Жан әлеміӨзіңді дамыт

ӨЗІҢДІ ЖАҚСЫ КӨР!

ДЕНЕ БІТІМІҢІҢІЗДІ ОСЫ ҚАЛПЫНДА ҚАБЫЛДАП, ӨЗІҢІЗГЕ ДЕГЕН СЕНІМДІЛІКТІ ҚАЛАЙ ОЯТУ КЕРЕК? ПСИХОЛОГ-МАМАНДАРДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ КЕҢЕСТЕРІ.Нәзік жандылардың басым көпшілігі дене сымбаты туралы ойлағанда өзін жайсыз сезінетіні жасырын емес. Дүниежүзінде әйелдердің 80 пайызы мінсіз мүсінге ие бола алмағандары үшін өзін бақытсыз сезінеді екен. Егер сіз де сол қатардан табылсаңыз, еңсеңізді түсірмей, басыңызды көтеріңіз! Өзіңізге деген сенімділікті нығайтатын сәт келді!

Өзіңізді өзгелермен салыстыруды тоқтатыңыз! Әйел адам өзін өзге әйелдермен салыстыра беретін болса, дене бітіміне көңілі толмай қалуы әбден мүмкін. Бұл әдетті доғаратын сәт жетті! Өзіңізді басқалармен салыстыру туралы ой басыңызға сап ете қалса, екі мүшеңіз сау, аяқ-қолыңыз бар екеніне шүкірлік етіңіз. Иә-иә! Сіздің дене бітіміңіз туралы не ойлайтыныңыз маңызды емес. Ең бастысы, әр атқан таңды қарсы алып, қалаған нәрсеңізді қолыңызбен ұстай аласыз, қайда барғыңыз келсе, соған қарай адымдай аласыз. Ендеше, мұндай мүмкіндіктерді сыйлағаны үшін де дене бітіміңізге риза болуыңыз тиіс. Барыңызды бағалай біліңіз!

Еш уақытта сымбатыңызға қатысты мәселелерді құрбыңызбен талқыламаңыз! Көп әйелдер өз сымбатының кем-кетігі туралы құрбыларымен шер тарқатып, олардан жылы сөз естіп, өздерін жұбатып жатады. Бірақ мұның бәрі – бекер, бос әуре! Зерттеулер бойынша сырт-келбетке қатысты әңгімелесу көңіл толмаушылыққа, табиғат берген мүсінді місе тұтпауға әкеп соғады екен. Тап осы жайды құрбыларыңызға ескертіп қойыңыз және олармен бас қосқанда негізінен жұмыс жайлы, бала-шаға, әлемде орын алып жатқан түрлі оқиғалар туралы сөйлесіп, ой бөлісуге алдын ала келісіп алыңыз. Түптің түбінде әңгімелеріңіз сымбаттылыққа келіп тіреліп жатса, өзіңіз басқа тақырыпты талқылауды бастап кетіңіз.

Мүмкін емес нәрсеге үміттенбеңіз! Өзге де зерттеулер көрсеткендей, мүсінінде бір мін жоқ модель қыздардың суреттерімен өзін салыстыру арқылы көп нәзік жандылардың сымбатына деген жеккөрінушілігі арта түседі екен. Бұл әдет сізде де бар болса, супер-сымбатты қыздарды көрсететін телебағдарламалар мен мұқабасына сондай сұлуларды басып, тілге тиек ететін журналдарды оқудан, суреттерін көруден бас тартыңыз! Негізінде, кез келген дене бітімінің өз тартымдылығы, сұлулығы болатынын суретшілер айтудан еш жалыққан емес.

Жаттығу жасаудан жалықсаңыз, оның жаңа жолын ойлап табыңыз! Адамдар көп жағдайда дене сымбатын сақтау үшін ғана, спортпен айналысып, әупірімдеп жаттығулар жасап жатады. Сіз де өз қалауыңызбен емес, міндетті болғандықтан ғана жаттығу жасайтын болсаңыз, көзқарасыңызды өзгертетін кез келді! Жан қалауыңызбен жасайтын жаттығу түрін тапқанша, әртүрлі жаттығулармен айналысып көріңіз. Бұл жаттығумен сіздің салмақ тастайтыныңыз немесе тастамайтыныңыз аса маңызды емес. Ең бастысы, жаттығулардың арқасында сіздің эндорфиніңіз (бақыт гормоны) жоғарылап жатса, демек, сіз тәніңізге не керек екенін ұққаныңыз.

Психологтар «Өзіңізге шаттық пен ләззат, сергектік сыйлайтын жаттығулармен айналысыңыз» деп кеңес береді. Бимен шұғылданып көріңіз, бұл сізге тек жағымды көңіл күй сыйлайтын болады.

Ерік-жігеріңізді, рухыңызды өзгелердің көтеруіне мүмкіндік беріңіз! Сізге біреулер «құлпырып кетіпсің» деген сөздер айтып, қошемет білдірсе, «Жоға, сізге солай көрінген ғой» деп бірден ат-тоныңызды ала қашпаңыз. Бұл әрекетіңіз науқас адамның дәрісін лақтырып тастап, бірақ, аурудан неге айықпай жатқанын түсіне алмағаны секілді көрінеді. Егер сіз дене бітіміңіз жайлы тек жағымсыз ойда болсаңыз, жақсы ойларға мүмкіндік бермей, ешқашан өз комплексіңізден арыла алмайсыз. Әрқашан қошемет пікірлерге алғыс айтыңыз, сондай-ақ, өзіңізге бір сәт ғашық адамның көзімен қарап көріңіз!

Өзіңізді жегідей жеп, сөге бермеңіз! «Сен кереметсің!» кітабының авторы Рози Молинари: «Көбінесе біз сымбатымызға көңіліміз толмай, оны абайсызда айтып қаламыз», – деген еді. Шынында да, ауыздан шыққан әр сөзге абай болуымыз керек. Өйткені өзіміз жайлы айтқан сөзіміз өмірімізге тікелей әсер етеді.

Әрдайым өзіңізге жарасымды киім киюге тырысыңыз! Біз көп жағдайда бұрын арық кезімізде киген, бірақ қазір сыймайтын киімдерімізді «арықтауыма себеп болады» деп шкафта сақтап қойғанды жақсы көреміз және сол киімді сыйғызуға барынша тырысып-ақ жатамыз. Бірақ бұл дұрыс емес. Ескі киімді біреуге сыйлайсыз ба, әлде басқа жолын таңдайсыз ба, әйтеуір, оның көзін жойыңыз. Бүгінгі дене пішініңізге сай келетін, көңіліңізге қонымды жаңа киім сатып алыңыз. Сіз әрқашан өзіңізді өте сәнді әрі жайлы сезінуге лайықтысыз! Бұған еш шүбәңіз болмасын!

Үнемі сырт-келбетіңізді бақылауды қойыңыз! Бір жерден айна көріп қалсаңыз немесе өтіп бара жатып көліктің терезесінен өз сымбатыңызға көз тоқтатып қарауды доғарыңыз. Яғни, қайда жүрсеңіз де дене сымбатыңызға көз салып жүруді қойыңыз. Сіз бір минуттан соң да, бір сағаттан соң да басқаша кейіпке еніп кетпейсіз. Осыны жіті түсініп, терең тыныстаңыз да, бір сәт айналаңызға көз жүгіртіңіз. Өзіңізді осылай қолға алсаңыз, үнемі сымбат туралы ғана ойлап жүруден бірте-бірте арыла бастайсыз.

Тамақтың сапасына көңіл бөліңіз! Сіз жаныңыз бен тәніңіздің саулығына кепіл болатындай тағамдарды тұтынып, дұрыс тамақтанып жүрсіз бе? Асыңызға көңіліңіз тола ма? Арықтау мақсатында кейбір тағамдардан бас тартып, өзіңізге шектеу қойып, бірақ үнемі сол ас туралы ойлап жүресіз бе? Онда диета кезіндегі ас мәзіріңізді қайта қарап шығыңыз. Міндетті түрде қажет тағамдармен қатар өзіңіздің тәбетіңіз тартатын тағамдарды да қосып, күнделікті ас мәзіріңізді бекітуге әбден болады.