Екеудің құпиясыЖан әлемі

Қол астымдағы қызметші қыздың арбауына түстім

Осыдан бір жыл бұрын қол астымдағы қызметші қызбен көңіл жарастырамын деп, қолымдағы бақыт құсын ұшырып алдым. Арсыз әйелге бола отбасымды ұмыттым, бала-шағамның өмірін ойрандадым. Енді міне қу тіземді құшақтап, сіздерге хат жазудан басқа амалым жоқ.

2.17K (1000)Қаралымдар

Жұбайым Айжан екеуіміздің бақытты да баянды өмір сүріп жүргенімізге үш жылдың жүзі еді. Арман мен Ерасыл есімді ұлдарымыз өсіп келе жатқан. Балаларымыз өмірге келе сала әйелім екеуіміз олардың болашағы үшін бәрін жасайтынымызға уәде берген едік.

Отбасылы, балалы-шағалы болғаннан кейін менің мойнымдағы жауапкершілік те арта түскендей. Олардың жоқшылық көрмей өскенін қалап, табыс көзін молайтуды шештім. Осылайша, көп ұзамай несие алып, азық-түлік дүкенін аштым. Айжан о баста маған көмектесіп, барынша жанымда жүруге тырысты. Алайда балалар тым кішкентай болған соң, жиі ауырып, күтімді қажет етті.

Сол себепті Айжанның орнына көмекші қыз іздей бастадым. Барлық жерге хабарландыру таратып шықтық. Біраз бойжеткен келіп, өз көмектерін ұсына бастады. Алайда мен таңдауды бірден жасамай, өзім үшін сенімді адамды соңына дейін іздеп көруге бел будым.

Бір күні дүкенімізге айдай сұлу Гаухар кіріп келді. Маған бір көргеннен оның өзін-өзі ұстауы қатты ұнады. Өзі пысық әрі айтқанынан қайтпайтын қайсар қыз екен. Оны жұмысқа алатынымды айтып едім, қатты қуанып кетті.

Осылайша күндер өте берді. Гаухардың жеңіл қолымен саудамыз жүріп, дүкенімізге келушілер жиіледі. Оған үйдегі бәйбішем де риза болды. Үнемі Айжанды айналшықтап, балаларымызға да ерекше көз қараспен қарады.

Күндердің бір күнінде Гаухарға деген түсініксіз бір сезімнің пайда болғанын сездім. Оны ойлап тұратын болдым. Дүкенде, оның жанында жүріп, отбасыма қайту керек уақытты да ұмытып кете бердім. Тіпті, үйге қайтқым келмейтін. Ол да маған кет әрі емес еді. Үнемі жалын атқан көзімен қарап, әлденені айтқысы келетіндей көрінетін.

Сөйтіп, қай кезде екенін білмеймін, екеуіміздің ара-қатынасымыз қызметші мен бастықтан әрі асты. Дүкенді жапқаннан кейін қыз-жігіт болып оңашада серуендейтін болдық. Одан уақыт өте жақын маңайдағы пәтерлердің бірінде кездесе бастадық. Онымен уақыт өткізгеннен ләззат алатынмын. Уақыттың өтіп кеткенін де сезбей қалатын едім. Ал ол кезде Айжан балалардың жанында отырып, мені тағатсыздана күтетін.

Бір күні Гаухарға әбден байланып қалғанымды түсіндім. Ол үшін Айжаннан да, балаларымнан да бас тартуға бар едім. Оны сылқым білді ме, сезді ме, әйетуір отбасыңнан кет деп бай-балам салды. Оған жоқ дей алар мен бар ма? Әрине, сөзіне еріп, Айжанға кететінімді айттым. Бір қызығы ол мен ойлағанда жер тепкілеп, мені қарғаған жоқ. Кім үшін отбасымды тастап бара жатқанымды білсе де, сабырлықпен қабылдап, жіберді.

Бақыттан басым айналып, бір жеңілдеп, сүйіктіме сүйіншімді жеткіздім. Ол сол кезде көзіне жас алып, жылап жіберді. Не болғанын түсінбей, сұрақтың астына алдым. Сөйтсем, мен періштеге теңеп жүрген сұлуымның некесіз қызы бар болып шығыпты. Десе де, махаббат сезіміне мастанған мен екі ұлым бар еді, енді бір қызым болады деп қуандым. Көп ұзамай Гаухарды жар етіп, қызын өз атыма жазып алдым. Алайда отбасылық өмірім берекелі болмады. Гаухартайым үйленген соң екі ай өткеннен кейін ажырасамын деп шу шығарды. Ал мен келісімімді бермейтінімді айтқанда, ол маған бір емес, бірнеше рет опасыздық жасағанын сөз етті. Оны естіп, көзім шарайнасынан шыға жаздады. Қатты ызаға булықтым, бірақ ондай әйелмен өмірімді енді жалғастыра алмайтынымды түсіндім. Ажырастық. Ажыраса сала Гаухар қызыма алимент төле деп шу шығарды. Оның қызын өз атыма жазып алған маған да сол керек. Енді екі ұлыма төлемеген алиментті біреудің баласына төлеуге міндеттімін.

Айжан ажырасқалы дүкенге бір рет болсын келген жоқ. Ұлдарыммен тілдесуге мүмкіндігім де бетім де жоқ. Айжан жазған хаттарыма жауап та бермейді. Енді не істерімді білмеймін. Олардың алдына қалай барамын?