Жан әлемі

Оқырман хаты: Сол бір ханым болмағанда, үйімнен айрылатын едім

Біздің редакциямызға Алматы қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Айнұр Қалибекқызы хат жазып, елімізге белгілі психолог Құралай Ошақбаеваның қаржылай көмегі болмағанда, несиеге кепілге қойылған екі бөлмелі пәтерінен айырылып қала жаздағанын айтты. Айнұрдың хат жазуына соңғы кездері әлеуметтік желіде Құралай ханым «көпшілікті адастырып жүр» деген алып-қашпа пікірлер әсер еткен.

«Мен сіздерге хат жазбас бұрын біраз ойландым. Менің бұл хатты жазып отырғанымнан Құралай ханым мүлдем бейхабар. Себебі ол кісімен біз ешқашан бетпе бет кездескен емеспіз. Бірақ соңғы кездері ол кісіге қатысты әлемуметтік желідегі түрлі пікірлерді көргеннен кейін, жақсының жақсылығын неге айтпасқа деп ойладым. Оқиға былтырғы жылдың наурыз айында болды. Мен өзім үш баланың анасы, үйде отырған келіншекпін. Ең кенжем ДЦП дертіне шалдыққан. Өзім де онкологиямен ауырамын, екінші топтағы мүгедек ретінде тіркеуде тұрамын. Былтырғы жыл күйеуім істі болып, 10 жылға түрмеге жабылды. Менің мойнымда үш бала мен «Каспий» банктен алған екі бірдей несие қалды. Күйеуімнің істі болып, баламның еміне қаражат жетпей жатқаны аздай, бес ай бойы жабылмаған несиемізді жабуымызды өтініп, банк қызметкерлері күн сайын хабарласатын. Өсімақымыз ол өсіп кеткен. Туған-туыс шамасы жеткенше 1 миллион 200 мың несиенің 700 мыңын жауып берді, қалған 475 мың теңгені жабуға қаражат таба алмай, әбден шаршап кеттім. Содан амалым таусылып, әлеуметтік желідегі танымал блогер, әншілерге хат жаздым. Ешкімнен ешқандай кері байланыс болмады. Несиемді жаппасам, қаладағы екі бөлмелі пәтерден айырылатын едім. Содан ең соңында бір таныстарым арқылы Құралай ханымның нөмірін тауып, вацабына жаздым. Бар проблемамды айтып, ұлымның және өзімнің ауыратыным туралы анықтаманы да жібердім.  Сізге өтірік, маған шын Құралай ханым маған бір ауыз артық сөз жазбады. Бар жазғаны карточка нөміріңізді жіберіңіз. Әбден үмітім үзіліп отырған кез еді. Құралай ханымның жауабын оқыған соң, өз көзіме өзім сенбей отырып қалдым. Содан не керек, тура бір апта өтпей менің жеке шотыма Құралай ханымның тұңғышы Кәмиладан тура 475 мың теңге түсті. Сол кездегі ағыл-тегіл жылағанымды көрсеңіз ғой.

Айнұр Қалибекқызы балаларымен

Біреулер үшін 475 мың теңге түк те емес шығар, бірақ мынандай кезде ешкім ешкімге артық ақша бермейді ғой. Тіпті 10 мың теңге таппай, тентіреп кеткен кездерім де болған.  Ал Құралай ханым жарты миллион ақшаны еш сұрақсыз менің жеке шотыма жіберді. Бар жазғаны «Балаларыңыз аман болсын!». Осыдан кейін мен ол кісіні жәй ғана психолог маман ретінде емес, жүрегі кең, қолы ашық Атымтай жомарт деп атар едім. Осы хатты оқып отырған Құралай ханымның оқырмандары болса, ол кісіге тіл тигізіп жатқандардың сөзіне сенбеңіздер! Кейін амандық болса, ол кісімен бетпе бет кездесеміз деген үміттемін! Ал әзірше тым құрыса хат арқылы алғысымды айтқым келеді»,-деп жазған ол.