Екеудің құпиясыЖан әлемі

Қайын әпкенің әлегі

Тұрмыстағы он бес жылдық өміріме қайын әпке балта шаға ма деп қорқамын. Күйеуім әлдеқашан үйден кеткен әпкесінің сөзін сөйлеймін деп неше рет жқдырықтың астына да алды. Ең өкініштісі, мен солардың құлы іспеттеспін…

Күйеуім отбасының кенже ұлы. Алдында бауыры мен жалғыз әпкесі бар. Сол қайын әпкем жақында түбіме жететін секілді. Тұрмыс құрғаныма он бес жыл болса да әлі күнге дейін жаңа түскен келін секілді енем мен қайын әпкемнің алдында құрдай жорғалаймын. Олай етпейін десем, күйеуімнен қаймығамын. Мені қанша сүйсе де, анасы мен әпкесінің сөзінен шыға алмайды. Себебі бізді енем асырап отыр. Ал қайын әпкемнің күйеуі жұбайымды кезінде жұмысқа тұрғызған, оның үстіне үнемі қаржылай көмектесіп отырады.

Әпкесі бізбен бірге тұрмаса да үйімізге жиі келгіштеп тұрады. Төркіні жақын қыздың төсегі жиылмас деп бекер айтылмапты ғой. Үйін баптап, балаларына қараудың орнына, менің не істеп жүргенімді білгісі келіп, тіміскілеп отырады.

Күйеуім әйелжанды болып кеткен секілді. Анасы мен әпкесінің айтқанынан шыға алмайды. Олар “әйеліңді былай ұста, бүйтіп айт” деп үйрететін секілді.

Бірде қайын әпкем үйімізге келе сала “қыздарымның киімін жу” деді. Өзім дәл сол кезде балаларымның киімдерін жуғалы жатқанмын. “Жуып болғаннан кейін қыздардың заттарына кірісемін” дегенім сол еді, қайын әпкем бетімнен ұрып жіберді. Жағым дуылдап, қызарып кетті. Не болғанын түсінбей де қалдым. “Сен маған тіл қайтарайын дедің бе? Аузыңды жап! Біле білсең мен ініме жігіттің қолын ұстап көрмеген жас қызды әперемін. Сосын сені осы үйден қуып шығамын” деді. Қайын әпкемнің орынсыз сөзінен есім кіресілі-шығасылы болды. Жуылмаған киімге бола бұлай дегені несі? Жумаймын десем өкпелесе, бір сәрі.

Түнде күйеуім жұмыстан ашуланып келіп, мені бөлмеге кіргізіп таяқтың астына алды. “Менің әпкемді неге ренжіттің? Кешірім де сұрамапсың. Күнде келе бермейді. Айтқанын істесең қолың түсіп қала ма” деп айқайға басты. Оған не дерімді де білмедім. Түбінде қайын әпкемнен кешірім сұрауға мәжбүр болдым. Күйеуіме үш бала туып берсем де, осы үйдің отымен кіріп, күлімен шықсам да абыройлы бола алмадым. Әлі күнге дейін үй қызметшісі секілдімін…Ажырасып кетейін десем, төркінім де құшақ жая күтіп отырған жоқ. Жағдайды қалай өзгертуге болады? Менің күнім ертең өсіп келе жатқан қыздарымның басына келе ме деп қатты уайымдаймын.

Психолог кеңесі:

Тәуелсіз бол..

Қазіргі күйіңізді түсінуге болады. Бір қарағанда үй шаруасы мен бала тәрбиесі секілді міндеттеріңіздің барлығын жасап жүрсіз. Десе де, отбасы берекесі үшін бәріне шыдап жүріп, береке таба алмайсыз. Сөзіңіздің салмағы болмайды.

Әңгімеңізден үй шаруасындағы әйел екеніңізді аңғардым. Енеңіз сіздерді бағып отырғаннан кейін күйеуіңіз алғыс ретінде туыстарымен жақсы қарым-қатынас сақтап қалуға тырысады. Ал, сіз кімсіз? Олардың мойнында отырған келінсіз.

Басыңыздағы мәселе қаржылық тәуелділіктің салдары екенін түсіну керек. Күйеуіңізден қолдау күтпегеніңіз дұрыс. Баланың әрдайым анасына қарсы шыға алмауы мүмкін. Шықса да, күйзеліске түсіп кетеді.

Сондай-ақ, ескертетін жайт, сіз өзіңіз өзгелерді осындай қарым-қатынасқа үйретіп алғансыз. Мәселен, 5 жасар балаға қалаған нәрсесін істеуге мүмкіндік берсе, уақыт өте ол шектен шығып кетеді. Сол сияқты құрбыңызға бір-екі рет өзіңізге дөрекі сөйлеуге мүмкіндік берсеңіз, ол соған үйреніп кетеді.

Сабыр сақтап, сыйлы боламын деп ойлайсыз. Дегенмен, бұл олай емес!

Жағдайды қалай өзгертуге болады?

Табыс табу жолын іздестіру. Бұл, әрине, бірден қолыңыздан келе салмауы мүмкін. Дегенмен, алдағы 2 жылға жоспар құрсаңыз, нәтижеге жетесіз. Мәселен, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы табыс табуға болады. Үйде отырған асхана ханшайымдарының тәттілер пісіріп, түрлі оқыту курстарын өткізіп, нәпақасын тауып жүргенін өзіңіз де байқаған боларсыз

Қайын әпкеңізбен сөйлесіңіз. Күйеуіңізді сізбен ажырастырып, жас әйел алып беру  – қайын әпкеңіз бен енеңіз үшін қолайлы болмайтынын түсіндіріңіз. Мәселен, жарыңыздың сіздердің бітпейтін жанжалдырыңыздың салдарынан ащы суға әуестеніп кетпейтініне кім кепіл? Егер жас әйел алса, балалары оған ренжіп, есейгенде әкесін бақпай қояды. Сәйкесінше, бұл міндет қайын әпкеңіздің мойнына артылады. Оған қоса жас әйелмен оның бағы жана ма?!

Кешіре біліңіз. Оларға деген өкпеңізді ұмытыңыз. Өзіңізді кінәлі сезініп, қорыққанды қойыңыз. Сол кезде жағдайға басқа көзқараспен қарап, жеке кеңістігіңізді құрасыз.

 

Мұның барлығына біраз уақыт қажет болады. Өзіңізбен жақсылап жұмыс істеңіз. 15 жыл бойы қалыптасқан нәрсені бір күнде өзгерте салу мүмкін емес. Алайда балаларыңыз үшін бәрін өзгертіп, оларға үлгі болуға тиіссіз. Балалар сізге қарап өсетінін ұмытпаңыз!