СұқбатСырласу қонағы

Нұржан Бажекенов: Дауыс – әншінің жалғыз құралы

Опера театрын тенорсыз елестету мүмкін емес. Өйткені қойылымдағы басты кейіпкердің рөлін тек тенорлар орындайды. Сондай ерекше дауыс иесі, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисті Нұржан Бажекеновпен болған сұхбатқа назар сала отырыңыз.

С: Нұржан мырза, әңгімемізді көпшілікке беймәлім «тенор» ұғымынан бастасақ?

Тенор өте жоғары нотада ән айтатын ер адам. Екінің бірі тенор бола алмайды. Себебі дауысты жоғарғы нотада ұстап тұру оңай емес. Олар әлемнің өзінде өте аз. Драмалық тенорлар, бастар мүлде аз деуге болады. Бұл дауысқа адам біртіндеп қол жеткізеді. Спортпен шұғылданғанда денені біртіндеп үйретеді ғой, вокалмен де сол сияқты жұмыс жасау керек. Бірден үлкен партиялардан бастауға болмайды. Ол дауысқа зиян. Дауыс – әншінің жалғыз құралы. Сондықтан өте абай болу қажет.

Өзім де алғашында кіші партиялардан бастағанмын. Театрда жұмыс істеп жүргеніме 14 жыл. Бүгінге дейін театр репертуарындағы тенорға арналған барлық рөлді ойнап шықтым десем болады. Өскеменде оқып жүргенде мен баритондар қатарында едім. Оқудың соңғы жылдарында Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында халық әртісі Ғафиз Есімовтің тыңдалымынан өттім. Ол кісі маған: «біраз жаттықсаң, тенорлық дауысқа жетуге болады» деп, кеңесін берді. Содан бері осы дауыспен жұмыс жасаудамын.

С: Сіздің бүкіл өміріңіз музыкадан тұратын сияқты?

Иә, солай. Туғаннан музыкамен сусындап келемін. Өйткені атам мен әжем, әкем есту қабілеті арқылы кез келген аспапта ойнайтын. Әртүрлі әннің мақамына түсе кететін. Кәсіби түрде айналыспағанымен, музыкалық қабілеттері өте жоғары болды. Ағам да музыкадан алыс емес. Бірақ бұл өнерді мен ғана өмірлік кәсібіме айналдырдым. Екінші сыныптан бастап Өскемендегі музыка мектебінде оқыдым. Одан кейін қазіргі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды вокал және баян бойынша бітірдім. Сосын Алматыға оқуға түстім. Музыканы меңгеру оңай емес. Қарап отырсам, концерваторияның өзін 9 жылдай оқыппын.

С: Шетелдерге қаншалықты жиі шығасыз?

2010 жылы Мәдениет министрлігің қолдауымен 10 адам Италияға барып 3 ай тәжірибеден өтіп келдік. Естен кетпес, керемет сәттердің бірі болды. Атақты «La Scala» академиясында өте білікті мамандардан дәріс алдық. Жалпы, гастрольдік сапармен жан-жаққа шығып тұрамыз. Жақында ғана Италияға барып, «Інжу-маржан іздеушілер» деген атақты спектакльді қойып қайттық. Өзім жеке шақыртулармен Ресейде, Қазанда, Кипрде, Парижде болып қайттым.

С: Бір қойылымды қою үшін қандай сатылардан өтесіздер?

Бір қойылымды дайындауға бір жарым, екі ай уақыт беріледі. Рөлге тағайындау кезінде кастинг жарияланады. Кастингтен өткен адам өзіне тән операны жаттайды. Оны әнге қосып айту үшін күнделікті бір сағат немесе екі сағаттан дайындалып отырады. Негізінен, спектакльдер 3 жарым 4 сағатқа созылады.

Өзім бүгінге дейін 20-дан астам партия орындадым. Әрқайсысы 200-300 беттік шығарма, тіпті кейде 398 беттік поэма болуы мүмкін. Соншалықты өлең жолдарының есімде қалай сақталатынына өзім де таңғаламын. Бәрі бір Алланың құдіреті ғой. Шығарманың сөздерімен қатар ноталарды жаттаймыз. Оған қоса, операны әр композитордың стиліне сай орындауымыз керек. Бір сағат ән айтқан опера әншісі екі жарым сағат қара жұмыс жасағанмен бірдей күш жұмсайды. Сонда төрт сағат спектакль қоюды ойлай беріңіз. Сондықтан опера әншісіне ең бірінші жақсылап тынығып, құнарлы тамақтану керек.

С: Операны кез келген адам қабылдай алмайды. Бұған не дейсіз?

Бізде операны сүйіп тыңдайтындар өте аз. Меніңше, көбісі құлақпен естіп, жан-тәнімен сезінбеген соң, театрдан айналып өтеді. Ал қойылымды өз көзімен көрген адам ұнатып, келесі қойылымдардың бірде-бірінен қалмай келіп жүргенін көріп жүрміз. Опералар қазақ, италиян, орыс, неміс, француз тілдерінде орындалады. Әр тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Қазір техника дамыған, шет тіліндегі қойылымдардың аудармасы экранда көрсетіліп тұрады. Негізінде, қойылым туралы алдын ала оқып алған да жақсы. Сонда көрермен көп нәрсені ұғып, қабылдай алады. Опералық қойылымдар түсіне білген адамға өте керемет. Театрдың сәулетінен бастап, қойылымдық киімдер, сахнадағы ән мен оқиға адамның ішкі жан-дүниесін қозғап, ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз. Сондықтан «мың рет естігеншебір рет көрген» артық дер едім.

С: Жұмысыңызды жақсы көретініңіз көрініп-ақ тұр. Алайда басқа салаға кету ойыңызда болды ма?

Ондай кездер болады. Театр актерларының барлығы өз ісіне берілгендер. Шындығында, бізде нағыз өнер аса бағаланбайды. Саханаға кеше келген, жап-жас әртістер атақ-дәреже алып жатқанда, қаншама еңбек сіңірген өнер адамдары тасада қалып қойып жатқаны өкінішті. «Сананы тұрмыс билейді» дегендей, ер адам болған соң, сүйікті ісіңмен ғана айналысып жүре беруге де болмас. Еңбек еленсе, біз алаңсыз өнермен айналысып, мәдениетке жаңаша, тың дүнеиелер алып келер едік. Біз жас кезімізде театр десе ішкен асымызды жерге қоятынбыз. Қазір сол сезім өшіп қала ма деген қорқыныш та жоқ емес. Алайда жақсылыққа сенеміз. Өз театрымды жақсы көремін. Сондықтан бірден қиып кете алмасым анық.

С: Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?

Жұбайым – белгілі опера әншісі Венера Алпысбаева. Өзі Ақтөбенің қызы. Керемет дауыс иесі. «Мықты» вокалист деп айта аламын. Оның тетарға келгеніне көп бола қойған жоқ. Қазір біршама партияларды жаттап, қойылымдарға қатысып жүр. Мен консерваторияның соңғы курсында оқып жүргенде ол колледжаралық конкурсқа қатысуға келді. Сол кезде танысып, алты жыл дос болып жүрдік. Мен аспирант, ол студент болды. Содан бірге бас қостық. Қазір Әнуар атты бес жасар ұлымыз бар.

С: Өзіңізді бақыттылар қатарына қосасыз ба?

Әрине, себебі сүйікті әйелім, балам қасымда, әке-шешем, бауырларым аман-есен, Аллаға шүкір. Осындай керемет театрда сүйікті жұмысыммен айналып жүрмін. Өскеменде жүргенде үйдегілер маған «осындай оқу орнына түсесің, үлкен театрға жұмысқа тұрасың» деп, үнемі қанат бітіріп отыратын. Бірақ өзім мұндай теарда жұмыс істеймін деп еш ойламаппын. Концерваторияға оқуға түскеннен бастап, неше түрлі армандарыма қол жеткізе бастадым. Көптеген ойларым іске асты. Сондықтан өзімді бақытты жан санаймын.

С: Театрда орын алған қызық оқиғалар бар ма?

Өз басымнан өткендері нақты есімде жоқ. Дегенмен, үлкен ағаларымыздан естігенім бар. Бірде «Абай» қойылымы кезінде Айдар мерт болады. Абай рөліндегі ағамыз қайғырып, денесін барынша құшақтай алғанда Айдардың жасанды мұрны қисайып кетеді. Оны көрген ағамыз әбден күлкісі келіп, образын зорға алып шыққан екен. Тағы бір қойылым кезінде бір кейіпкер өліп жатады. Оның қасындағы басқа адам кейіпкердің аяғын немесе тағы бір жерін шұқылап отырады. Сөйтсе әлгі өліп жатқан адам «қой, қой деймін саған, өліп жатқан адамның мазасын алып» деп әрең шыдапты. Сол сияқты әріптестер арасында өзара қалжыңдар орын алып жатады.