Отбасы бюджеті

«Мәжбүрлі» шығын: Онлайн сауданың 7 айласы

Мереке қарсаңында шығындар көбейе түседі. Туыс-туғанға сыйлық жасау үшін тіпті онлайн дүкендерді шарлап кететініміз де жасырын емес. Олай болса онлайн сауданың құрығына түсіп, құрбаны болып кетпес үшін маркетингтік айлалар тізімімен таныс болыңыздар. 

1. Тегін жеткізу

Ешкім жеткізу құнын төлеп, қалтасынан артық ақша шығарғысы келмейтіні айтпаса да аян. Дейтұрғанмен, көп жағдайда тегін жеткізу үшін белгілі бір шарттарды орындау қажет болып табылады. 

Маркетингтің айланың бірі – онлайн саудада құны 2000 теңгелік затты 500 теңгеге ұсыну. Бірақ сіз оның шынайы келбеті мен өлшемін тек онлайн көріп тұрсыз. Сапасы мен өлшемі көңіліңізден шыға ма, жоқ па белгісіз. «Тегін жеткізу» деген құрыққа ілініп, алдырдыңыз, бірақ көңіліңізден шықпады делік. Қайтаруға әрекет етесіз, әлбетте. Мұндай жағдайда жеткізу тегін болмай шығады. Нәтижесінде жеткізу құны 2500 теңге болады да, сіз 2000 теңгенің орнына 2500 теңге төлейтін болып шыға келесіз. Тауар да жоқ, ақша да желге кетті. 

Алдағы уақытта тегін жеткізуді таңдасаңыз, осы айтылғандарды есте сақтаңыз.

2. Мақсатты хабарландыру

Интернет-дүкендер сайтында әдемі көйлекті көзіңіз шалса, оны барлық жерде көретін боласыз: аудиокітап сайттарында, журнал сайттарында, әлеуметтік желі парақшаларында дегендей. Бұл жерде ешбір сиқыр жоқ: алгоритмдердің қарапайым жұмысы. Жалықтыратын жарнамалардан құтылу үшін Google аккаунтының параметрлеріне өтіп, «Жекелендірілген жарнамаларды көрсету» белгісін алып тастаңыз. Коммерциялық сайттарға Google аккаунты немесе жеке әлеуметтік парақшаларыңыз арқылы кірмеңіз. 

3. Шұғыл әрі дүрбелең

«Сатып алуға асығыңыз», «Соңғы нұсқасы!» әрі «Сатылымның аяқталуына санаулы секундтар қалды» деген жарнамалар жетерлік. Бұл – адамдарға ой салып, қызығушылығын тудыратын, ештеңе сатып алуды жоспарламаған күнде де сайтты тексеруге арналған айла-шарғылар. Тапшылық дәуірінде өскен жандарды «Бәлкім маған керек шығар?» деген ой да мазалайды. Айта кетерлігі, «Фин тондарының сатылымы» да осы ұстаным бойынша жұмыс жасайды, олар эксклюзивті тауарларды төмендетілген бағамен қояды. Қандай жағдай болмасын мұндай хабарландырулар айла-шарғы жасау немесе ашық алаяқтық болып табылады. Сондықтан жарнаманың қармағына ілінуден аулақ болыңыз.

4. Қазір сатып алыңыз да, кейін төлеңіз

«Төлемдер» банк кеңсесіне барып рәсімдеуді қажет ететін (қымбат тауарларға қатысты берілетін қағаздарға қол қою) күрделі банк өнімі болудан қалды. Бүгінгі күні интернет-дүкендердің веб-сайтында үш рет басу арқылы кез келген затты бөліп төлеуді оңай рәсімдей аласыз. Бір қарағанда таптырмас әрі тиімді шешім болып көрінері анық: яғни бұл затты қазір қолдана бастайсыз да, төлемді біртіндеп, құнын қолжетімді төлемдермен өтейсіз. Шынтуайтында, бәрі басқаша. 

Біріншіден, интернет-сайттардағы «бөліп төлеу» жоғары пайыздар мен жасырын комиссиялары бар несиелік келісімдерге айналады. Алайда ешкім құжаттың мазмұнына үңіліп қарамайтындықтан мұндай қулықтарға аса мән де бермейміз. «Бөліп төлеу карталарында» ай сайынғы қызмет ақысы және серіктес болып табылмайтын дүкендерден сатып алу кезінде комиссиялар жасырылған. Бір айда бұл кәдімгі несие картасының пайызына тең соманы көрсетеді, ал бір жылдан кейін «шамаңыз келмейтін сомадан» асып түседі.

5. Жарнамалық хабарламалар

Жеңілдік картасын рәсімдедіңіз бе? Тапсырысты рәсімдеу барысында электронды поштаңызды қалдырдыңыз ба? Егер осы айтылғандарды жасаған болсаңыз, Сізге үнемі жарнамалық хабарламалар келіп тұратын болады. Осылайша, интернет-дүкендердегі барлық жеңілдіктер мен науқандар жайында біліп отырасыз әрі қолыңыз өздігінен «сатып алу» түймесін басуға асығады. Барлық тиімді ұсыныстарды спамға жіберіңіз. 

6. Жалған жеңілдіктер

Ірі сайттарда адам айтса нанғысыз жеңілдіктердің талай рет куәсі болған шығарсыздар: «Көйлек құны 40 000 тг-ні құрайды, ал дәл қазір сіз оны 6 000 тг-ге сатып ала аласыз!». Өкінішке қарай, мұндай жалған жеңілдіктерді желеу еткен арам пиғылды сатушылар жетіп артылады. Маркетплейстер сатушылардың акциялар мен сатылымдарға қатысуын талап етеді, әйтпесе, олар қолайлы шарттардан қол үзіп қалады, яғни сатушылардың тауарларын көп адам көре алмайды. Осылайша, саудагерлер қулықтарын асырып, артынан «ірі» жеңілдік жасау мақсатында сатылымдағы заттардың бағасын 40%-ға көтереді. Жеңілдіктер жүзеге асырылатыны рас. Кейде сатушылар «ескі бағамен сатып алуды» ұсынып жатады: бір жағынан, қазір импорттық құрамдас бөлігі бар көптеген тауарлар қымбаттағандықтан, саудагерлердің бағаны көтеруі заңды құбылысқа айналды. Бірақ ақшаны қалтаға басып, үнемдемес бұрын, жеңілдікпен тұрған өнімнің сізге қаншалықты қажет екендігін жақсылап ой елегінен өткізіңіз.

7. Үнемдеу үшін жұмсаңыз

«Үшеуі біреуінің бағасымен» деген жарнамалар жетерлік. Ал бұл Сізге тек осы үш зат шынтуайтында керек болған жағдайда ғана тиімді болмақ. Сол сияқты «жеңілдік комбинациясы» да екі зат қажет болған жағдайда ғана пайдалы. Басқа жағдайларда қалтаңыздағы қаражатты желге ұшырғандай болып есептелесіз.