Бала тәрбиесіОтбасы

Отбасылық тәрбие

Балабақшасыз қалай өмір сүруге болады?

Сәбиді балабақшаға бермей, отбасында тәрбиелеу ата-анаға үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. «Отбасылық тәрбие» әртүрлі педагогикалық қағидаларға бейімделмей, өзіңіздің ыңғайыңызға қарай тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Біз бұл жолы баланы үйде тәрбиелеудің жолдары туралы әңгімелемекпіз.

Дос табу оңай ма?

Өз қатарластарымен тез тіл табысып, достаса білу, олармен асыр салып ойнау бала үшін аса маңызды. Мұндай қызығушылық бүлдіршіндер бойында 3 жасқа таяған кезде тез дамиды екен. Балаңыз ең алдымен өзіңіздің араласып жүрген достарыңыздың балаларымен бірге ойнап, жақын араласа бастайды, бір-бірінен көп нәрсені үйренуге тырысады. Бұл жерде жас айырмашылығы маңызды емес.  Екіншіден, бір-бірімен жақын қарым-қатынас орнатып, тіл табысатын орта – балалар алаңы. Бұл жерде әртүрлі жастағы көрші-қолаңның балалары жиі кездесіп, бірге ойнауға таптырмайтын мүмкіндік туады. Үйдің маңындағы алаңда ойнаған балалар өзара болатын жанжалды, кейбір келеңсіздіктерді болдырмай, оны өз беттерінше шешуге дағдыланады. Құмнан әртүрлі ойыншықтар жасап, өзін және өзінен кіші балаларды қорғауды да дәл осы жерде үйренеді.  Үшінші ортаға әртүрлі үйірмелер мен балалардың ой-өрісін дамыту орталықтарын жатқызуға болады. Бұл жерде бала кіммен ойнап, кіммен бір партада отыру қажеттігін, сабақтан кейін кіммен бірге жүру керектігін өзі ойлап, дұрыс таңдау жасай біледі. Балабақшада немесе осындай үйірмелерде бір топта болып, бір-бірін жақсы танитын балалар мектеп табалдырығын аттаған сәтте де бір-бірімен тез тіл табысып, араласып кетеді.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, отбасында тәрбиеленген бүлдіршіндер өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Мұндай қолайсыздықтың алдын алу үшін ата-ана баласын мектепалды даярлық тобына беруіне болады. Сол жерде ол өзінің болашақ сыныптастарымен алдын ала танысып, бір-біріне бой үйретуіне мүмкіндік туады. Мұндай тәжірибенің мектепке алғаш барған баланың өзін еркін сезініп, өзін өзгелермен бірдей ұстауына тигізер пайдасы зор.

Өзіңізге қалай уақыт табуға болады?

Ата-ана кей уақытта тыныштықты, жайлылықты қалайды. Ал керісінше, балалар өздеріне уақыт бөлінгенін қалап, бірге ойнағысы келеді немесе әңгімелесуге құлшынып тұрады. Күні бойы балабақшада болып, қатарластарымен ойнап келген балалардың өзі кешкілік ата-анасымен сөйлесіп, тағы да ойнағысы келетіні сөзсіз, ал үйде тәрбиеленетін балаға тәулік бойы көңіл бөлу аса қажет. Мұндай жағдайда артынан опық жеп жүрмес үшін баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, ата-әжесі немесе тәрбиеші екі жаққа да тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана білгені жөн. Бірлесіп әрекет ету аса маңызды. Ыдыс-аяқтарды жуып тазалағанша кішкентай нәрестеңіздің қолына пластик ыдыстарды беріп қойыңыз. Ал 3-4 жастағы баланың сізге көмек көрсетіп, демеу бола алатыны сөзсіз.

Өзіңіз бір жұмысты тындырып жатқан кезде балаңыз сізге қолқабыс етсе жұмыстың тез аяқталатынын, одан кейін барып бірге кітап оқып, қуыршақ ойнауға болатындығын айтып түсіндіріңіз. Ал егер газет-журнал оқып,  жай ғана дем алып жатқыңыз келсе де ортақ келісімге келуге болады. Балаңыздың қолына қағаз, қарындаштар беріп, теңіздің немесе үйдің суретін салуын тапсырыңыз. Ол сурет салып болғанша  сіздің де 15-20 минут дем алуыңызға мүмкіндік туады. Бір ескеретін жайт, қайшы, пышақ сынды өткір, кескіш заттарды балаңыздың көзінен таса жерге алып қойғаныңыз жөн.                                          Ал телефон арқылы сөйлесу мүлдем бөлек әңгіме. Телефон тұтқасын алып, біреуге қоңырау шалған уақытта балаңыздың жылап, мазалана бастайтыны білгілі ғой. Мұндай кезде кішкентайыңыздың бойында бір жағынан қызғаныш сезімі туындаса, екінші жағынан әуесқойлық пайда болады. Сол себепті, телефон тұтқасын балаңызға беріп, аздап сөйлестірген абзал. 1-2 минут сөйлескеннен кейін баланың қызығушылығы төмендеп, әуестігі басқа нәрсеге ауады. Сізде де бос уақыт пайда болады.

Баланы дамыту

Бала өсіп, ой-өрісі дамыған сайын жас ерекшелігіне сай білім бере алып жатырмын ма, тәрбие бағыты дұрыс па деген сұрақтар ата-ананы жиі мазалайды. Мұндай жағдайда кітапта жазылған қағидалар немесе құрбыларыңыздың айтқан кеңесі бойынша емес, балаңыздың талап-тілектеріне және мүмкіндіктеріне сүйенген жөн. Мұндай кезде сүйікті ананың қатал, талапшыл мұғалімге айналып кетпеуі аса маңызды. Сондықтан, «Оп-оңай нәрсені қалай білмейсің? Мен қалай айттым, солай орында» деген сияқты сөзден сақтанып, арадағы шиеленісті болдырмау үшін балаңызға дұрыс бағыт беріп, арнайы бағдарламаларға сүйене отырып оқытатын мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс болар еді.

Отбасында тәрбиеленген ұл-қыздар ерке болып өседі, көп нәрсеге икемдері бола бермейді деген бос сөз. Ол баланың балабақшаға барған-бармағанына байланысты емес, тәрбиешілеріне байланысты. Егер сіз болмашы жараға, сызатқа көңіл бөлмей, өзге балалармен арадағы қарым-қатынасына килікпей, барлық өтінішін орындай бермесеңіз еркелік, шолжаңдық, төзімсіздік сияқты қасиеттер бала бойына жоламайды.

Тәртіпке қатысты бірер сөз

Уақытты үнемдеп, барлығын дұрыс ұйымдастыра білсеңіз тілазар баланың өзін икемге келтіруге болады. Балаңызды үйде тәрбиелеп отырсаңыз алдын-ала жасалған кесте бойынша жүріп-тұрған ыңғайлы. Ең бастысы, сол кестедегі талаптардың барлығының дер уағында орындалуын қадағалау қажет.