Cән мен сұлулықБет күтімі

Мезожіп: пайдалы ма, зиян ба?

МЕЗОЖІП дегеніміз не? Шын мәнінде бұл 30 жылдан бері медицина саласында қолданылып келе жатқан кәдімгі хирургиялық жіп. Алайда оны косметологияға енгізіп, жасарту шарасына қолдануды ең бірінші болып, Оңтүстік Кореялық ғалымдар ойлап тапқан. Яғни, мұндай жіп 100 пайыздық полидиоксанон болып табылады. Оның бір ұшы иілілмелі инеге бекітіліп, жіптің еркін қозғалысына ықпал етеді. Мезожіптер жоғары сапалы медициналық болаттан жасалады әрі лазермен ұшталады. Ине мен жіптің максималды қалыңдығы 0,3 мм дейін барады. Айта кету керек, жіптердің ұзындығы мен қалыңдығы да әртүрлі. Жіптің қалыңдығы оны дененің қай бөлігіне қолданғыңыз келеді соған қарай жіктеле береді.

Осыдан 5 жыл бұрын мезожіп көмегімен әйелдердің бет терісін жасартуды  пластикалық хирургтар ғана қолданатын. Алайда бүгінгі күні жүзеге асыру технологиясы жеңілдетіліп, мезожіптерді косметология саласында жұмыс істеуге рұқсаты бар дәрігерлер де сәтті жүргізуде. Еске сала кеткен жөн, мұндай үрдіс арнайы құралдармен жабдықталған бөлмелерде ғана  жүзеге асырылуы тиіс.

Мұндай тәсіл теріге қалай әсер етеді?

Жіп көмегімен жүзеге асырылатын лифтингтерден тредлифтингтің ерекшелігі – теріні тартпайды. Классикалық мезожіптердің кертігі болмайды және тері мен майлы бөліктің ортасына тор пішінінде енгізіледі. Жіп-жіңішке ине тері астына оңай енгізіліп, қабатты зақымдамайды. Беттің белгілі аумағына тор етіліп тігілген жіптің ұшы тері астында қалдырылып, 180-210 күн бойы өзінің керемет әсерін сақтап тұрады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін жіп толығымен жойылып, көмірқышқыл газ бен суға айналады және 100% ағзадан шығарылады. Тері астына енгізілген мезеттен бастап жаңа коллаген талшықтары пайда болып, негізгі пішінді сақтап қалады. Әрі жіптің жойылғанына қарамастан тері сол пішінді өз еркімен сақтап тұруға бейімделеді. Осылайша қартаюдың алдын алып, тері балғындығын ұзаққа сақтауға болады.

Тредлифтинг кімдерге арналған?

Жалпы мезожіптерді бет пен дененің кез-келген бөлігіне қолдануға болады. Ол қартаюдың алдын алуға және бет пішінін қалыпта сақтауға септесетін әдіс.

Мезожіптердің көмегімен қандай мәселені шешуге болады:

  • Мұрын аймағындағы қатпарлы әжімдерді жоюға;
  • Салбыраған беттерді тартуға;
  • Ұсақ әжімдерді жоюға;
  • Бет пішіні сұлбасын қалпына келтіруге;
  • Қастың арасындағы әжімдерді жоюға (әсіресе ботулотоксинді терінің қабылдамаса);
  • Қастың сыртқы бұрыштарын көтеру үшін және көздің айналысындағы ұсақ әжімдерді тегістеуге;
  • Ауыз айналысындағы шағын әжімдердің алдын алуға;
  • Артық салмақтан арылғанда босап қалған теріні ретке келтіру;
  • Мойын мен төстің аймағын ретке келтіру;
  • Іштің терісін тартып, бөксе тығыздығын қалыптастыруға;
  • Қартаюдың алдын алуға 30 жастан асқан әйелдерге жүргізу керек.

Бұл тәсіл терісі гравитациялық өзгерістерге қатты ұшыраған әйелдер үшін тиімсіз. Яғни, қабақта пайда болған жарық секілді өзгерістерді түзеуде аталған технология қауқарсыз. Мұндай жағдайларда мамандар сізге пластикалық отаға жүгінуге кеңес береді.

Ал жоғарыда аталған бірнеше мәселелерді 3D-мезожіптерінің көмегімен сәтті шешуге болады. Әрине, егер дәрігер бұл тәсілді жақсы меңгерген болса. Теріңізге енгізілетін жіптің саны нақты қанша болатынын жеке қабылдаудан кейін косметолог дәрігеріңіз айтып береді. Сондай-ақ, ем-дом шарасының тиімділігін сіз оңай салыстыра аласыз. Бұл тәсілдің кереметтігі сол уақыт өте келе мәселеңіз біртіндеп шешімін табады, теріңіз жақсарып ойлаған мақсатқа жетесіз. Ал, толық қанды нәтижені тек жарты жылдан кейін ғана байқауға болады.

Шараны жүргізу тәсілі мен кейін туындауы мүмкін асқынулар

Мезожіптерді енгізу үшін теріге анестезия арнайы крем жарты сағатқа жағылады. Шамамен осы уақыт аралығында дәрігер шараны толық жүзеге асырып бітуі тиіс. Осындай қызметке жүгінген қыз-келіншектердің басым бөлігі риза болған. Дегенмен иненің аздаған ойықтары теріні ісітіп жіберсе қамықпаңыз, бұл уақытша болатын үрдіс. Бірнеше күннің ішінде барлық ісік басылады. Мамандар осы уақытта теріңіз жансызданып, шаншып, аздап мазаңызды алуы мүмкін деп ескертеді. Әдетте мезожіптер асқынбайды. Өйткені олар биологиялық тұрғыда сәйкес материал болып табылады. Ал, операция кезінде дәрігер қателесетін болса, бетіңіздің қисайып, пішіні өзгеруі мүмкін. Тіпті төмпешіктер шығып кетеді. Дегенмен қателік жіберілсе, оған шошудың қажеті жоқ. Шағын тесіктер жасап жіпті қайта алып тастауға болады.

Мезожіптерді қандай жағдайда жасатуға болмайды? 

  • инфекциялық аурулар (күрделі және созылмалы кезеңдерінде);
  • пішінін өзгертетін теріде пайда болған түрлі қабынулар;
  • онкологиялық аурулар;
  • қан ұюы жүйесінің бұзылғанында;
  • жүктілік пен емізу кезінде;
  • психикалық ауытқуларда;
  • тыртық қалатын терілерге;
  • аутоиммундық ауру кезінде;

Есіңізде болсын! Антикоагулянт препараттары мен ацетилсалицилды қышқыл қолданып жүрген болсаңыз терапия алдында бір апта бұрын тоқтатқан жөн. Өйткені ол ісіктің пайда болуына ықпал етеді және етеккір алдында да мұндай косметологиялық ем-домнан бас тартқан абзал.

Әрдайым әдемі болыңыз!