Ақ босағаОтбасы

ҮЙ ПЕРДЕСІН ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?

Бөлменің жарық, жайлы болуының 80 пайызы пердеге байланысты. Таңдауды қалай            жасау керек? Мамандар пікірін ұсынамыз.

Мата — маңызды бөлшек

Кеңістікті безендіру үшін дизайнерлер қашанда стильді интерьерге лайықтап таңдайды. Табиғи жібек, үлбіреген органза мен тор маталар айнасы көп бөлмелерге сай келеді. Сонымен қоса, жылтыр қағаз, тас, ағаш, тері өнімдерінен жасалған жиһаздармен керемет үйлеседі. Қайта өркендеу дәуірін елестетін романтизм, модерн, арт-деко бағыты сәнге қайта оралуда. Ескі заман стиліндегі жібектей есілген нәзік мата, талғамға сай әшекей кеңістікті байыта түседі.

Графикалық ою-өрнек   

Үйдің ішкі көрінісінде қозғалыстың, тіршіліктің белгісін жасау өте маңызды. Бұл жерде тоқыма маталардың атқарар қызметі мол. Графикалық ою-өрнегі бар перделер – қабырғалары қоңырқай, жиһаздары қоңырқай, түзу сызықтары бар бөлмеге «жан бітіреді».

Көрікті бөлме

Пердедегі көлденеңінен түскен сызықтар тар бөлмені кеңейтіп көрсетуде үлкен рөл атқарады. Бейтарап реңкті маталар терезені ұлғайтып көрсетеді, ал ашық және қарама-қарсы сызықты маталар, керісінше, нақты шекарасы бекітіліп, шектеу қойылғандай әсер қалдырады. Терезе үлкенірек болып көрінуі үшін екі ортадағы қабырғаның бір қапталын матамен бүрмелеп, терезенің сыртқы ернеуін ұзартса, нұр үстіне нұр.

Түрлі-түсті тақтайша

Пердедегі негізгі үстем түстер мен өзге тоқыма заттар (жастық, жамылғы, абажур) жұмсақ реңкті ішкі көріністерге сай келеді. Егер де жиһаз мен қабырға, еден мен есіктің пішіні мен түсі  басым болса, перде оларға  қосымша ретінде болады.