Екеудің құпиясыЖан әлемі

Мыс қазанда қайнайтын азап оты

Адамдар бір-бірін қашан да қызғанады.  Бұл – жақын адамын жоғалтып алудан немесе оны өзінің жеке меншігі ретінде есептеуден туындайтын сезім. Адам бойындағы қызғанышты жою немесе оны ауыздықтау мүмкін емес. Бірақ оны әркім өзінің шама-шарқынша тізгіндеп отыруға үйренуі керек. Қызғанышқа ерік беру –  денсаулыққа зиян, әрі  әдепсіздік.

 Қызғаныш – ауру.

Қызғаныш – қалыпты жағдай, қызғаныш – мінез, қызғаныш – ауру.  Адамның темпераменті мен мінезі, өмір сүру жағдайы, әлеуметтік статусына да байланысты. Ол адам бойына балалық шақтан бастап сіңетін және бақталастықтан басталатын балалық сезім. Орынсыз, шектен тыс қызғаныштың жаман мінезге айналары сөзсіз. Бұл жағдайда қызғаныш адамның өзіне де, отбасына да жақсылық әкелмейді. Бұл сезім балалық шақта ағалы-інілер және апалы-сіңлілер арасында пайда болады. Олар ата-анасының сүйіспеншілігіне басқасынан көбірек бөленуге тырысады. Егер бала ерте балалық шақтан ата-анасының назары мен махаббатына толық қанып өссе, қызғаныш сезімі оңай өрбиді. Ал ата-анасының қамқорлығын жеткілікті сезінбеген баланың жеке тұлғалық дамуы бұзылуы мүмкін. Үлкен адамдардың бойындағы қызғаныш – балалық шақтан қалыптасқан мінез-құлықтың бір салдары.

Балалық шақтан «естелік».

Нәресте кезінде баланы еркелетіп, назарда ұстаған дұрыс. Бірақ бала 3 жастан асқанда шектен тыс қамқорлық көрсетіп, бақылап отыру— қате. Ата-ананың артық мазасызданып, шектен тыс талаптар қоюы — баланың жеке кеңістігін бұзады. Оның ісіне жөнсіз қол сұға беру — оның мінез-құлқына кері әсер етеді. Осындай қыспақта өскен бала, кейін есейгенде, осы әдетін өзінің ерлі-зайыптылық өмірінде де қатаң ұстанатын болады. Жұбайына тәуелді, өз-өзіне сенімсіз, өзін төмен бағалайтын адамдар немесе керісінше, жұбайын өзінің меншігі ретінде қарайтын, тым өзімшіл, өзінің айтқанын орындатқанды жақсы көретін адамдар қызғаншақтыққа бой алдырады. Осылайша шаңырақ астында  түсініспеушілік, жанжал жиі орын алады.

Қате пікір.

Кейде, ерлі-зайыптылар: «Қызғанады — демек, сүйеді» деп ойлап жатады. Өкінішке қарай, олай емес. Әрине, қызғану— сіздің ол адамға қымбат екеніңізді білдіреді, бірақ бұл әрқашан махаббаттың белгісі бола бермейді. Жақсы көреді деп, жасанды қызғаныш сезімін тудырудың қажеті жоқ. Мұндай жасандылық— өзіңізге назар аудартқанымен де, арадағы байланысты одан әрі ұзақ сақтай алмайды. Жұбайыңыздың мүддесін құрметтеп, оның бостандығын шектемеген отбасының іргесі — берік, шаңырағы — биік болады. Махаббат пен сенімсіздік қатар жүре алмайды.

Отбасында біреуі екіншісінің әр басқан қадамын аңдып, өзінің қалауы мен талаптарынан жұбайының қалауы мен талаптарын дұрыс ажырата алмаған жағдайда мағынасыз қызғаныш пайда болады.  Мұндай қызғаншақ адам өзінің жұбайына әрқашан күдікпен қарап, өз қиялында неше түрлі интимдік қойылымдарды ойлап тауып, қызғаншақтық деген дертке ұшырайды.

Сезімді басқар!

Жиі қызғану — еркектерді клиникалық формаға алып келеді. Көп жағдайда ол қызғанышқа сылтау ойлап табады да, өзінің жағдайын объективті бағалай алмайды.
Сондықтан, егер сіз өзіңіздің ара қатынасыңызды бағалайтын болсаңыз, өткенді қозғап, сүйікті адамыңызға бұрынғы романдарыңыз туралы айтудың қажеті жоқ. Бұл жағдай жұбайыңыздың жанын жаралап, оның болашақта ауруға айналар қызғанышының туындауына себеп болуы мүмкін.

Егер Сізді күйеуіңіз қызғанатын болса, онда оның назарын эмоционалды тәуелділік дәрежесіне аудару керек және мұндай қатынастардың барлық теріс жақтарын оған тізіп көрсеткен дұрыс. Кейде «жұбайым мені тастап кете ме?!» деген қорқыныш — себепсіз қызғаныш тудырады. Егер ол өз сезімін еркіне бағындыра алмаса, онда психотерапевке апару керек.  Қызғаныш дертіне шалдыққандар өзін өзгертуге тырысуы міндетті емес, оның жәй ғана бұл сезімнен құтылуды қалағаны жеткілікті. Егер ол оны жете түсіне алса, онда қызғанышты басқару оңай болады.

Өзіңді жең!  

Егер Сіз қызғансаңыз онда, өзіңіздің сезіміңізді жеңуге талпынып көріңіз. Жөнсіз қызғаныш – опасыздыққа апаратын қысқа жол. Сіздің жұбайыңыз өзінің еркіндігі мен құқығын дәлелдеу үшін шәлкез мінез көрсетуі мүмкін. Егер сізге айналаңыздан өз бәскелестеріңіз көрініп тұрғандай болса, онда сабырлы болып, ақылмен әрекет жасап, эмоцияңызды басқаруды үйреніңіз. Ең бастысы, болған жағдайды ой елегінен өткізуге тырысыңыз. Мүмкін сіз жәй ғана жұбайыңыздың жетістіктерін қызғанатын шығарсыз, әсіресе сіздің мамандығыңыз болмаса, жұмысқа шығуды армандап жүрген үй шаруасындағы әйел болсаңыз, жұбайыңыздың жиі баратын іс-сапарлары, жұмыстан кеш келуі сізді жаман ойларға жетелеп маза бермесе —  күйзеліске түсесіз. Күйзелістегі адам ашушаң келеді, өзіннің мінезін басқаруға дәрменсіз болады. Балалар қараусыз қалып, ойыңыздан жұбайыңыз шықпай, оған деген сенімсіздік, қызғаныш өрши түскеді. Жарыңызды өзіңізден алшақтатқаныңыз аздай, жиі болатын жанжал енді отбасының ыдырауына әкеліп соғуы ықтимал.

Қоғамда азаматтық некеде тұрып жатқан жұбайлар бар. Азаматтық некеде тұрған жұбайлар арасында тиянақсыз қызғаныш болады. Оның біреуі бұл қарым-қатынасты ұзақ және тұрақты деп есептесе, екіншісі ешқандай жауапкершілік алмай, өзін еркін сезінеді. Бұндай кикілжіңнен арылу үшін бір-бірін жете түсінуге тырысу керек. Есіңізде болсын, жұбайыңызға күдікпен қарап, ылғи бақылауда ұстауға тырыссаңыз, ерте ме, кеш пе  қарым-қатынасыңызды бұзып, өзіңіз қашқақтаған нәрсеге тап боласыз. Ол сізден кетіп қалады. Сіз жұбайыңыздың еркіндігін шектеген сайын, ол қыспақтан шығуға талпына түседі. Соның салдарынан, опасыздық орын алады. Ойланбастан жасалған қадамдарға жауап бергенше, ақыл-парасатқа жеңдіргеніңіз— мың есе артық.

Майгүл БАҒЫБАЕВА,

психолог