруші ретінде жіберіледі дейді. Сол адам мен үшін – Әрсен. Басында жеңілгім келмей, «А» десе «Б» дегім келіп тұратын. Өз дегенімді істеткім келетін. Енді қазір оның дұрыс емес екенін, жалпы өмірдің заңдылығын үйреніп, түсініп келе жатырмын.

Ер адамды биік қою керектігін бұрыннан ата-анама қарап білетінмін. Қазір оған 100% көзім жетті. Жанұяң берік болып, ыдыс-аяқ сылдырламай, үлгілі отбасы болғың келсе, осы қағиданы қалай да ұстану керек екен. Қазір мен одан төменмін, сыйлаймын, барынша сөз қайтармай, соның дегені болуына ат салысып жүремін.

С: Көп қыздың көкейінде «Мерекедей арықтасам ғой» деген ой бар. Арықтауға нақты не әсер етті?

Мектепте жүргенде өзімнен 10 жас кіші сіңілілеріме қарайлап, ата-анама көмектесіп, ауылдан ешқайда шықпадым. Содан Алматыға оқуға түсіп, ауылда қол жете бермейтін неше түрлі тағамның қызығына кірдім. Күн, түн демей, өзім қалаған нәрсені алып жеуге құмарттым. Сөйтіп жүріп, өзімнің қалай 85 келіден бір-ақ шыққанымды байқамай қалдым. Арықтағым келіп, өз-өзіммен талай алыстым. Бірақ еш нәтижесі болған жоқ.

2015 жылы анам маған «Әлі тұрмыста емессің, өз-өзіңе қарасаңшы! Мына түрің не?» деп ұрысты. Содан кейін салмақ тастау басты арманыма айналды. Бір күні «Салауатты өмір салты» клубына жазылып, үш айда 25 келі тастадым.Осыдан кейін мен адамның ниеті болса, алмайтын қамалы, бағындырмайтын шыңы жоқ екеніне көзім жетті. Оның бәрі адамның тек өзіне байланысты. Адам шын жүректен қаласа, ештеңеге қарамайды. Әр нәрсе өз уақытымен дейді ғой, менің де уақытым келіп, кірісуім керек болған шығар. Қазір өзім жеке сауықтыру орталығын аштым. Ол көп қыз-келіншектердің мақсатына қол жеткізуге септігін тигізуде.

С: Бұрынғы Мереке мен қазіргі Мерекенің бет терісінде де аса айырмашылық байқалады…

Иә, бұрын бетімнің терісі өте проблемалы болды. Чипсы, кола сияқты химикатты заттарды көп жегеннен асқазаным бұзылып, ішегім дұрыс жұмыс істемей қалған. Ішкі ағзаның улануы әр адамға әртүрлі әсер етеді. Ал менің мектептен тап-таза болып келген бет терім зақымданды.

Қалай «салауатты өмір салты» клубына бардым, солай ішкі ағзаммен қоса, бетім де тазаланды. Жаттықтырушым қай тағамды қашан, қай кезде, қай мөлшерде ішіп-жеу керек, қай уақытта қандай жаттығу жасау керек соның бәрін түсіндірді. Бұлардың бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана адам жүйелі түрде салмақ тастай алады екен.

Жаттығудың өзі адамның бет-әлпетіне әсер етеді. Оны уақытымен жасап, көп су ішкен сайын ішек тазарып, май бұлшықетке айналып, тері жан-жағына тартылады. Ішкі ағзам тазаланған соң, бетімдегінің бәрі кетті. Бірақ бетімде тыртықтар қалып кеткендіктен, олардың орнын тазарту керек болды. Сонда бірінші рет косметологиялық орталықты тауып алып, соған бардым. Содан кейін бетім әлдеқайда жақсырып, тіпті бұрынғымен салыстыруға келмейді.

С: Бет әрлеу, шаш сәндеумен қашаннан бері айналысасыз?

Мен өмірде жан-жақты болғанды жақсы көремін. Жан-жақты адамдарды қатты сыйлаймын. Сондай кіселерге қарап, «болмасам да, ұқсап бағуға» тырысамын. Мендегі спорт, өнер, шаш сәндеу, бет әрлеу, одан бөлек «салауатты өмір салты» клубы – бәрі осындай адамдарға деген құрмет пен қызығушылықтан туындаса керек. Адам жан-жақты болған сайын көп нәрседен хабары болып, өз-өзін жақсы көреді, жан-жағына сыйлы болады. Қай істе де алдыңғы қатардан көрінуге және үздік нәтижеге жетуге тырысамын. Жасай алмаймын, қолымнан келмейді деу маған жат дүние.

Шаш сәндеу мен бет әрлеуде кәсіби маманмын деп айта аламын. Себебі осы күнге дейін  алдыма келген қыз-келіншектің ешбірі ренжіп, не көңілі түсіп кетпеген. Сол үшін болашақта  сұлулық салонын ашу ойымда бар. Мен жастарға өмірің сәнді, мәнді, қызықты өтсін десең, жан-жақты бол дер едім. Себебі жайдан жай шаршап ұйықтағаннан, еңбектеніп ұйықтау – жанға ләззат сыйлайтын керемет нәрсе.

 С: Қазір «Келіндер» сериалында және «Әзілменде» басты рөлдерде өнер көрсетудесіз. Ендігі жолыңызды актрисалықпен жалғауды ойлап жүрсіз бе?

Талантты актриса болу – арманым. «Келіндер» сериалы комедия жанырында түсірілген. Оның ішінде ойландыратыны да, ойға сыймайтын дүниелер де кездеседі. Себебі ол комедия. Бұл қазіргі халық көңілінен шығып жүрген сериалдардың бірі деп айта аламын. «Әзілмен» де әзілге құрылған орта. Ал, мен өзімді комедия жанрында ғана емес, киноның әртүрлі саласында, әр алуан кейіпкер бейнесінде танытқым келеді. Ол арманыма жететініме сенемін.

С: Негізгі мамандығыңыз кім? Қазір нақты немен айналысып жүрсіз?

Мен негізінен «Биология» мамандығы бойынша бакалавр, магистратуралық білім алғанмын. Бірақ, нақты ол мамандық бойынша жұмыс істеген жоқпын. Қазір Қыздар Ұлттық университетінде КТК жетекшісі болып қызмет етемін. Жолдасым да осы университетте PR-менеджер. Екеуіміз қазір той жүргізуді қолға алып, алғашқы шақыртуларға ие болудамыз. Сондай-ақ «Салауатты өмір салты» клубының жұмыстарымен айналысамын.