Cән мен сұлулықБет күтімі

Құрғақ тері күтіміндегі 5 қателік

Күн жылынып келеді, енді құрғақ тері иелері одан сайын уайымдай бастайды. Ыстық күн мен үздіксіз соғатын көктем желі құрғақ беттің өңін қашырады. Тері бүлінбес үшін не істеу керек? Қандай қателіктерге жол бермеген жөн? Сұраққа жауапты осы мақаладан табасыз.

Жиі ылғандардырып тұруды ескермеу

Бет терісі қалыпты немесе майлы болып келетін қыздар ылғалдандырғыш кремді 1-2 күн қолданбаса да болады. Ал бет терісі құрғақ арулар үшін ол кешірілмейтін нәрсе. Бетіміздің әдемі әрі ажарлы болуының бірден-бір себебі – тұрақты күтім жасап отыру.

Ең жақсы нәтижеге қол жеткізгіңіз келсе, мына екі әдісті қолдануға тырысыңыз: кешке теріні нәрлендіретін түнгі қою кремді жағып, таңертең макияжға негіз болатын жеңіл ылғалдандырғыш сұйықтықты қолданыңыз. Сондай-ақ, мойын мен қолға да крем жағып жүруді ұмытпаңыз, себебі бұл аймақ сіздің жасыңызды айқындайды.

Егер тері қатты тырысып, қабыршақтанса, табиғи майлардың (арган, авокадо немесе жожоба) бірін алып, екі-үш тамшыдан тамызып, түнгі кремнің үстінен жағыңыз.

 

Пилингтерге әуес болу

Құрғақ бет терісінің жиі қабыршақтанатыны белгілі. Бұл мәселені шешуде көбісі бірден скраб немесе пилингтерге жүгінеді. Одан кейін тері жиі және өрескел қабыршақтанатын болса, ол – терінің зақымданғандығы. Шамадан тыс қабыршақтану терінің одан әрі тітіркенуіне алып келеді. Сондықтан пилингті аптасына 1-2 реттен артық қолданбаңыз және скрабтарды терінің зақымданған бөлігінде ғана пайдаланыңыз.

Құрғақ терілерге арналған ең жақсы таңдау – теріні қалпына келтіруге көмектесетін, құрамында AНA немесе BHA қышқылдары бар жеңіл химиялық пилинг.

 Өте ыстық сумен жуыну

Егер сіз ұзақ уақыт бойы ыстық душ немесе ванна қабылдағанды ұнатсаңыз, онда оның теріге зиянды екенін біліп жүріңіз. Ол теріні одан сайын құрғатып жібереді. Сол себепті ыстық душтың астында 10 минуттан артық тұрмауға тырысыңыз және судың температурасын ыстықтан жылыға төмендетіңіз.

Теріңіз өте сезімтал болып, оның ылғалдық деңгейін сақтағыңыз келсе, душ қабылдағанға дейін бетіңізге не денеңізге кокос майын немесе вазилин жағып алыңыз.

 Құрамында спирті көп косметикаларды қолдану

Косметиканың құрамындағы спирттің аз ғана мөлшері қалыпты бет терісіне айтарлықтай зиянын тигізбейді. Ал құрғақ терінің сезімталдылығын одан әрі арттырады. Сондықтан жаңа косметика сатып алар алдында құрамына көз салуды ұмытпаңыз.

 Бетке жиі маска жасау

Маскаларды қолдану терінің жас әрі сау болып көрінуіне көмектеседі. Алайда құрғақ теріге келгенде косметикаларды өте талғампаздықпен қолданған жөн.

Бетті тазалауға, тері тесігін азайтуға және қабынуды емдеуге арналған маскалар теріні айтарлықтай құрғатып жібереді. Сондықтан олардың орнына теріні қосымша нәрлендіріп, ылғалдандырып және тітіркенуді кетіретін маска іздеңіз.

Егер сіз қара дақтардан немесе терінің қабынуынан арылғыңыз келсе, шамадан тыс құрғақтықты тудырмау үшін масканы бүкіл бетке емес, тек проблемалы аймаққа ғана жағыңыз.