Бала саулығыДенсаулық

Баланы салауатты тамақтануға баулыңыз!

Спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден арылу, дұрыс тамақтану - бұл бәріне белгілі, мықты денсаулық пен ұзақ жасаудың рецепті. Тамақтану адамның өмірлік қажеттігі және денсаулық кепілі. Оны өзіңіз ұстанып, қазірден балаңызға үйретсеңіз құба-құп. Егер сізге ақпарат жеткіліксіз болса, өзіңіз арнайы орындарға барып кеңес алыңыз. Ал, балаңызды салауатты тамақтану үйірмелеріне жаздырғаныңыз жөн.

Дұрыс тамақтану жүрек-қантамыр, асқазан-ішек жолдары, қант диабеті, остеопороз, онкологиялық аурулардың алдын алу үшін, сыртқы орта әсеріне қарсы тұру үшін, ағзаның жұмысқа қабілеттілігін арттыру үшін, белсенді ұзақ өмір сүру үшін қажет.

 Ендеше, дұрыс тамақтанудың 6 ережелесіне тоқтала кеткейік:

1.Жиі әрі аз-аздан тамақтану (әр 2,5— 3 сағат сайын тамақтану. 1 күнде 5 рет тамақтану қажет);

2. Рационда ақуыздың, майдың және көмірсутегінің болуы міндетті;

3. 1 күн ішінде тұтынатын майды, ақуызды және көмірсутегін ағзаңыздың қалауына қарай қолдану;

4. Таза су ішу (күніне 2 литрден жоғары мөлшерде су ішу керек);

5. Таза тамақ (жартылай дайын, тез дайындалатын тағамдардан және тәттіден бас тарту)пайдалану;

6. Калория нормасын сақтау.

Сіз жоғарыдағы дұрыс тамақтану ережелерін ұстана отырып, артық салмақтан қиындықсыз арыласыз деген сенімдеміз. Әрі деніңіздің саулығын да бақылап отыра аласыз. Бұл тәртіпті балаңызға да ерте бастан үйретсеңіз, оның дені сау, сергек азамат болып өсуіне көмектесесіз.

Тәттіге шектеу

Иә, баланы тәттіден шектеп тастау қиын. Сондықтан, бұл жерде тәттіден мүлдем бас тарту туралы жазылмаған. Дегенмен тәттіні аз қолдану немесе мүлдем қолданбау сіздің және балаңыздың денсаулығына пайда әкелері сөзсіз.

Қазіргі таңда тамақтану мәселесі бірқатар себептерге байланысты бірінші орынға шықты. Экологиялық ортаның бұзылуы, ағзаға қажет компоненттердің жетіспеуі, дұрыс тамақтанбау, сапасы төмен азықтардың көбеюіне байланысты бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналғаны рас.  Экология нашарлайды, ал соның нәтижесінде біздің денсаулығымыз бен күшіміз әлсірейді.

Ағзаның тамақпен, сумен, ауамен және дәрі-дәрмек заттарымен баратын зиянды заттарды шығарып тастауға күші жеткіліксіз. Сау адам жейтін асына жиі зейінсіз қарайды. Ал, ауырып, күнделікті жарнама беттерінен түспейтін ең жаңа препараттарды іздей бастайды, сонымен, тамақ сияқты сенімді және тұрақты емдеу құралы туралы ұмытады.

Гиппократтың өзі былай деген: «Біздің барлық емдеу құралдарымыз азық-түлік заттары болуы керек, ал азық-түлік заттары емдік заттар болуы керек».

«Аспаздар күнін» қалдырмаңыз

Салауатты, құнарлы тағамдарды халыққа ұсыну, оны балалардың бойына ерте бастан сіңіру мақсатында таяуда Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстандағы Nestle компаниясының өкілдері «Халықаралық аспаздар күнін» ұйымдастырды.

Шара кезінде алматылық және елордалық бас аспаздар өздерінің тәжірибелерін жас өрендермен бөлісті. Ойын форматында өткен жиында салауатты тамақтанудың біздің ағзамызға қаншалықты пайдасы барын түсіндірді. «Халықаралық аспаздар күні: Құнарлы тамақ қалай әсер етеді» атты ашық сабақ Nestle-нің «Сау бала» жаһандық бастамасының бірі. Мақсаты – 2030 жылға дейін 50 мың баланың салауатты өмір салтын ұстануына көмектесу. Халықаралық бас аспаздар қауымдастығы құнарлы тамақты қызықты етіп дайындап, балаларды аспаздық өнерге баулуды да мақсат еткен.

Биыл «Дұрыс тамақтану мектебі» әлеуметтік жобасының бастауыш сынып оқушыларының тамақтану мәдениеті бағыты бойынша Алматы және Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерден 60 бала тәлім алып, жобаға қатысып жатыр. Бағдарлама басталғалы барлығы 200 бала қатысқан. Компания бұл санды 21 000-ға жеткізуді және бас аспаздар мектебінің санын арттыруды көздеп отыр.