Жан әлеміӨкініш

Сағыныш

Махаббат – ұлы сезім. Ол жасқа да, басқаға да қарамайды деп жатамыз. Шынымен-ақ... Ештеңеге қарамастан, мен оны әлі сүйемін. Келіп қалатындай жолға қарап, алаңдап күтемін. Есімін естігенде-ақ жүрегім дүрсілдеп, аяқ-қолым дірілдеп кететіндей өзгеше күй кешемін.

930Қаралымдар

Қыз-жігіт болып кездесіп, Айболмен бірге жүрген кезімізді сағынамын. Кездесуге шығуымыздың өзі қызық қой. Ол уақытта қазіргідей ұялы телефон да жоқ еді қолымызда. Ғашықтық хатын жазысып, көшеде ойнап жүрген кішкентай балалардан беріп жібереміз. Өзімізше, елден жасырынып жүрген түріміз ғой. Сөйтсек, кейде әлгі боқмұрындар «Сізге пәленшеден хат келді!» – деп, бүкіл көшеге жар салып айғайлап, құпиямызды ашып қоюшы еді. Балалар не жазғанымызды оқып алмауы үшін, хат жазуға өзіміз ғана түсінетін таңбалар да ойлап тауып едік. Мұны еске алудың өзі қандай қызық?!

Біз жасырын кездесетінбіз. Көрші тұрып, бір-бірімізді күні кешке дейін көріп жүрсек те, ауыз ашып, тіл қатуға, тіпті бір-біріміздің көзімізге тура қарауға қысылатынбыз. Өйткені бір-бірімізге деген сезімімізді күнә деп білдік. Жақын достарымыз солай түсіндірді. Арамыздағы махаббатты – оның «иттігі», ал менің балалығым деушілер бізге тек қарсы шығумен болды. Олардың ойынша, бізге бір-бірімізді ұнатуға болмайды. Өйткені ол – ағамның жақын досы еді. Сондықтан оның ісін иттікке балаған жолдастары Айболдан теріс айналды. Әрине, олар ағама ештеңе білдірмеді. Десе де, достарының Айболмен араласпай кетуі оған ғана емес, маған да ауыр тиді. Менің көңілім үшін «Бәрі жақсы, бәрі керемет» дегенімен, осы жайтты қатты уайымдап жүргені Айболдың түрінен де, сөзінен де байқалып тұрушы еді. Өзі жарты сағатқа ғана созылатын кездесуімізде «Үйдегілерден қалай сұранып шықтың?» деген сұрақтың жауабынан кейін, әңгімеміз тек ағам мен оның жолдастары жайында жалғасушы еді.


Осылайша бір жылдай кездесіп жүрдік те, ол мектепті бітіріп, жұмыс істеуге Астанаға кетті. Олардың үйлерінде телефон болмағандықтан, біздікімен сөйлесуші еді. Айында үш-төрт рет қоңырау соғып, үйінен әке-шешесін шақыртып сөйлесетін. Болмаса даусын бір естіп қалу үшін мен телефонды аңдуды шығардым. Шыр ете қалса, сүрініп-жығылып, телефонға жүгіремін. «Айбол хабарласып қала ма?» деген ой ғой. Бірнеше рет үйде ешкім болмағанда хал-жайымызды сұрасып, бір-бірімізді қалай сағынып жүргенімізді айтып, жылап та алып едік. Ол жаздың ортасында кеткен. Міне, уақыт зулап өтіп, көктем де келді.

Бір күні үйде жалғыз отырғанмын. Айболдың мамасы келді. «Қызым, келесі айда Айбол Астанадан келеді. Сені қатты сағынып жүр екен. Қашанғы осылай жасырынып жүресіңдер? Саған сырға салайық. Енді кішкентай қыз емессің. Бір-екі айда мектеп бітіресің. Сол кезде ұзатып аламыз», – деді. Төбемнен жай түскендей болды. Не дерімді, не істерімді білмей, үндеместен далаға жүгіріп шығып кеттім. Моншаға кіріп, есікті ішінен бекітіп алып отырмын. Бір уақытта Айболдың мамасы далаға шығып, мені іздеді ме, жан-жағын бір шолып, үйіне қарай кетті.


Мен арамыздағы сезімнің жүгін тек сонда ғана түсінгендей болдым. Біресе Айболдың мамасының сөздері, біресе достарының айтқаны жаңғырып, құлағымнан кетпеді. «Не істеуім керек? Осындайда Айбол жанымда болса ғой. Ол не дер еді? Егер біздің кездесіп жүргенімізді ағам біліп қойса қайтер екен? Сырға салатын болса, ағам, әрине, бәрін естиді ғой. Оның реакциясы қандай болады? Егер шынымен шаңырақ көтерсек, ағам бізден сырт айналып, Айбол достарынсыз, ал мен ағамсыз қаламын ба? Мейлі, ағам қарсылық білдірмесе де, ертеңгі күні достар болып бас қосқанда, ағаммен бір дастарқанның басында қалай бірге отырамын?» Осындай сұрақтар мені жегідей жеді. Ойым сан саққа шашырап, сұрақтардың біріне де тұщымды жауап таба алмай, моншадағы үлкен айнаға телміріп, ұзақ отырдым.


Телефон шырылдап жатыр. Әдетімше жүгіріп үйге кірдім. Алсам, Айбол. «Неге мамама жауап бермедің? Неге қорықтың? Мамамдар сен келіссең болды деп отыр. Егер сырға салуға барғанда бір қиындықтар болуы мүмкін деп қорықсаң, алып қашайын», – дейді. Бағанадан бері үнсіз тұрған мен «алып қашайын» дегенді естігенде бірден «Жоқ!» – деппін. Қатты қорқып тұрдым. «Неге бәрін мамаңа айтқансың? Ол кісінің бетіне енді қалай қараймын? Айбол, маған енді хабарласпа! Мен сені жақсы көрмеймін!» – дедім де, телефонды қоя салдым. Телефон қайта шырылдады. «Сен қорыққаннан осылай айтып тұрсың ғой. Ештеңені уайымдама, мамамнан басқа ешкім де білмейді. Жұмысымды бітірсем, келесі аптада барамын. Сонда сөйлесеміз. Қаласаң, биыл емес, үйлену тойын кейінге қалдырайық», – дейді. Тағы да «Жоқ! Саған күйеуге шыққалы жатқан жоқпын. Маған енді хабарласпа» – деп телефонды қойдым. Қорқақ екенімді түсіндім. Оны жақсы көремін, қатты сағынып жүрмін. Әрине, күйеуге шыққым келеді. Бірақ осыны айтуға менің әлім жетпеді. Бір жағынан, болашағымызды ойладым. Айболдың артынан жүгіріп жүрген қыздар да аз емес. Ол солардың біреуімен шаңырақ көтеріп, бақытты өмір сүре алады. Достары да жанында болады. Менің достардың арасына түскім келмеді.


Бір аптадан кейін Айбол ауылға келді. Маған күнде хат жазып беріп жібереді. Біреуін де оқымай, жыртатынмын. Үйге іздеп келіп, «Сөйлесейік» дегеніне де көнбедім. Тура он күннен кейін ол Астанаға қайта кетті. Содан бері оны көрмедім. Он жыл өтті. Бірінші курсты тәмәмдап, Айболды ұмыту үшін күйеуге шығып, басқа қалаға кеттім. Ол да екі жылдан кейін үйленіп, ауылда той жасапты. Оны мамамдардан естідім. Қазір оның да, менің де екі балам бар. Құдайға шүкір, бақытты ана, сүйікті жармын. Бірақ әлі күнге Айболдың сол хаттарда не жазғанын, егер кездессек не айтайын дегенін ойлаймын. Мүмкін, сол кезде Айболмен кездесіп, сұрақтардың жауабын бірге іздесек, қазір осы хат жазылмас па еді?

Жұмбақ жан