Нумерология

Нумерология: Маусымдағы сандар сыры

Нумерологиялық болжам – өмірлік міндетіңіз бен мансабыңызды, қарым-қатынасыңыз бен қаржылық жағдайыңызды басқаратын процестер туралы білу мүмкіндігі. Оны үйде отырып та жасауға болады.

Айдың жеке санын есептеу үшін туған күніңіз бен айыңызды қосыңыз. Мысалы: 5 қараша (5+11=16). Содан кейін бұл қосындыға айдың (маусым – 06) және ағымдағы жылдың қосындысын қосамыз: 06+2022=6+2+2+2=12. Шыққан нәтижені бір таңбалы санға дейін жеткіземіз (16+12=28=2+8=10=1). Нумерологияда 9 өмірлік кезең болғандықтан, ал 10 тоғыздан көп болып табылатындықтан, 1 санын ғана қалдырамыз. Сәйкесінше, маусымның негізгі энергиясы бір болмақ.

Жеке саныңыз 1 болса…

Егер жеке саныңыз 1 болса, бұл ескі және жаңа таныстармен кездесу уақыты болып саналады. Барлық ұсыныстарға, әдістерге, идеяларға және жаңа жобаларға уақытылы жауап бергеніңіз жөн. Десе де алаяқтардың құрығынан сақ болыңыз.

1 – түрлі бастамаларды білдіреді. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді қарастырған дұрыс. Әрекет жасаңыз: жаңа іс бастаңыз, достар табыңыз, ойыңыздағы ерекше идеяларға ерік беріңіз. Маңызды жоспарды іске асыруды кейінге қалдырмаңыз. Осы айда әзіл-оспақ, парасаттылық пен күш-қуат жолыңызды ашып, сәттілік әкелуі ықтимал.

Жеке саныңыз 2 болса…

Ағымдағы айда көшбасшылыққа емес, ынтымақтастыққа баса мән беру керек. Көмек немесе кеңес сұрап келген адамдарға қол ұшын соза білсеңіз, ақылға қонымды шешім болмақ. Идеялар тоғысында да, тәжірибе барысында да көптеген жаңа дүниелерді ашасыз және жинақталған тәжірибе алдағы уақытта оң нәтижесін берері сөзсіз. Сондай-ақ, серіктестік қабілетіңіз бағаланатын болады. Таныстарыңыздың арасындағы бір-бірін сүйетін, тек арасынан қара мысық өткен жұптарды татуластыру қолыңыздан келері айдан анық.

Қандай жағдай болмасын ренжімеңіз, сабырлы бола біліңіз. Осы айда салқынқандылық пен ұқыптылықты сақтау аса маңызды, өйткені қандай да бір қарым-қатынас махаббатқа ұласуы немесе мансабыңызды өсіруі бек мүмкін. Барлық қиындықтардың шешімін тауып, сүйкімділігіңізді жоғалтпаңыз.

Жеке саныңыз 3 болса…

3 саны қуаныш-шаттықты, шығармашылық талпынысты әрі өзін-өзі танытуға деген ұмтылысты білдіреді. Бұл ай ойын-сауық құрып, сауда жасау үшін аса қолайлы болып табылады. Бұрыннан сурет салумен, ән айтумен немесе өзге де сүйікті істеріңізбен айналысқыңыз келетін болар. Ендеше, шабытыңызды оятатын сәт туып отыр.

Үйдегі жиһаздардың орнын ауыстыру немесе сыртқы келбетіңізге назар аудару пайдалы болмақ. Стилистпен кеңесіп, гардеробыңызды жаңартыңыз.

Көңілді жүріңіз, көпшілікпен араласыңыз, жиі сыртқа шығып отырыңыз. Маусым айында көптің назары сізде болады, адамдар бойыңыздағы ең жақсы қасиеттеріңізді бағалайды, сонымен бірге жаңа таныстықтар да пайдасын тигізеді.

Жеке саныңыз 4 болса…

Төрттік үшін маусым айы қарқынды әрі ауыр жұмыс кезеңі болмақ. Тапсырмаларды уақытылы орындап, жауапкершілікті арттыру маңызды. Қанша жерден жағажайда демалуды қаласаңыз да, жұмысты ұмытпау керек.

Ақылға салып ойланып, байсалды шешім қабылдауды қажет ететін жағдайлар туындауы мүмкін. Екінші орында тұрған мәселелердің маңыздылығы артады. Ағымдағы ай өзіндік жұмысты талап ететіндіктен, өзіңізге ғана сенім артуыңыз керек. Жігер мен табандылыққа тасып тұрса да, демалуды ұмытпаңыз. Яғни жұмыс денсаулыққа залал келтірмеуі керек.

Жеке саныңыз 5 болса…

Бұл сан жаһандық өзгерістерге жақын. Яғни ескі әдеттерді тастап, мүлде басқа деңгейге шығу кезеңін білдіреді. Артық проблемаға ұрынбас үшін бәрін ақылға салып, егжей-тегжейлі қарастыру керек. Қателіктерден сабақ алудың, пікірлес адамдарды іздеудің уақыты келді.

Өзгерістерге қарсы жүзу барысында шектеуді ұмытпаңыз. Жалпы жеке мақсатқа жету жолында ережелер мен ұстанымдарды жиі бұзамыз. Ақыл-ой мен парасаттылықтың арқасында өзіңіз үшін бағалы қарым-қатынастарды сақтайсыз және ақымақтық жасамайсыз.

Жеке саныңыз 6 болса…

Отбасыңызбен бірге уақыт өткізуге таптырмас мүмкіндік туып отыр. Жақындарыңызға көбірек көңіл бөліңіз. Туыстарыңыздың бірі көмегіңізге мұқтаж болар, бәлкім. Жұмыс пен үйдегілердің арасында жүріп, ашуға ерік беріп алмас үшін күш-қуатыңызды теңдей бөліңіз.

6 саны махаббат пен үйлесімділікті білдіреді. Маусым алтыншы ай болғандықтан, энергия да екі есе артады. Демек, екінші жартыңызды кездестіруге, не болмаса бұрыннан бар қарым-қатынастарды заңдастыруға қолайлы.

Жеке саныңыз 7 болса…

Жеті саны жалғыздық пен философиялық ойларға деген ұмтылысты көздейді. Уақытыңыздың біраз бөлігін табиғат аясында өткізуге тырысыңыз.

Өткеніңізді, өмірлік тәжірибені талдауға ұмтылыс артады. Ең бастысы, өз-өзіңізді сөгуді доғарыңыз, барлығын рет-ретімен орындап, маңызды шешімдерде сабырлық танытыңыз.

Жеке саныңыз 8 болса…

Бұл сан иелері үшін ағымдағы айдың маңыздылығы ақша ағымында болмақ. Әдеттегіден әлдеқайда жоғары табыс табуыңыз ықтимал. Маусым айында бақылаушы рөлін ұстанып, шетте қалу мүмкін болмайды. Сізге іскерлік белсенділік қажет болады. Жеке тиімділікті арттыру мүмкіндіктерін қарастырған жөн.

Айналаңыздағы жағдайлар мансап сатысымен жоғары көтерілу және өркендеу үшін тиімді болмақ. Алдыңызға батыл мақсаттар қойып, қалағаныңызға қол жеткізіңіз.

Сегіз – симметрия әрі тепе-теңдік. Түсініспеушілік пен ұрыс-керістер орын алған қарым-қатынастарда екінші мүмкіндік туады. Жалғыз жандар өмірлік бақытын таба алады.

Жеке саныңыз 9 болса…

Бұл сан иелері үшін айдың басы эзотериканы, өзін-өзі тану жүйелерін әрі рухани дамуды үйренуге ыңғайлы болмақ. Жалғыздық пен қажетсіздік сезімі бойыңызды билеуі мүмкін. Теріс тербелістерге берілмеңіз және өзіңіз үшін шағын мерекелер ұйымдастырыңыз.

Достарыңыз бен таныстарыңыз кеңес алу мақсатында әдеттегіден жиірек ақыл сұрауы мүмкін. Ашкөз болмаңыз және білгеніңізбен ашық бөлісе біліңіз. Жақсылық әрқашан еселеніп қайтады.

Жұмыста зейінмен және мұқият әрекет етіңіз. Егер өзіңізді сәтсіздікке ұшырағандай сезінсеңіз, артыңызға қарап, өміріңіздегі өткен қиндықтар туралы ойланыңыз.