Жан әлеміӨкініш

Өткен күннің елесі

Соңғы кезде балалық шағымды жиі еске аламын. Жұмыстан үйге жаяу қайтып бара жатқанда, ұйқысыз түндері өткенімді ойлап, ерекше сағынамын.

Күздің салқын күні, кешкі мектеп ауысымынан кейін сыныптастарыммен әзілдесіп, көше бойын алып жатқан жүгері жолымен үйге қайтатынбыз. Салқын, қараңғы кештен шамдары жанған жап-жарық, жып-жылы үйге келемін. Табалдырықты аттай бергенде пеште  тұрған тамақтың иісі бұрқ ете қалатын. Ол анамның бізге деген махаббатымен, бар мейірімімен әзірленген тағамы еді. Артынша жұмыстан әкем келіп, бір дастарқан басында кешкі ас ішеміз. Әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді еске алып, шүйіркелесеміз. Содан соң, бар ыждаһатсыз кейпіммен үстел үстін тазалап,  ыдыстарды жау қуғандай асыға жуатынмын. Бұным анау бір кәріс сериалын көруге асыққан түрім ғой. Сол кезде мен өзге қатарластарымдай жалқау, елгезек еріншектердің бірі болғанмын. Үйді тазалау – мен үшін кғүллі әлемді тазалаумен тең болатын. Мен үшін сол 5-сыныптағы кезім – ең тәтті кездер секілді. Әлі жігіт атаулыны білмей, қыз болып сызылуды түсінбейтін едім. Ойымда ештеңе жоқ, өмір құдды осылай жалғаса беретін секілді көрінетін. Алайда уақыт бір орында тоқтамайды екен. Қазір артыма көз салсам, сол бір балалық шағымды қатты сағынады екенмін. Өмір тосын сыйларға толы.

Өсе келе өмірдің берген түрлі сынағына төтеп беруді үйрендім. Жастайымнан тек өзіме сеніп, өзіме ғана арқа сүйегенмін. Жасқа жас қосылған сайын өмірге басқа көзбен қарайды екенсің… Бұрын соңды басыма қиындық түсе қалса, мұның барлығы уақытша деп өзімді алдаусырататынмын. Ал қазір… қиындыққа төтеп бере алмағаным ба…сол бір балалық шағымды аңсаумен жүрмін. Ешқашан сол бір шаққа қайтып оралмасымды ойласам, денем шымырлап, көзім қарауыта бастайды. Сол кездегі ауру-сырқаудан сау, шашына әлі ақ түсе қоймаған  ата-анамның жастық шағын қайтара алсам-шы, шіркін… Ақылшы болар апамды, атамды, дәл қазір арамызда жоқ әулеттің үлкендерін, мектеп қабырғасын, сыныптастарымды сағындым. Сол бір бала күннің қоңыр күзін, асыр сала ойнаған құрбыларымды, ең бастысы – бала күнгі ӨЗІМДІ аңсаймын. Бүгінгі табыс пен мансапқа апарар жолымды балалық шағыма айырбастай алмайтыным өкінішті… Өткенімді қайтаршы, қоңыр күз!

Айдана ТҰРЛЫҒАЗИЕВА