Екеудің құпиясыЖан әлемі

Қайын әпкем таяқтың астына алды

3.22K (1000)Қаралымдар

Күйеуім отбасының кенже ұлы. Алдында бауыры мен жалғыз әпкесі бар. Сол қайын әпкем жақында түбіме жететін секілді. Тұрмыс құрғаныма он бес жыл болса да әлі күнге дейін жаңа түскен келін ұқсап енем мен қайын әпкемнің алдында құрдай жорғалаймын. Олай етпейін десем, күйеуімнен қаймығамын. Мені қанша сүйсе де, анасы мен әпкесінің сөзінен шыға алмайды. Себебі бізді енем асырап отыр. Ал қайын әпкемнің күйеуі жұбайымды кезінде жұмысқа тұрғызған, оның үстіне үнемі қаржылай көмектесіп отырады.

Әпкесі бізбен бірге тұрмаса да үйімізге жиі келгіштеп тұрады. Төркіні жақын қыздың төсегі жиылмас деп бекер айтылмапты ғой. Үйін баптап, балаларына қараудың орнына, менің не істеп жүргенімді білгісі келіп, тіміскілеп отырады.

Ал қайын ағам жиырма бес жыл бұрын еншісін алып, бөлек шығып кеткен. Ол кісі жұмыс бабымен басқа қалада тұрады. Сол себепті абысыным мен көрген қорлықты көрген емес.

Жұбайым ағасын қатты жақсы көреді, жақын тартады. Десе де ол кісі мектеп бітіргелі бері басқа қалада тұрып жатқандықтан інісімен етене араласа алмады. Ал әкелері дүниеден ерте озған. Кейде әйелдердің арасында өскендіктен күйеуім әйелжанды болып кеткен секілді. Анасы мен әпкесінің айтқанынан шыға алмайды. Ол кісілер “қатыныңды былай ұста, бүйтіп айт” деп үйрететін секілді.

Бірде қайын әпкем үйімізге келе сала “қыздарымның киімін жу” деді. Өзім дәл сол кезде балаларымның киімдерін жуғалы жатқанмын. “Жуып болғаннан кейін қыздардың заттарына кірісемін” дегенім сол еді, қайын әпкем бетімнен ұрып жіберді. Жағым дуылдап, қызарып кетті. Не болғанын түсінбей де қалдым. “Сен маған тіл қайтарайын дедің бе? Аузыңды жап! Біле білсең мен ініме жігіттің қолын ұстап көрмеген жас қызды әперемін. Сосын сені осы үйден қуып шығамын. Жууға киімің де қалмай қалады” деді. Қайын әпкемнің орынсыз сөзінің мәніне жете алмадым. Жуылмаған киімге бола бұлай дегені несі? Жумаймын десем, өкпелесе, бір сәрі.

Сол күні көзімнің жасын тыйып, ешкімге ештеңе білдіртпестен асымды әзірлеп, үйдің шаруасына  алдана кеттім. Түнде күйеуім жұмыстан ашуланып келіп, мені бөлмеге кіргізіп таяқтың астына алды. “Менің әпкемді неге ренжіттің. Кешірім де сұрамапсың. Күнде келе бермейді. Айтқанын істесең қолың түсіп қала ма” деп айқайға басты. Оған не дерімді де білмедім. Оның ашуланып келіп, соқпақтайтынын сездім ғой. Содан болар бәріне дайын едім. Түбінде қайын әпкемнен кешірім сұрауға мәжбүр болдым. Бұл тек өмірімде болған бір ғана жағдай. Он бес жылда көрмегенім қалмаған шығар. Шаршадым. Күйеуіме үш бала туып берсем де, осы үйдің отымен кіріп, күлімен шықсам да абыройлы бола алмадым. Әлі күнге дейін үй қызметшісі секілдімін…Ажырасып кетейін десем, төркінім де құшақ жая күтіп отырған жоқ. Балаларымды да аяймын. Жаратқаннан кәмелет жасқа келіп қалған қыздарыма менің күнімді көрсетепесе екен деп қана тілеймін…