Ас мәзіріНегізгі ас

Рамазан айындағы дұрыс тамақтану жолдары

Біздің көптеген оқырмандарымыз мұсылманның бес парызының бірін өтеуге ниеттеніп жүрген болар. Көбіне диета ұстап жүргендердің көкейінде «бізге қалай ораза ұстаған жөн»,- деген сауал туындауы да мүмкін. Қалыпты ораза ұстаушыларға да ағзадағы теңгерімді бұзбай, қалыпты сақтап қалу үшін диетолог маманның кеңесі

333Қаралымдар

Қандай азықтар пайдалы?

Оразаның алғашқы күні ауыз бекіту уақыты 20 сағатқа дейін созылады. Сондықтан құрамында жасұнығы бар тағамдармен қоректенген жөн. Мұндай азықтарға бұршақ тұқымдастар мен дәнді дақылдарды жатқызуға болады. Сонымен қатар, еленбеген ұн мен одан жасалған азықтарды да осы санатқа қосамыз. Бидай жармасы мен көкөністер, жасыл бұршақ пен кәді, жүгері, саңырауқұлақ, қызылша жапырақтары да ораза айында қоректенуге пайдалы астар қатарына жатады. Құрамында темірі мен басқа да дәрумендерге бай жеміс-жидектерді де ораза мәзіріне қосуды ұмытпау керек. Оларға бадам жаңғағы, өрік-мейіз бен інжір, қара өрік қақтарын жатқызуға болады.

Сәресі мәзірі

Аузы бекітер адам жеміс-жидек пен ет және балық, нан және сүт өнімдерімен қоректенуі тиіс. Диетологтар кулинарлық тәттілермен мәзірді күрделендірудің қажеті жоқ деген кеңес береді. Оның орнына жеміс-жидектерден жасалған салаттарға басымдық танытқан дұрыс екен. Салаттарға  өсімдік майын немесе йогурт қосқан дұрыс. Сонда асқазанның  шырышты қабығы тітіркенбей, ас қорыту үдерісі жеңіл түрде жұмыс жасайтын болады. Көкөністер мен балықтан, майсыз сиыр еті мен тауық еті денсаулыққа пайдалы. Ет демекші, қуырылған етке қарағанда бұқтырылған, асылған, буға піскен еттің пайдасы көбірек екенін ескеріңіз. Тары мен күріштен, қарақұмық ботқалары да сәресі мәзіріне қосылғаны жөн. Алма, алмұрт, банан секілді жемістердің де құрамындағы пайдалы дәрумендерінен құр қалмаңыз.

Ауызашар дастарханы

Асқазанды мүмкіндігінше сұйықтыққа толтырып алған жөн. Сонда кейінгі асқазанға түсер қорек жақсы қорытылатын болады. Ал керісінше, сұйықтық аз барып, бірден ет, ұн тағамдарын қол салсаңыз күндіз бойы ашыққан асқазанға ауырлық келтіресіз. Ауыз ашылып, тамақтанғаннан кейін де ағзаның жоғалтқан су қорын қалыпқа келтіру үшін 2-3 литр су ішу керек екенін есіңізде ұстаңыз. Себебі ыстық күнде сіздің ағзаңыздың суға зәрулігі артады. Газдалған сусындарды тұтынбай-ақ қойған дұрыс. Ауызашар тағамын әзірлегенде тәбет ашатын: пияз, сарымсақ, райхан секілді көкөністермен дәмдеуіштерді қосуға болады, бірақ олар асқазанның шырышты бөлігін қабындыруы мүмкін екенін де ескеру қажет. Ауызшар беретін болсаңыз да дастарханды түрлі жеміс-жидектер мен көкөніс салаттары мен дәндерге толтырған дұрыс.