Жан әлеміӨкініш

Сәулені сағынған сұлу

«Көңілді сәт те осындай келте болады екен ғой» - деп күбір ете түсті де Мөлдір қонақтан қалған дастарқанды жинамаққа қамданды. Әншейінде ат басын бұра қоймайтын достардың тегіс жиналып, ақжарма тілектерін арнағаны оны бір марқайтып тастағаны бар.

“Жанарың шайдай ашылып, бақытыңды  тауып, арамызда күлімдеп жүре бергейсің”-деген тілектер әр-әр ауызда айтылып жатты. Расымен де Мөлдір үшін бұдан асқан артық тілек жоқ. Гүлдей құлпырып 20 жасқа толып отырған бойжеткен достарының шырайындағы қуанышты көргісі келмеді дейсіз бе? Қуанды, бірақ олар қайтіп кетті. Олардың кетісімен бірге бөлмеде бір көңілсіздік орнай қалды. Мөлдір ауыр ойларды арқалай алмай орындыққа отыра кетті.


Есіне 7-сыныпта оқыған шағындағы дәрігерлердің қолына алақандай қағаз беріп, көзін емдету қажеттігін ескерткені түсті. Әдеттегі салғырттықпен емделуді кейінге шегере тұрған болатын. Екі жылдан артық уақытты босқа өткізіп барып, кеш ем қабылдады. Ақ халаттылардың үміттендірулерінен Мөлдір әбден шаршады. Себебі емделуге қатысты бар мүмкіндікті қарастырды, менмін деген мамандардың алдына барды. Десе де ол ғайыптан бір ғажайыптың орнайтынан үмітсіз емес. Су қараңғылықтан арылып, жарық әлемді көретінінен үмітті. «Шіркі-і-і-і-ін!» дейді ішінен, «жарықты былай қоя тұрыңызшы, баратын жолыңды бағыттап берер болмашы сәуле түсіп тұрса ғой… Е, менікі не отырыс? Бір жаңалық ашқандай, күндегі арман-тілек қой бұл, армандағаннан да жалықтым ба, қалай өзі»,- деп тағы да күбір ете түсті де, дауыс шығарып айтқанын біле қойып үнсіз отыра қалды.


Достары алып келген гүлді иіскеді. Өзін мезгілсіз үзілген гүлге де ұқсатты. Бүгінгі меймандардың арасында оның ең жақын құрбысы Іңкәрдің болмағаны ғана оны сәл қынжылтты. Көп ізденетін құрбысы қалаға оқуға кеткен еді. Байсалды, үнемі мұңлы бойжеткенді күлдіруге құштар қыз үнді халқының көне бір кітабын оқып достықтың махаббаттан да үстем екендігін айтып Мөлдірді марқайтып отыратын. Екеуі емен-жарқын әңгіме құру барысында Іңкәр Мөлдірге ерекше қызығатынын да айтып қалатын. Зағип бойжеткеннің көркем шығармалардағы хас сұлулардай көрікті екендігін айтудан құрбысы еш жалықпайтын. Мөлдір құрбысының көңілге қарап емес, боямасыз шындықты айтып отырғанына нанатын. Себебі ажарлы екендігін айтқан бір Іңкәр ғана емес. Көрген кісінің көркіне көзі тойып, көзіне қарап көңілі түсіп кететінін Мөлдір талай-талай байқаған. Шіркін, сол сұлулықты айнадан өзі көрсе ғой. «Шын тілесе соқыр көзден шыққан жасты Жаратқан қабыл көреді дейді ғой. Жаратқан, жамалымды көруге нәсіп етші», – деп алақан жая бергенінде сары телефон безек қағып шырылдай жөнелді. Көзінің жасын түре сүртіп, тұтқаны көтерді.

-Тыңдап тұрмын….

Жаралы жүректі жылы сөз ғана емдей алады. Телефон тұтқасынан жолданған жылы лебіз оның жанын жадыратып жіберді.

                                                     Балия Бабыққызы
                                                             Ақтөбе қаласы