Жан әлеміӨкініш

Мұңайдым өзің жоқта…

...Менің балалық шағым, ата-анам, ағайын-туыс, ағаларымның арқасында алаңсыз өтті. Жастық дәуренімде де, студенттік шақтың қызық қуанышын да көп көрдім. Өзім қатарлы жастар армандайтын жоғарғы оқу орнын бітіріп, алған мамандығым бойынша жұмысқа да тез орналастым.

440Қаралымдар

Бірде жақын құрбым тұрмысқа шығып, соған қыз жолдас болып, еріп бардым. Тойдан қайтар уақытта көпшілік қауым жиналып, басыма орамал салып, бір күнде Оңтүстік өңірге келін боп шыға келдім. Бірақ, өзің танымайтын, жаның қаламаған жанмен төсекте басың қосылғанмен, көңілің қосылмаса болмайды екен. Арада бес-алты ай өткен соң ажырасып кеттік. Әке-шешемді, ағаларымды ұятқа қалдырдым, тұрмыстан қайтып келдім деп, өзімді-өзім іштей мүжіп, біраз уақыт селсоқ күй кештім.

***

Бәріне уақыт емші екен. Еңсемді тіктеп, бар ықылас-ынтаммен адал еңбек етуге әр сағатымды, күндерімді босқа өткізбеуге бел будым. Сағат тілі жылжып, күндерге ұласып, өткен күндер аптаға айналып, айлар мен жылдар жымын білдірмей өте берді. Өзім қатарлас құрбылар үйлі-боранды болып, жан-жарымен қатар жүргенде мен оларға қызыға қарайтынмын. Әр босағаның киесі бар деуші еді, алғаш аттаған босағамды бекер тастап кеттім ба деп ұзақ түнге көз ілмей, ойланып шығатынмын және Аллаға ғана жарасқан жалғыздық деген үрейден қорқа бастадым. Бәлкім, тағдырым осылай шығар…

***

Бір кеште Құрманғазы атты азаматпен танысып, көп уақыт өтпей, оған тұрмысқа шықтым. Өмірге бірінен соң бірі екі қызым келді. Пәтерден пәтерге көшіп жүрсек те, оны қиындық деп ойламаппын. Балалар өсе келе қызметім де сатылап жоғарылады, айлығым да жақсы, көлігім де бар, маңайымда дос-жаран да көп, ағайын-туыс та елден үздіксіз келіп-кетіп жатады. Жан-жарым жанымды түсініп, жағдайымды жасамаса да, оған екі қызымның әкесі деп қарап, арада жұбайлық жарасымдылық болмаса да, бәріне төзуге де, көнуге де дайын едім. Сол кездегі бар алданышым – жұмысым, балаларым болатын, сол өміріме шүкір дейтінмін.

***

«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» дегендей, аяқ-астынан мекемемізге тексеру жүргізіліп, бір күнде қамауға алынып, айыпкер атандым. Ұзақ-ұзақ тергеулер, тынымсыз тексерулер қажытып, жүйкем сыр беріп, тар қапаста қамалып, не өңім, не түсім екенін ажырата алмадым. Ақтала алмадық, өзім және есепші, біріміз 8 жылды, біріміз 6 жылды арқалап, Алматы облысы, Жауғашты ауданындағы «әйелдерді еңбекпен түзету» мекемесіне жөнелтілдік. Бәрін тізбелеп қайтейін, мен ол жақта 4 жыл 8 ай отырдым. Небір арулар мен ақылды, іскер, көрікті әйелдерді де, тамаша қыз-келіншектерді де, жасы келген қарт аналарды да сол жерде көрдім. Осындайда еске түседі, Дулат Исабеков бір шығармасында «Жалмауыз кемпірдің де шыққан тегі – әйел, оны осындай күйге түсірген мына қу ит тіршілік» деп жазғаны бар еді. Сол айтпақшы, тумысынан жаны нәзік, жақсылыққа жаны құмар әйел затын темір торға телмірткен мына қу тіршілік адамдардың бір-біріне деген қаталдығы, мейірімсіздігі дер едім. Жазасын өтеп жатқан әйелдердің әр қайсысының өмірі бір деректі де, көркем шығарма. Мен 4 жыл 8 айды жанарым жасқа толып, қос перзентімді, анамды, ауылымды, бостандықты сағынумен өткіздім. Тозақта өткізген күндерімнің әр сәтін сөзбен жеткізіп айта алмаймын. Ең бастысы, шүкір дейін, бостандыққа шықтым. Алдымнан шыққан ешкім жоқ, балаларым болса Ақтөбеде, анам аурушаң болып қалған, күйеуім мен істі болған күннен-ақ қол үзген, баяғы дос-жаран да алыстаған, сотталған жан кімге керек дейсің?! Темір тордың ар жағынан далаға шыққанда, таза ауаны жұтып, аспанға тесіле қарап, ұзақ тұрып қалдым да, сенімсіз қадаммен қалаға бет алдым. Қалтамда кілтім бар, үйге жеткенше асықтым.

***

О, тоба, баяғыда мен машинадан түсіп жатқанымда, жүгіріп келіп, қал- жағдайымды сұрап амандасып жататын көршілерім бұл жолы мені көріп, бір-біріне сыбыр-сыбыр етіп, теріс айналды. Есікті ашып, ішке кірдім. Әйелі жоқ, иесіз қалған үйдің іші астан-кестең. Телефон істемейді, телевизор көрсетпейді, дел-сал болып біраз уақыт отырып қалдым да, сыртқа шықтым. Көшенің қарсы бетіндегі дүкенге барып, сол жерден достарыма, ағайын- туысқа қоңырау шалып едім, даусымды естіп қуанған ешкім болмады, тіпті менімен сөйлескілері де келмеді. Қалтамда аз ғана қаражат бар еді, дүкеннен аз-маз азық-түлік, бір жарты алып, ас бөлмеге кіріп, өз-өзіме дастархан әзірлеп жатыр едім, есік қағылып, үйге бейтаныс ер адам кіріп келді. Шынымды айтсам, мен алғашқыда қорқып кеттім

Жәмила, сәлеметсіз бе, таң қалып тұрсыз ба? Мен Рәзияның ағасы Тұрсынмын. Сізді арнайы Қарағандыдан іздеп келіп едім.

Мен есімді тез жидым

Рәзия қалай, тәуір болды ма?

Жәмила, Рәзияны апармаған жеріміз жоқ, дәрігерлер де, емшілер де емін таба алмады. Қайран, қарындасым, сандырақтап жатып, сенің атыңды сан мәрте айтатын. Бірде есін жиғанда маған аманат сөзін айтып еді, сол үшін келіп тұрмын. «Аға, бір өтінішім, қолыңыздан келгенше Жәмила тәтеге көмектесіңіз, ол – жақсы адам. Біз бір камерада 13 әйел болдық, кезектесіп ұйықтайтынбыз, мен қатты ауырғанда Жәмила тәте мені арқасына салып, болмаса, бауырына басып, балаша әлпештеп, мені ән айтып ұйықтататын. Аға, бар тілегім: ол кісіні Жауғаштыға іздеп барыңыз», – деген еді. Қарындасымның қайғысы қабырғама қатты батты, қосақ арасында босқа күйіп кеткен ботамның соңғы сөздерін есімнен шығара алмадым, өзіңізді іздеп Жауғаштыға да бардым, бостандыққа шыққан екенсіз, сол жерден мекен-жайыңызды алып, келіп тұрғаным осы. Сол күні Рәзияның ағасы маған көп қаражат берді, құжаттарыма көмектесті және Ақтөбеге қарай ұшаққа билет те алдық.

Жәмила, ауылыңызда асықпай бір айдай уақыт болыңыз, ал мына үйдің кілтін маған тастап кетіңіз, қыздарыңызбен келгенде мен сізді өзім күтіп аламын.

***

Қашанда ойымыз жақсылықтан гөрі жамандыққа ауып тұрады ғой. Тұрсын Маратұлы үйдің кілтін сұрағанда бір түрлі секемденіп қалдым, бірақ ауылға кеткім келіп тұрғандықтан, үйдің кілттерін «ләм» деместен, қолына ұстата салдым. Сол сәтте маған ешнәрсенің қажеті жоқтай, көңілім құлазып тұр еді. Көп созып қайтейін, сонымен мен ауылға аттандым. Тура бір ай болғанда қыздарыммен Алматыға оралдым, бізді ұшақтан Тұрсын Маратұлы күтіп алды. Өздерін күтіп тұрған бөтен жанды көрген қыздарым алғашқыда тосырқап қалды. Мен мән-жайды, ол кісінің қарындасы Рәзиямен бірге Жауғаштыда өткізген күндерімді, бәрін-бәрін айтып бердім. Әуежайдан үйге де келдік, сенсеңіз сыртқы есіктен бастап, үйдің ішін де танымай қалдық, күрделі жөндеу жүргізілген. Қымбат жиһаздар, үлбіреген перделер, ыдыс-аяққа дейін жаңарып, жаңғырып, жарқырап тұр. Айтарға сөзіміз жоқ. Тұрсын Маратұлына кілтті берер алдындағы арам ойымнан өзім ұялып кеттім. Арада көп уақыт өтпей, дастархан мәзірі де дайын болды. Ас үстінде Тұрсын Маратұлы жақсы тілектер тілеп тұрып, енді менің мемлекеттік мекемеде біраз уақытқа дейін қызмет істей алмайтынымды айтып, жеке кәсіппен айналысуыма бағыт-бағдар берді.

***

Менің айтайын дегенім, ел-жұрттың, ағайын-туыстың қамын ойлаған Тұрсын Маратұлы сияқты азаматтардың көп болуын тіледім. Әжем үнемі «бір жамандықтың бір жақсылығы болады» деп айтып отырушы еді. Тіпті, темір тордың ар жағында өткізген 4 жыл, 8 айыма да риза сияқтымын. Ол жаққа бармасам, Рәзияны көрмесем,Тұрсын Маратұлымен мына өмірде кездеспей, қамқорлығын көрмей, жан-жылуын сезінбей, өмірден өтерім де мүмкін еді-ау. Ризамын саған, тағдырым, Тұрсын Маратұлынсыз өткерген күндеріме өкініп, онымен кездескеннен кейінгі өзі жоқ күндерде де көп мұңайып жүрмін. Өмір атты айдында ескексіз қайықтай болып, қалтылдап қалған менің өмір жолымда кездесіп жарық сәуле шашқаның үшін Аллаға сан мың алғыс айтамын. Өзіңмен өткеретін мұңлы күндеріме де ризамын!

ҚР Мәдениет қайраткері Ләззат ҚАПЫШЕВАның

«Өмірдің өзі новелла» кітабынан алынған