Бала тәрбиесіОтбасы

Оқушының таңғы асы: есте сақтауына кері әсер ететін тағамдар

Баласы мектепке барып жүрген әрбір ата-ана «Таңғы асқа не берем?» деген сұраққа жауап іздері анық. Бұл сұрақтың астарында баланың денсаулығына қатысты мәселе жатқаны сөзсіз. Таңғы астың құрамында күндік калорияның 25% болуы тиіс. Тағам сіңімді, бала сабақ кезінде әлсіреп қалмайтындай құнарлы болуы шарт. Сондықтан, таңғы асқа азық таңдар кезде мұқият болыңыз.

ҚҰРҒАҚ ТАҢҒЫ АС ПАЙДАЛЫ МА?

Құрғақ түйіршіктер, жармаларды сүтке араластырып бере салудан оңайы жоқ. Жұмысына асыққан ата-ана үшін бұл жақсы мүмкіндік. Алайда, құрғақ таңғы асқа әуес болудың қажеті жоқ. Мұндайды ыстық тамақ әзірлеуге уақытыңыз болмаған кезде беруге болады.

Құрғақ таңғы астың кемшілігі – қандағы глюкоза деңгейін бірден жоғарылатын жіберетін қанттың мөлшері көп. Жиі пайдалану диабетке, артық салмаққа, аллергия және асқазан-ішек жолдарының жұмысының бұзылуына алып келеді.

Құрғақ таңғы асты балаға аптасына 1-2 рет қана беруге рұқсат. Бірақ, тым көп болмасын. Ең дұрысы, түбегейлі бас тартып, оның орнына құрамында қанты аз, жасұнығы көп өнімді тұтынуға тырысыңыз.

ҚАНТ ШӘРБАТЫ ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕЛЕР

Осы бір кең таралған таңғы астың пайдасы өте аз. Оның құрамында май, қант, хош иістендіргіштер өте көп.

Егер бала таңғы ас кезінде сүт өнімдері мен ірімшікті жемесе, онда балама ретінде сырты шоколатпен қапталған сүзбелерді беруге болады. Бірақ, күнде емес. Оны таңдар кезде құрамы барынша қарапайым болуын және жарамдылық мерзімінің қысқалығына назар аударыңыз. Сүзбе құрамында ірімшік, қант және қант шәрбаты болуы тиіс. Сары май мен кілегей болса алудың қажеті жоқ.

БОТҚАНЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ?

Ботқа – тек балаға емес, сонымен қатар ересектерге де пайдалы таңғы ас. Бір күні қарақұмықтан, келесі күні сұлыдан, үшінші күні жүрегіден, одан кейін арпадан дайындағаныңыз дұрыс.

Бәріміз «манка» деп атап кеткен ұнтақ жармаға көп әуес болудың қажеті жоқ. Оның құрамында құнарлы заттар өте аз.

Баланың ботасын сүтке пісірген жөн. Дайын өнімге бір тілім сары май қосыңыз. Бұл – барлық диета түрінде рұқсат етілген жалғыз жануар майы. Сонымен қатар, сары майдың құрамында пайдалы май қышқылдары мен толыққанды ақуыз бар. Ботқамен бірге йогурт, ірімшік ұсынуға болады. Бірақ, нан берудің қажеті жоқ.

ТАҒЫ НЕ ДАЙЫНДАУҒА БОЛАДЫ?

Бір күн ботқа берсеңіз, келесі күні жұмыстқа пісіріп ұсыныңыз. Жұмыртқаның жанына дәнді дақыл қосылып пісірілген нан қосуға болады. Сонымен қатар, сүзбелі құймақ дайындаңыз.

ҚОРЫТА АЙТҚАНДА

Оқушының ең дәмді әрі пайдалы таңғы асы деп дәнді дақылдардан ботқа, жұмыртқа және сүт өнімдерін айтамыз. Бұл аталғандардың барлығы баланың дамуына айтарлықтай үлес қосады. Қосымша дәрумен көзі ретінде көкөніс, жеміс-жидек пен сусын ретінде компот, жидек шәйі мен шырын ұсына аласыз.

ҚАЖЕТТІ КАЛЛОРИЯ:

Мектеп оқушылары мидың белсенді жұмыс істеуіне байланысты астан белгілі мөлшерде қуат алуы тиіс. Мәселен, 10 жасқа дейінгі бала ағзасына тәулігіне 2400 ккал қажет болса, 10 жастан асқан балаға 2600-3000 ккал керек. Айтулы каллорияның 25% таңғы асқа тиесілі болуы шарт. Ең абзалы – бала таңғы ас пен түскі астың ортасында жүрек жалғап алғаны жөн. Ол үшін балаңыздың сөмкесіне жеміс немесе ірімшік пен пісірілген ет салынған бутерброд салып беріңіз. Су ішудің маңыздылығын да ұмытпағаныңыз дұрыс. Бала ағзасына қажетті су мөлшерін білу үшін дене массасының 1 келісіне 30 мл су қажет деп есептесеңіз болады.