СұқбатСыр-сұқбат

Санди БЕКСЫРҒА: Қарапайымдылығым – басты қасиетім

Сұлулықты сүйгендерге Санди Бексырғаның аты жақсы таныс. Оның ғаламтордағы видеокеңестерін миллиондар құмарта қарайды. «Мәскеу де бірден құрылған жоқ». Санди осы күнге қалай жетті? Біздің сұқбатымыздан біліңіз. Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы. «Ұстазымның маған деген махаббатының, оқытып, үйреткенінің арқасында өз кәсібімді бастадым. Сол кісінің кеңесімен шәкірт тәрбиелеуді қолға алғанмын», - дейді біздің кейіпкер.

С: Бала Сандуғаш make-up шебері болуды армандады ма?

С.Б: Ол кезде әуе жолсерігі боламын деп армандадым. Бишілікті де ойладым. Мектеп кезінен өнерге жақын едім. Ең қатты қалаған арманым – дизайнер болу. Соның желеуімен «Сымбат» сән академиясының дизайнер мамадығын бітіріп шықтым.

С: Кәсібіңізді дизайнерліктен бастадыңыз ба?

С.Б: Жоқ. Оқуды аяқтағаннан кейін қаражаттың жоқтығынан бастауға қорықтым.  Жинап-терген ақшама әншілерді бояндыратын визажистерден сабақ алдым. Бірақ 6-7 жылдың ішінде осылай тасым өрге домалайды деп ойлаған жоқпын. Алла Тағаланың бұйыртып тұрғаны шығар. Күннен күнге жұмысым жандана бастады. Бірінші күнгі макияждан екінші күннің макияжы жақсы, үшінші, төртінші күндегілер одан да тартымды бола түсті. Дүниежүзін аралап, мамандығымды тереңнен біліп, оқығым келе берді.

С: Шекарадан асуға жасалған алғашқы қадам қалай басталды?

С.Б: Ұстазым Диля Абдуллаева «Санди, жинап-терген ақшаңды ал да бізбен жүр. Біз Парижге оқуға кетіп барамыз», – деді. Әрине, барғым келді. Бірақ қымбат.  Отбасыма көмектесейін бе, бояулар алайын ба әлде салон ашайын ба?! Әрі ойландым, бері ойландым. Салон ашуға ерте болғандықтан, Диляның ақылын тыңдадым. Шекара асуға 2013 жылы ең алғашқы қадам жасалған еді.

С: Санди Бексырға – қазір бренд. Оны қалыптастыру жолында қандай қиындықтар кездесті?

С.Б: 100 пайыздың 90 пайызы – қиындық. 10 пайызы – қуаныш. Бизнес болған соң бірде құлайсың, бірде жылайсың, бірде биіктейсің. Ақша үшін жыламаймын. Ақша деп қанша адам күйзеліп, жүректері тоқтап жатады. Ол оған тұратын дүние емес. Атымды шығару үшін көп қиналдым. Атты шығару қиын болғанымен, шыққан атты ұстап тұру одан да қиын. Ең бірінші демеушім – ата-анам. Маңдай терлерімен тапқандарын маған берді. Әкем мен шешемнің ақшасы биік белестерге жетеледі деп ойлаймын. Егер қалталының қызы болып, бәрі оңай жолмен келсе одан түк шықпайтын еді. Намысшылмын. Қайтпас қайратым бар. Кейде осы мінездің қыз балаға не қажеті бар деймін. Бірақ өзге елде Отанымның намысын қорғағанда пайдасын көріп жүрмін.

С: Әлемдік грим бөлмелері сіз үшін таңсық емес. Ол жақтан не түйесіз?

С.Б: Жақында Баку қаласында өткен «Еуразия чемпионатына» қатысып келдім. Бүкіл Еуразия елдерінен келген 100 шақты визажист бәсекелесті. Барлық қиындық жалғыз өзіме түсті. Дегенмен, ел абыройын түсірмей, төртінші орын иелендім. 3 жыл бұрын Азия чемпионатында екінші орын алған едім. Біріншілікке ілікпесек те, елдің ортасында жүрміз. Келесі мақсатым – Францияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысу. Соған қызу дайындық үстіндеміз. Жеңіске жетсек, әлем чемпионатына қатысатын боламыз.

С. Психологияда макияжына қарап адам болмысын айтып жатады. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

С.Б: Иә, макияж дұрыс жасалмаса, қыз-келіншектің көңіл күйі өзгереді. Дегенмен, бет-әлпет – алдамшы. Макияж – бояу. Онымен сыртқы келбетті ғана өзгертеді. Ал ішкі құндылық адамның жүзіне әсер етеді. Сондықтан, білімдіге, айтқан сөзінде тұрып, кәсіби маман бола білгенге ешкім «бетінде бояу жоқ» деп қармайды. Қайта адам ретінде сыйластығы арта түседі.

С: Сіз үшін жетістіктің формуласы қандай?

С.Б: Жетістікке жету үшін айқын мақсат пен дұрыс арман керек. Армандап жата беру – нәтиже бермейді. Еңбектену қажет. 1 пайыз талант пен 99 пайыз еңбектің арқасында дегеніңе жетесің. Кішкене күнімнен анам жақсы тілек тіле деп үйрететін. Алладан тілеймін, одан әрі әрекетке көшемін.

С: Қызмет деп жүріп не нәрсеге мойын бұра алмай жүрсіз?

С.Б: Құрбыларымның барлығы тұрмыс құрып, ана атанды. Шаңырақтарының түтінін түтетіп отыр. Келешекте бір отбасының берекелі келіні атанып, ана болуды ойлаймын. Жұмыста белгілі бір мақсатыма жеттім. Үй болу да – жауапкершілікті мақсат. Әр отбасының өзінше саясаты бар.

С: Сіз таңдаған азамат кім? Ол бар ма?

С.Б: Иә, бар. Өзім таңдаған емес, Алла Тағаланың жіберіп отырған азаматы деп ойлаймын. Дегеніне жететін, сабырлы, шетелде білім алған, заманымыз қоятын талаптарға сай қазақтың жігіті. Келешекте бұйыртқаны болар.

С: Ер азамат қандай болуы керек?

С.Б: Халқымыз «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейді ғой. Осы сөз жеткілікті деп ойлаймын. «Ер азаматын сыйлаған әйел төрге барады», – дейді анам. Ол әйелдің басы ешқашан төмен түсіп, көзі жер сүзбейді.

С: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,-дейді ғой…

С.Б: Иә, мен Алматы облысы, Шелек ауданында дүние келдім. Біз 3 ағайындымыз. Үлкені – мен. Екі бауырым бар. Анам – аспазшы, әкем – жүргізуші.  Бұрын отбасылық кәсібіміз болды. Анам екеуіміз үйде тамақ пісіреміз, әкем мен бауырым дүкендерге тасып, сататын.  Жағдайлары жеткенше бізді өсіріп, жетілдірді.

С: Қыз тәрбиесі қоғамды бейжай қалдырмайды. Сізді ше?

С.Б: Тәрбиенің төрт түрі бар. Үйдегі, мектептегі, ортаңдағы және көшедегі тәрбие. Осы төрт тәрбие бірдей болса, бәрі дұрыс. Досты да таңдай білу керек. Әке-шеше ақылын құлаққа құйып отырмаса да қиын. Ер мінезді қыздар көбейді. Қанша жерден мықты болсаң да, болмысыңды ұмытпау керек қой.

С: Ер мінезді қыздың көбеюіне жігіттеріміз жол беріп жүрген жоқ па?

С.Б:  Иә, мен де солай ойламын. Бірақ көпшілік қыздарды кінәлайды. Ер адамдарға ешнәрсе айта алмаймыз. Ердің абыройын көтеретін де, жоғалтатын да – әйел.

С: Мамандығыңызға менсінбей, миығынан қарайтындарға не дейсіз?

С.Б:  Білікті мамандардың көмекшісі болып жүргенімде: «Әрлеуші деген кім тағы? Қызмет көрсетушілер ғой», – дейтін. Иә, біз халыққа қызмет көрсетеміз. Дегенмен, кей визажистер дағдыланып алған соң мұрындарын көтеріп кетеді. Бағасын қымбаттатады. Мен оған қарсымын. Кезінде менсінбей күлетіндер көп болды. Қазір ондайлар жоқ. Елдің алғысын алып жүрмін.

С: Бизнестегі бикешсіз. Көз салып оқығанға айтарыңыз бар ма?

С.Б: Алла қаласа береді, қаласа бәрін алып қояды. Берген кезде бағалай білу керек. Барша адамға бірдей қарап, бірдей сөйлесемін. Байдың қиындық көрмей өскен балаларынан гөрі, қарапайым жандармен араласқанды ұнатамын. Бізді бағып отырған бес саусағымыз. Біреулер визажистікті оқып алып, ертең-ақ ақшаға көміліп жатамын деп ойлайды. Бұл – қате.  Мен әншілермен жұмыс істеуді армандадым. Армандар орындалады. Тек шыдамдылық керек. Көп әріптестеріміз дағдарыс деп, екі қолдарын босатып жіберді. Әрине, оларды да түсінемін. Өзімнің командаммен тегін қызмет көрсететін кездеріміз де болады. Бәрі – уақытша. Кейін талай белестерді бағындырамыз. Аптасына 1-2 рет тегін жұмыс істейміз. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Қолдан келіп тұрған өнер болса, неге жасамасқа?!

С: Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Балғын ӘДІЛБАЕВА