ДенсаулықСаулық үшін

ӨЗІҢІЗДІ ЗЕРДЕЛЕҢІЗ! Дені саудың – жаны сау

Red heart in woman and man hands, on bright background

Сыртқы мүшелердегі өзгерістер арқылы денсаулығыңыз туралы ақпар алуға болатынын білесіз бе? Өмірде еш нәрсе кездейсоқ емес. Сондықтан бітіміңіздегі өзгерістердің сырына қанық болып, дәрігерден кеңес сұраған абзал.

Шашқа ақ түссе…

Ерте ағарған шаш белгісіз сырқаттың нышаны болуы да мүмкін. Жасыңыз қырыққа жетпей, шашыңыз 50% ағарған болса дәрігерлер диабетке тексерілуге кеңес береді.

Қабағыңыз қандай?

Көптеген әйелдер қабақтың болбырай бастауын қарттықтың салдары деп ұғады. Қабақ терісі қатты салбырай бастаса дәрігерлер оны тарттыру отасын жасауға жолдама береді.

Құлақта қандай сыр бар?

Сырғалыққа түскен әжімнің 70%-ы жүректің ақауына байланысты болуы мүмкін. Себебі қан ұлпалары икемділігін жоғалтады да тамырларға өз әсерін тигізеді. Немесе ағзаның қартаюынан да сырғалыққа әжім түседі.

Дақтың дақпырты

Денедегі қара меңнің әдетте денсаулыққа зияны жоқ. Көп жағдайда ол тұқым қуалайтыны да белгілі. Алайда күн астында көп жүргеннен пайда болып, денеден кетпей қалған дақты меңмен шатастыра көрмеңіз. Тезірек дәрігерге көрініп, терінің қатерлі ісігінен сақтанған дұрыс.

Қастағы құпия

Қастың түктерінің сиреуі мен шаштың түсуі қалқанша безінің қызметінің бұзылуынан болуы ғажап емес.

Жанар – жанның айнасы

Шаршағанда, ішімдік қабылдағанда көздің ағы сарғайып кететіні бар. Көзінің ағы үнемі сарғыш болып жүретін жандар да кездеседі. Мөлдіреп тұрған жанарыңыздың ағы сарғыш тартса бауырыңыз бен өтіңізді тексертіп көріңіз. Өйткені осы мүшенің ауыра бастауы көздің ағына әсерін беретін кездер болады.

Ерін жарылса…

Әдетте көбіміз еріннің жарылғанына аса қатты мән бере қоймаймыз. Сіз білесіз бе, ағзадағы В дәрумені мен мырыштың жетіспеуі де еріннің кеберсуіне алып келеді. Қатты тілінген ерінге инфекция түсіп жазылуы ұзаққа созылуы мүмкін. Сондықтан ерінге де күтім керек.

Көбеге көңіл бөлгейсіз!

Тырнақ көбесі жиегінің түтеленуі – бауыр қызметінің бұзылуына қатысты болуы мүмкін.

Диабетке жол бермеңіз!

Кеуде тұсы көлемді болса, белдің мөлшерін қадағалап отыру қажет. 80 см-ден кем бел диабетке тексерілу қажеттігін білдіреді.

Аядай алақан

Алақаныңыз қызарса – бауырыңыз сыр беріп тұруы ықтимал. Дәрігерге бет түзеңіз!

Саусақ сыры

Сұқ саусақ пен атсыз бармақтың ұзындығы бірдей болуға тиіс. Егер төртінші саусақ екінші саусақтан ұзын болса, жүктілік кезінде анаңыздың тестостероны мөлшерден жоғары болғандығынан хабар береді. Ал, Ноттинген университетінің ғалымдары төртінші саусағы сұқ саусақтан ұзын жандардың тізе буындарының қабынуға бейім келетінін айтады.

Алма мойын ақпары

Тамағыңыз ұзақ уақыттан бері ісініп жүрсе эндекринологқа бағыт алыңыз! Қалқанша безінің ауруларын да тамақ арқылы аңғаруға болады.

Құс еттенудің құпиясы

Ағзаға кератиннің жетіспеуі терінің құс еттеніп кетуіне әсер етеді. Құс еттеніп шыққан бөртпелер тез кетіп қалады және қауіпсіз.

Күнсіз күңгірттену

Узақ уақыт күн астында жүрмей-ақ қарайып кетсеңіз дереу дәрігер бөлмесінің есігін қағыңыз! Бүйрек қызметі бұзылған жағдайда осындай күйге түсетіндер көп.

Сыртқы майдың артуы

Қарын тұстағы буылтықтың пайда болуы диабет пен жүрек қан тамырларының аурына алып келуі мүмкін.

Жаурадыңыз ба?

Алақаны мен табаны жаурап жүретін жандардың да дәрігер кеңесіне құлақ түруіне тура келеді. Әдетте қан тамырларының аурулары алақан мен табанның мұздауына алып келеді.