ДенсаулықСаулық үшін

Мінсіз мүсін: Тік жүріңіз!

Мүсіні келіскен адам ұзын және сымбатты көрінеді. Сұлу денемен қоса мойын, иық, арқаның сау болуына көмектесетін жаттығуды ұсынамыз.

Бірінші қадам

Арқаңызды үйдің немесе кез келген кеңсенің қабырғасына тақаңыз. Аяқтардың ара қашықтығы 30 см болсын. Иығыңызды тіктеңіз, артқа қарай созыңыз. Ішіңізді тартыңыз. Құйымшақтан жоғары (қол, шынтақ, бас) түгел  қабырғаға тиіп тұруы тиіс.

Екінші қадам

Қабырғаға тақалып тұрып, қолыңызды көтеріңіз. Әрекетіңіз құстың қос қанатын жайғанына ұқсауы керек. Бас, қол мен жауырын қабырғаға тиіп тұрсын. Жаттығуды 10 рет қайталаңыз.

Отыру зиян ба?

Қозғалыссыз өмір – артық салмақ пен аурудың себепкері. Қауіпті топтың ішіне аптасына 2-3 рет спортзалда жаттығып, қалған уақытын отырып, не жатып өткізетін арулар кіреді.

Денсаулық үшін қозғалыс маңызды. 3 сағат бойы компьютер алдында қозғалыссыз отыру – 20 минут айналысқан жаттығуыңыздың күлін көкке ұшырады. Қайтпек керек? Бұрын отырып істеген шаруаны енді екі аяққа тік тұрып айналысып көріңіз.

  • Телефонмен тұрып немесе бөлмеде жүріп сөйлесіңіз.
  • Күні бойы отырып жұмыс істесеңіз, кешке электронды поштаны тексергенде, сүйікті сериалыңызды көргенде жайлы орынға жайғаспаңыз.
  • Құрбыңызбен кездескенде бірден орындыққа отырасыз ба? Түрегеліп сөйлесіңіз. Серуендеу де артық етпейді. Шаршап қалсаңыз, 1-2 минут аялдап, қайта жүріңіздер.
  • Маникюр мен макияжды енді диванда емес, айна алдында тұрып жасаңыз. Әуелі 5-10 минут уақытыңызды алатын жұмыстан бастаңыз. Оны кейін жарты сағатқа жеткізесіз.
  • Бір күнде 3 сағат жүру, тік тұру арқылы бір жылда 4-5 келіге арықтауға болады екен.