Отбасы бюджеті

Несие тарихын дұрыстау: «Қара тізімнен» қалай шығуға болады?

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың несиелік қарызы шамамен 6 триллион теңге. Олардың дені - тұтынушылық несиелер. Яғни несиелер тұрғын үй, көлік, техникалық бұйымдар, қымбат жолдамалар сатып алу мақсатында алынған. Несиені алуын алып, оны төлей алмай, әр түрлі өмірлік қиындықтарға тап болғандар аз емес. Несие тарихы бұзылып, тіпті, екінші рет несие берілмей қалатын жағдайлар да кездеседі.

Несие тарихы деген не?

Несие тарихы – сіздің банктерден, кредиттің ұйымдардан алған қарызыңыз туралы мәліметтер жиныны. Ондай деректерді «Бірінші несие бюросы» жинайды.

Несие тарихыңызды интернет арқылы екі түрлі жолмен ала аласыз. Біріншісі – Электронды үкімет, яғни www.egov.kz сайты арқылы. Элекронды-сандық қолтаңба және банктің төлем картасы арқылы электронды үкіметтің сайтынан осы мәліметтерді 15 минутта алуға болады. Екіншісі, www.myth.kz және Бірінші несие бюросының сайтынан ала аласыз. Несие тарихы жылына бір рет тегін беріледі. Егер бір жыл ішінде екінші рет алатын болсаңыз онда әр алғаныңызға 500 теңге ақысын төлейсіз.  Ең әуелі, несие тарихы банктер мен несие беретін мекемелер үшін өте маңызды. Банктер мен микроқаржы ұйымдарынан келген ақпараттардың негізінде кредиттік бюро несие тарихын жасайды. Оны тазалауға немесе өзгертуге болмайды. Жалпы, несие тарихында несие мерзімін ұзарту қай айда, қандай сомада болғандығы және қанша күнге созылғандығы туралы ақпарат та көрсетіледі

Әр банктің шарты әр түрлі

Несие тарихын бағалауға келгенде әр банк әр түрлі талап қояды. Мекемелердің несие беру саясаты бір-біріне ұқсамайды. “Несиелік бюролар мен ҚР несиелік тарихтарды қалыптастыру туралы” ҚР Заңына сәйкес, несие тарихындағы мәлімет соңғы жаңартудан бастап 10 жыл көлемінде сақталады.

Бірақ, несие тарихы өшірілмейді. Яғни, 10 жылдан асқан несие келісімшарттары туралы ақпараттар ғана өзексіз болады. Ақпарат өзексіз, алайда, ол тарихыңызда жазылып тұрады.

Несиені мерзімінен бұрын төлеу несие тарихына әсер ете ме?

Мамандардың айтуынша, банктегі несиесін үнемі мерзімінен бұрып төлеп тұрғандарға да несие беруден бас тартқан жағдайлар болып тұрады екен. Бұл несиені мерзімінен бұрын төлеудің банкке тиімсіз болуымен байланысты болуы мүмкін. Яғни, несиені бірден төлеу оны бөліп төлеуге қарағанда банкке табыс аз түсіреді.

Дегенмен бұл жағдайда несие тарихы еш бұзылмайды. Несие тарихының бұзылған, бұзылмағанын банк өкілдері өзі шешеді. Кейбіреулер сіздің несие тарихыңызды банк саясаты үшін тиімді деп тануы да мүмкін. Бұл, әлгінде айтқандай, банктің несие беру саясатына тікелей байланысты.

“Бұзылған несие тарихы” деген не? 

“Нашар несие тарихы” деп төлеу күнін көп уақыт кешіктіріп алғаны туралы мәліметі бар несие тарихын айтады. Осындай несие тарихы бар адамдарға несие беріле ме, жоқ па? Оны әр банк өзі біледі.

Несие тарихын жақсартудың жолы бар ма?

Қарыз таризыңызды жақсарту үшін аз сомаға немесе тауарды несиеге алып, оны уақытылы төлеп, дер кезінде жауып жүру керек. Сол кезде ғана бқзылған тарихыңыз жақсарады. Кредит берушілерге төлеп қабілетіңізді көрсетіп, кейін көбірек сомадағы несиені алуға өтініш білдіріп көресіз. Тарихыңызды жақсартудың бұдан басқа жолы жоқ.