Екеудің құпиясыЖан әлемі

Өз ақшамды қолыма ұстатпайтын жан-жарымнан түңілдім…

Басымдағы бұл жайтты кімге айтып, кімге шағымданарымды тіпті, білмеймін. Жолдасыммен бас қоспай тұрғанның алдында 4 жыл қыз-жігіт болып кездесіп жүрдік. Осы уақытта оны бес саусағымдай біліп алдым деп ойлағанмын. Қатты қателескен екенмін.

Жомарт – жомарт десе жомарт жігіт еді. Менің көңілімді аулағысы келіп апта сайын құшақ-құшақ гүлдер, мереке сайын бағалы сыйлықтар сыйлайтын. Мен де одан қалыс қалмау үшін шәкіртақымнан азын-аулақ ақша алып, оның жанына жағар сыйлықтар іздейтінмін. Десе де, Жомарттың ақша табуға, оны баптап ұстауға мықты екенін бірден аңғардым. Бір теңгеден екі теңге шығару үшін түрлі айла тәсілдерді іздестіріп жүретін. Оған қоса өзімен жасты жігіттер жетпеген жетістікке жетіп те қалған еді.

Студент күнінен пәтерге ақша жинап, мені кездестірген кезде қалтасында біраз қаражаты бар жігіт еді. Осы бір қасиеті де оның маған жақсы жар боларын аңғартты. Жомарт – мақсаты айтқын, дегеніне жете алатын жігіт болып көрінді. Осылайша ұзақ ойланбастан оның тұрмысқа шығу ұсынысын бірден қабылдадым. Ол менің өмір бойы іздестірген адамым секілді көрінді.

Тұрмысқа шықаннан кейін жан-жарымның қылықтары көңіліме жақпады. Жомарттың анасы – жақсы жан. Өмір бойы медициналық салада қызмет атқарған. Жомарттың әкесі дүниеден ерте озған. Соған қарамастан, анасы ұлының бар жағдайын жасауға тырысып, күндіз-түні Қазіргі таңда зейнеткер. Жұбайым отбасылық қаражатты тек өзі ұстайды. Менің жалақымды былай қойғанда, анасының зейнетақысын да тартып алады. Ақшаны көзге көрмейміз. Керегімізді күйеуімнің артынан жүгіріп жүріп сатып алғызамыз. Оның өзін де өз ақшасына алып бергендей күйініп тұрады.

Кейде күйеуім табыс таппайтын, тапса да түрлі азарттық ойындарға жұмсайтын еркектерден әлдеқайда жақсы ғой, осыған да шүкір деп ойланамын. Дегенмен, көңілім тыныш емес. Бұрын: “Еркектің қолына ақша тисе, оны басқа әйелдерге жұмсайды. Сен алмаған дүниенің қызығын басқа әйел көреді” дегенді естуші едім. Үйленгенімізге енді бір жыл болса да, көңіліме түрлі күдіктер ұялаған. Шынымды айтсам күйеуім табысы жайлы айтпайды.

Шотымызда қанша ақша барын да білмеймін. Сондықтан, кімге қалай кетіріп жатқанынан хабарсызбын. Бір білерім ақшаны туыстарына беріп те жаратпайды. Кейде осы бір таңдауым үшін қатты өкінемін. Бұлай тапқан табыстың пайдасы қандай? Жағдайымыз  жақсы, күйеуім алған екі бөлмелі пәтерде тұрып келеміз. Десе де, өзімді бұл үйде бақытты сезіне алмадым. Кейде табысты жігітке тұрмысқа шыққанша өзімді қадірлейтін жақсы азаматқа шығуым керек еді деп өкінемін. Артымнан ерген сіңлілерім менің қателігімді қайталамаса екен деймін. Қателікке бой алдырып, сан соғып қалмаңыздар! Бірінші кезекте жігіттің қалтасына қараудың қажеті шамалы екен.