СұқбатСыр-сұқбат

Анель Баясова: Молшылық – ішкі әлемнен басталады

Анель – «L–Capital» инвестициялық – консалтингтік компаниясының қаржылық кеңесшісі. Ол жас болса да қарттық өмірді бүгіннен жоспарлауды құп көреді.  Психология және астрология заңдарын ескеріп, арманға жету жолын да жақсы біледі. 

202Қаралымдар

Кейіпкеріміз «адамның ішкі әлемі гүлденіп тұрмаса, ешқашан молшылықта өмір сүре алмайды» дегенді алға тартады. Оған мақсатқа жетуде көмектескен де осы қағидасы екен.

Анель, әдетте «капитал», «инвестиция», «акция» деген ұғымдар көпшілікке жат. Бұл компанияға қалай келіп едіңіз?

Мен 2007 жылдары Америкада білім алып, екі жыл тұрып келдім. Ол жақта бала туыла салысымен оның болашағына ақша жинайды. Мен де соны ескеріп, ұлым бір жасқа толғанда «L – Capital» АҚ-на инвестиция құя бастадым. Себебі 18 жыл бойы ай сайын 20 000 теңге салып отыру – бала 18 жасқа толғанда әуре-сарсаңға түскеннен әлдеқайда тиімді екенін түсіндім.

Әуелде саясаткер мамандығымен қызмет атқарғанмын. Кейін декреттік демалыстан соң, кеңседе отырып, жұмыс істегім келмеді. Бос уақытым көп, жалақым да жоғары болса деп армандадым. Содан осы компаниядағы мүмкіндіктермен таныстым. Бизнес, инвестиция, қаржылық сауаттылық жөнінде егжей-тегжейлі оқып, білдім. Мінеки, енді 4 жылдан аса уақыт бойы «L–Capital» компаниясында қаржы кеңесшісі болып жұмыс істеймін.

 

Сонда компанияның мақсаты қандай?

Біздің мақсатымыз – Қазақстан халқын қаржылай сауаттандыру. Мұнда болашаққа инвестиция құйып, оны арттыру жайында әртүрлі кеңестер беріледі. Жинақ бағдарламалары, бағалы қағаздар, акциялар жөнінде түсіндіріледі. Дивидендтер арқылы қаржы табу жолдарын үйретеді. Бұл жерден кез келген 18 жасқа толған Қазақстан азаматы тегін кеңес алып, инвестицияға қаржы сала алады. Ол үшін қызметі, атақ-дәрежесі маңызды емес. Болашақта бізде де Батыстағыдай әр адамның жеке қаржыгері, есепші, заңгері болады. Өйткені, заман осыны талап етіп отыр.

Психология және астрологияға қызығады екенсіз? Психологияға бет бұруға қандай да бір себеп болды ма?

Оның бәрі жеке басыма қатысты. Мен бала күнімнен өз-өзіме сенімсіз едім. «Әдемісің, ақылдысың» дегенді жиі естісем де, оның біріне сенген жоқпын. Өйткені өз-өзімді бағалауым төмен болды. Ішкі әлемің бос болса, сыртқы сұлулықтан еш пайда жоқ екен. Психология арқылы сол бостықты толтырып, өзіңе сенімді болу бәрінен маңызды екенін түсіндім.

Ал, астрологияға натальды картаға тапсырыс бергеннен кейін қызыға бастадым. Бұл –адамның туған күніне қарап оған планеталардың әсер етуін анықтайтын әдіс. Мысалы, біз дүниеге келген күннен бастап бізге марс өзінше, сатурн ол бөлек әсерін тигізеді. Бұл мен үшін өте қызықты және бұған сенемін.

 

«Армандар картасын жасау» туралы шеберік сағатын өткізеді екенсіз?

Мен «Армандар картасын» мектеп кезінен жасадым. Ол кезде тек қағазға сурет жабыстырғанды қызық көрдім. Онда бәрі 100% орындалмайтын немесе дәл ойлағандай болмайтын. Мақсатқа жету туралы ізденіп, әртүрлі тренигтерге қатыстым.

Бірде құрбым «Арман картасын» жасауға көмектесуімді сұрады. Әрине, келістім. Осылайша үшінші құрбыма жасап бергенде жан-жақтан сұраныс көбейіп кетті. Көпшіліктің сұрауымен шеберлік-сағатын ұйымдастырдық. Сабағыма қазір Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа аймақтардан да қатысуға ниет білдіріп жатқандар бар. Бұл шын сенген адамдарға ғана көмектесе алады.

Сонда арманға жетудің қандай құпиясы бар?

Ең бірінші – өз арман-мақсатыңның бүге-шүгесін білу. Себебі адамдардан не қалайтынын сұрасам, олар ойланып қалады. Мен «Арман картасын» жасауға кіріспес бұрын оларға сұрақ қойып, мақсатқа жету теориясын, әлемдік тартылыс заңын түсіндіремін. Шынында, бұл ақпараттар ғаламторда жеткілікті. Олардың қалай жұмыс істейтіні де көрсетілген. Бірақ семинар, тренингтердің аурасы бөлек. Оған қоса, әр карта әртүрлі әдіспен жасалады. Менің армандарым орындалғаны туралы мысалдардан келушілер шабыт алады.

 

Өзіңіз белсенді өмір сүруге шабытты қайдан аласыз?

Өмірдегі шабыт көзім – анам. Ол мен үшін әйел нәзіктігінің, ақылдылықтың символы. Ол әрдайым дұрыс сөз таба біледі. Өзін кез келген жерде жақсы сезіне алады. Ұсақ-түйекке күйіп піспейді. Бәрін жеңіл қабылдайды. Ал, мен көп жағдайда бәрін қиындатуға тырысатынмын. Қазір анамның сол қасиеттерін бойыма сіңіргім келеді.

 

 Өмірде сіз үшін ең маңызды нәрсе қайсы?

Мен үшін ең маңыздысы – отбасым. Өз-өзімді дамытып, немен айналыссам да бәрін отбасым үшін істеймін. Өйткені әйел адамның көңіл-күйі отбасының көңіл-күйіне әсер ететінін білемін. Ұлым анасының жайдары жүзін, ата-анам, ата-әжем баласының бақытты болғанын көрсе деймін. Сондықтан мен көп саяхаттап, іс-шараларға қатысып, көкжиегімді кеңейткенді құп көремін.

Ұлыңызды да қаржы сауаттылығына үйретіп жүрсіз бе?

Баламды мектеп жасынан бастап қаржы сауаттылығын үйрететін курстарға бергім келеді. Төрт жастан асқан ұлым қазірдің өзінде қалған тиын-тебенін жинақ сандықшасына салып отырады. Мен одан ылғи «бұл ақшаға не сатып аламыз?» деп сұраймын. Ол ойын жинақтай бастайды. Яғни, ақшаны тек жинап қоймай, оның қайда жұмсалатынын жоспарлауды үйретіп жүрмін.

 Қаржы мәселесінде оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

Статистика бойынша адамдар ай сайынғы табысының 30%-ы қайда кеткенін білмейді. Өйткені олар ұсақ-түйек шығындарды есептемейді. Сол артық жұмсалған ақшаны жинақ қорына салып отырса, болашақта одан да жақсы дүниелерге қол жеткізуге болады. Өмірінде ойламаған саяхат, қолжетпей жүрген дүниелерге ие болуға көмектеседі. Ғалам заңында «Ақша – ақша шақырады» деген ұғым бар. Сіздің қорыңызда ақша болған сайын, табысыңыз да арта береді. Егер айлықтан бөлек, зейнетақыға капитал арнасаңыз, ол сізге қаржылық еркіндік береді. Тек соған талпынып, қарттық өмірді дұрыс жоспарлау керек.

Осы тұста біздің компания 20 000 теңгеден бастап инвестиция құйып отыруды ұсынады. Сол 20 мыңды күнге шаққанда 800 тг шығады. Ал, ол ақша бір күнде тәтті немесе сусынға жұмсалып кетпей ме? Осыны ескерген жөн.

Оқырмандарға тілеріңіз болса?..

Біздің, яғни, әйелдердің өмірге келгендегі ең басты миссиясы – тұрмыс құрып, дүниеге бала әкелу, оларды тәрбиелеп, күйеуге қамқор болу ғой. Әрбір әйел осыны ұмытпай, нәзіктігімен ерін шабыттандырып отырса, ер адам да өз орнын білсе деймін. Сол кезде ғана толыққанды қоғам қалыптасады.