СұқбатСырласу қонағы

Мұрат МҰТЫРҒАНОВ:  Күлдіру үшін қажырлы еңбек керек

Цирк сахнасында сайқымазақ деген кәсіп бар. Құлаққа тосын естілгені сияқты, ол кәсіпті екінің бірі игере алмайды. «Сырласу» қонағында» Мұтырғановтар әулетінің үлкен ұлы отбасылық кәсіптері туралы әңгімелейді.

Адамдарды жылатудан гөрі күлтіру қиын

Жылату үшін адамды ренжіту жеткілікті. Әкем екеуіміз сахнаға шығар алдында образға кіріп, сағаттап дайындаламыз. Айнаның алдында тұрып алып барлық реприздерімізді қайталаймыз. Жұмысымыздың жауапкершілігі мол. Әкем осының барлығына үйретті. 25 жыл бұрын сайқымазақтың рөлін алғалы бері жұмысына өте салмақты қарайды. Сайқымазақ болу – өте қиын, қажырлы еңбекті талап ететін кәсіп.

Сахнада отбасымды ғана ойлаймын

Бұрын әкем, анам және Кәрима болса, қазір жұбайым Алесия мен ұлым Майкл қосылды. Тек солар ғана маған күш беріп, алға жылжуыма септігін тигізеді. Алесия ұлыммен бірге бірде-бір қойылымымды жіберіп алмауға тырысады. Ең бастысы, бұл оларға ұнайды. Ұлым алғаш рет 3 айлығында менің шоуымды көрді. Ол сахнадағы әрбір көріністі бар ықыласымен қарайды. Әкесінің сахнада ойнап жүргенін сезеді.

Сайқымазақтың жұмысы оңай емес

Біздің жұмысымыздағы ең қиыны – трюктер. Сол үшін тыңғылықты дайындаламыз. Ұзақ жаттығамыз. Трюктер 100 пайызға дұрыс орындалуы тиіс. Оның барлығы да қойылым кезінде өте маңызды. Тағы бір мәселе – адамдарды тартып, оларды таңқалдыру. Қазір интернет кең тараған, көптеген телеарналар бар. Халық кез келген дүниеге тамсанып қарамайды. Сол үшін клоундарға қиын. Бірақ біз берілмейміз. Үнемі жаңғырып отырамыз.

Алматылық көрермендерге ешкім жетпейді

Көпшіліктің күліп, қошемет көрсеткені маңызды. Бізді, біздің көрсеткен шоуымызды ұзақ уақыттар бойы есте сақтаса дейміз. Сахна сыртында халық танысуға, тілдесуге, суретке түсуге келіп жатады. Бұл, әрине, жағымды. Көрермендер бізді жақсы көруі үшін сахнаға шығамыз ғой. Әр елдің көрермені әр түрлі. Бірақ ең мейірімді, ең ыстығы қазақстандықтар деп емес, дәл біздің алматылық көрермендер дер едім. Осы Алматыда ең алғаш сахнаға шықтым. Сол себептен ару қала халқының қошеметі маған әрқашан қымбат.

Мақсатымның жолында жұмыс істеймін

Келесі қадамым – Алматы қалалық циркінің лайықты директоры болу. Біздің цирк әлемдегі цирктердің ішіндегі ең мықтысы болғанын қалаймын. Бұл алдағы мақсатым және оған дұрыс келе жатырмын. Менің девизім: «Ешқашан берілме!». Әрқашан алға қарай жүре беру. Ол, тіпті, қиын болса да жақсылыққа сену, ұмтылу. Ең бастысы да – осы. Сенім алға жетелейді.

Шындық, тек қана шындық

Қатал адам емеспін. Қаталмын дегеннен гөрі әділеттімін деп айтар едім. Адамдардың әрдайым әділ, шынайы болғанын қалаймын. Шындық пен ашықтыққа бүйрегім бұрып тұрады. Шындық, шындық және тек қана шындық.

Ағылшын тілі оқулықтарына енгенмін

Өзім туралы қалжың, әзіл сөздер естімедім. Бірақ, өзімнің ағылшын тілін үйрететін арнайы оқулықтарда, энциклопедияда бар екенімді білемін. Осыларды нақты айта аламын. Мен туралы әзілдер бар шығар, бірақ жеке өзімнің құлағым шалмады. Осы журнал арқылы әзілкештер оқып, әзіл де пайда болар.

Суреттер ғаламтордан алынды