Cән мен сұлулықБет күтімі

Мұрын пішінін отасыз өзгертіңіз

Тым үлкен немесе жалпақ мұрын кез келген сырт келбетті бұзып тұруы мүмкін. Ол беттің дәл ортасында орналасқандықтан, оны жасырып қою мүмкін емес. Сол себепті әдетте әйелдер мұрын пішінін өзгерту үшін ота жасатуға бел буып жатады. Қуанышымызға қарай, қазіргі таңда пышақтың астына жатпай да мұрын пішінін өзгертуге әбден болады. Бұл материалда біз мұрын кемшілігін отасыз жасырудың бірнеше тәсілдерімен бөлістік.

Мұрын пішінін хирургиялық отасыз өзгертудің бірнеше тәсілі бар. Олар:

  • Косметиканы қолдану
  • Арнайы жаттығулар жасау;
  • Контурлық ринопластика;

Мұрын пішінін косметиканың көмегімен өзгерту

Косметика арқылы мұрынның сырт келбетін түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Дейтұрғанмен, оның кемшілігін жасырып, кішірек етіп көрсетуге әбден болады. Ол үшін сізге қарапайым тоналды крем мен контуринг көмектеседі. Мәселен:

  1.   Егер сіз мұрныңыздың ұзындығын жасырғыңыз келсе, ұшын қою түсті корректормен бояу керек.
  2.  Тым жалпақ мұрынды үстін ашық түсті, ал қанаттарын күңгірт түсті корректормен бояп, жіңішке етуге болады.
  3. Жалпы адамдардың назарын тым үлкен мұрыннан алшақтату үшін көзді не ерінді жарқын етіп бояған жөн.

Мұрын пішінін өзгертуге арналған жаттығулар

Тәжірибеде бірнеше рет сәтті қолданылған арнайы жаттығулар мұрын пішінін өзгертуге көмектеседі. Алайда барынша нәтижеге жету үшін мына жаттығуларды ұдайы және бір уақытта жасау керек:

  • Өзіңізге ыңғайлы қалыпта жатыңыз. Екі саусақпен кеңсірікті қысып, мұрын ұшын жоғары қарай көтеріңіз. Бұл жаттығуды күніне 30 рет жасау қажет.
  • Мұрынның үстіңгі бөлігін жіңішке ету үшін саусақпен мұрынды қысып, шеміршекті басып тұрып, саусақтарды асықпай төмен жылжыту керек. Бұл жаттығуды қырық ретке дейін жасаңыз;
  • Тым үлкен мұрын тесіктерін кішірейту үшін мұрынның ұшын саусақпен қысып, тыржитыңыз. Бұл ретте тесіктерді тырыстыру керек. Бұл жаттығуды он рет жасаған жөн.

Отасыз ринопластикаға жүгіну

Егер косметика мен жаттығулар айтарлықтай әсер етпесе, екпелерге ден салып көріңіз. Отасыз ринопластика мұрынға пышақтың ұшын тигізбей, оны сырттай әдемі етуге бағытталған. Бұл процедура кезінде мұрынның кем тұстарына арнайы препарат енгізіледі.Екпелер мұрныңызды айтарлықтай кішірейте алмаса да кем тұстарын жасырып, асимметрияны жоюға көмектеседі. Гормоналды препараттар мұрынды жіңішке етіп, артық тіндерді кетіруге көмектеседі.

Процедура кезінде ауырсынуды басу үшін жергілікті анестезия қолданылады. Сондай-ақ, жасалу уақыты да ұзақ емес. Алайда процедураның нәтижесі де айтарлықтай қысқа деуге болады. Негізінен екпе салдырған адамдар екінші рет процедураға бір жылдан кейін қайта жүгінеді.