Жан әлеміӨзіңді дамыт

Өміріңді жеңілдет! Сұра! Кешір! Қабылда! Тамсан!

Бойыңызды қорқыныш билеп, ұнамсыз нәрсеге іштей қарсыласып отырсыз ба? Мәселені шеше алмаған себепті адамдарға кінә артып, өзіңізді сынап-мінеп, басқалармен салыстырып, не істеріңізді білмей отырсыз ба? Онда сізге мына аталған техникалар жақсы көмектесіп, тығырықтан шығудың жолын көрсетеді. Жанар БАЙСЕМІЗОВА

684Қаралымдар

Құдаймен сөйлесу

Әуелі Жаратқаннан: «Жаратқан Ием, неге бұлай болып жатыр? Бұл жағдай арқылы маған нені жеткізгің келді? Нені ескертіп жатырсың? Неден сабақ алуым керек? Жүрегім неге сыздауда? Бұл оқиғалар мені неге қынжылтады? Сол адаммен кездесіп қалсам, неге өзімді жайсыз сезінемін? Оларды көрсем, неге риясыз күле алмаймын? Неге ішім алай дүлей? Сол оқиғалар есіме түссе өзімді неліктен жаман сезінемін? Көзім неге жасқа тола береді? Маған ұнамайтын жағдай неліктен жиі қайталануда? Кеудемді неге зіл басып тұр? Нені дұрыс жасамай жүрмін?» – деп, мазасыздықтың себебін сұраңыз.

Одан кейін: «Бойымды өркөкіректік, менмендік, тәкаппарлық билеп алған ба? Нені жіберіп алдым? Не істеуім керек? Жайсыз ойлардан қалай арыламын? Санамды тазалау үшін қандай әрекет жасауым қажет? Мені кешірімді етші, Тәіңірім?! Адамдарды барымен қабылдауды, оларды бар қалпымен жақсы көруді үйретші. Жүрегімді сүйіспеншілікке толтырып, мені мейіріміңе бөлеші. Сен бәрін шешушісің. Маған көмектесші, жүрегімдегі ауыр тасты жеңілдетші», – деп, Құдайдан көмек сұраңыз. Сонда сізге ғажайыптан жауап келеді. Тығырықтан шығу жолы адам, жағдай, құбылыс арқылы көрсетіледі.

Адамдарды кешіру

Ол үшін табиғат аясына, өзен жағасына барып, өзіңізді ренжіткен, сатып кеткен, жамандық жасаған т.б. адамдардың есімдерін атап, іште жиналған запыранның бәрін дауыстап айтыңыз. Ашу, ыза, барлық эмоцияны шығарыңыз. Соңында кешірім беріп, алғыс айтқан жөн.

Құдайға сыйынып, кешірім сұраңыз, бәрі үшін, бәріне алғыс айтыңыз. Алланың көркем есімдерін қайталап, дұға жасаңыз. Оған күн тәртібін сақтап, спортпен айналысу да көмектеседі. Ішкі монолог тоқтамай жатса, қағазға жазыңыз. Мақсатқа жету үшін қорқатын дүниеңізді емес, қалайтын нәрсеңізді ойлаңыз.

Барды бағалай білу

Өміріңіздің керемет сәттеріне риза болмасаңыз, Жаратушы сізге соны бағалап, тәубеңізге келтіретіндей кезең жібереді. Сол кезде ғана адам ғажайыпқа толы өмірдің құнын біле бастайды. Бүгін ұйқыдан тұрғаныңыздың өзі орасан бақыт. Аяқ-қолыңыздың амандығы қуаныш.

Сіз жуындыңыз. Демек, сіздің үйде су бар. Дастарқанда тамақ, үстіңізде киім бар. Қандай бақыт?! Сізде интернет бар! Әріп те тани аласыз ба? Онда сізге бүкіл ілім-білімнің есігі ашық қой?! Қандай бақыт! Күнделікті өмірде біз осындай дүниелерді бағаламай, ақылымызды тынышсыздандыратын, мида сойқан салатын дүниелерді ойлап, өз өмірімізді қиындатып жібереміз.

Құдайды ашуландырмаңыз, қабылдаңыз! Адам қайғырады, не қуанады. Қуаныш – тамсануға жетелейді. Таңқалып, тамсану – байлыққа апарады. Шарықтау қажет емес, ішіңізден «Мәссаған, керемет! Мен мықтымын» т.б. деп тамсанып жүріңіз. Ішіңізде таза тамсану сезімі ойнап тұруы қажет. Мұны қолданып көріңіз. Сонда ешкімді, ешнәрсені өзгертуге тырыспаймыз. Ал, қайғырып, ұнатпағанда бәрін айыптаймыз, сынаймыз, жек көреміз. Бұл сезімдер бізді еш байытпайды.

Байығыңыз келе ме? Онда дәл қазірден бастап қуануды, тамсануды бастаңыз. Тура осы сәтте қуанып, тамсанатын дүниелерді, айналаға қарап, тамсандыратын заттарды қағазға жазыңыз. Білесіз бе, одан кейін сізге ешқандай техниканың да қажеті болмас. Өйткені барлық механизм, барлық ақпарат сіздің ішіңізде. Жаныңыз сізге не керегін өте жақсы біледі.

Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу

Дұшпаныңызды да құрметтеңіз. Бір адамды жек көрсеңіз, өзіңізді дамыту жолында үлкен қара жылан жатыр деп елестетіңіз. Қалай өтесіз? Жыланның басына ақ құйсақ қана кетпей ме? Тиісінше өміріңізде опық жегізген барлық адамның тізімін жасап, кешірім беруге тырысыңыз. Біреумен тәжікелесіп жатқанда ерте ме, кеш пе сіз де, ол да өмірден өтетінін ойлаңыз. Сонда не маңызды? Қиындық болсын, қуаныш болсын бәрі өтпелі. Бір бірімізді құрметтеп үйренейік! Құрметтеу – әмпей-жәмпей болып араласу деген сөз емес. Араласпай-ақ қойыңыз. Бірақ, жеккөрмеңіз. Жақындарыңыз сіз дамып, өзгергенде ғана өзгереді. Олармен қарым-қатынасты түзетуге талпынсаңыз, тағдырды жеңілдетесіз. Ең болмағанда ұйқыға жатқанда бәрін кешіріп, содан кейін ғана үйқыға жатыңыз. Туыстарыңызды айыптап, жамандаған сайын олар жақсара түспейді. Бұл сізге берілген жұмыс пен тапсырманың көлемі. Осылай қабылдасаңыз жеңілірек болады.