ДенсаулықСаулық үшін

Жүрек «сызы»: Миокард инфарктінен сақ болайық

Халық арасында жиі айтылатын «Инфарктке жеткізесің!» деген тіркестен-ақ жүрек инфарктінің қаншалықты қиын екенін түсінуге болады. Ол алдымен ауыр эмоциялық уайым мен күйзеліске түсіреді.

867Қаралымдар

Миокард инфаркті – жүрек бұлшық етінің қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуынан онда өлі еттену, яғни некроз ошағының пайда болуы.

Себептері

Пайда болуының басты себебі болып көпшілік жағдайларда (90%-ға жуығы)  атеросклероз (қан тамырларының ішкі бетіне холестериннің сіңіп, жиналып, түйін тәрізді шоғырланып қалуы) есептелінеді. Миокард инфарктімен, негізінен, 40 пен 60 жас аралығындағы ер адамдар ауырады. Ал әйел адамдарда ол 50 жастан асқаннан кейін кездесіп жатады. Десе де соңғы кездері аурудың жасарып бара жатқаны байқалып отыр. Осы орайда айта кететіні, шылым шегу — миокард инфарктінің басты себептерінің бірі екенін есте сақтауымыз қажет. Сондай-ақ бұл аурудың белең алуына тұқым қуалаушылыққа бейімділік, психикалық күйзеліс, семіздік, қант диабеті мен қан қысымының көтерілуі де себеп болады. Миокард инфаркті жүрек бұлшық еті бөлігінің қанды өте аз алуына байланысты қоректік заттар мен оттектің жетіспеушілігінен пайда болады.

Белгілері:

  • миокард инфаркті кезінде адамның кеуде тұсы қатты шаншып ауырады;
  • ауыру сезімі сол жақ қолға, жауырынға, иыққа, тіске берілуі мүмкін;
  • тамырдың қысылған жерінде жедел қан ұйып қалады;
  • суық тер шығып, бет бозарып, ерін көгереді;
  • әл құрып, тыныс тарылады;
  • қорқыныш сезімі;
  • кей жағдайда жүрек айнып, құсуы да мүмкін;
  • ауыру сезімінің 15 минуттан бірнеше сағатқа дейін созылуы;
  • нитроглицерин қабылдағанда да ешқандай өзгерістің болмауы.

Науқаста мұндай белгілер байқалған кезде бірден жедел жәрдем шақыру керек. Ал дәрігер жеткенше 15 минуттық үзіліспен 0,5 мг дозада нитроглицерин беріңіз. Бірақ 3 реттен артық қабылдауға болмайды. Сондай-ақ 150-250 мг дозада аспирин ішуге болады.

Салдары:

Ірі ошақты миокард инфаркті жүрек аневризмасына, тромбоэмболияға, бүлінген жүрек етінің жыртылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан инфаркт алған адамға ерекше күтім қажет. Сондай-ақ кардиолог дәрігердің бақылауында болып, үнемі қаралып жүруі керек. Кей кездері клиникада миокард инфарктінің ауырмайтын түрі де жиі кездеседі.

Аурудың алдын алу және инфартктің қайталанбауы үшін кардиолог дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындау керек. Денеге ауыртпалық түсіруге, ауыр зат көтеруге болмайды. Диетаға отырып, майлы, қуырылған, ащы тағамдарды, фасфуд, түрлі шұжықтар, газды сусын, алкоголь өнімдерін тұтынуды тоқтатып, оның орнына сүт өнімдерін (майлы емес), жеміс-жидек пен көкөніс, балықты ас мәзіріне енгізу қажет. Сондай-ақ тұзды аз қолданыңыз. Темекі шегуді доғарыңыз. Мейлінше көбірек жаяу жүріп, жүзуге жазылыңыз. Десе де өте көп қозғалып, денеңізге үлкен күш түсірмеуге тырысыңыз.

Сіз білесіз бе?

  • Жақындарымен бірге тұратын жандармен салыстырғанда жалғызбастыларда жүрек талмасы екі есе көп болады екен.
  • Күлкі – жүрек қан тамырларын кеңейтеді әрі босаңсытады, бұл жүрекке пайдалы.
  • Жағымсыз эмоциялар мен күйзеліс аяқ астынан жүрек ауруына немесе жүрек талмасына әкеліп соғады. Керісінше, адам өзін бақытты сезінген сайын жүрегі нығая түспек.
  • «Жүрек талмасы өзге күндере қарағанда дүйсенбі күні таңертең көбірек болады», — дейді дәрігер мамандар. Өйткені, кортизол сынды күйзеліс гормонының деңгейі дәл осы таңғы уақыттарда аса үлкен көлемде бөлінеді. Оған қоса ұйқыдан ояна салған сәтте ағзада гидрататсыздандыру процессі жүріп жатқандықтан қан қою болады да, қан айналым баяулайды екен.