Саяхат

Әмірліктер әлемі

Әлемдік тарихшылар бұл мемлекетті жылдам дамып келе жатқан жас ел деп есептейді. 1971 жыдың 2 желтоқсанында ағылшын отаршылдығынан босап шыққан әмірлік экономика саласында мұнайды басым бағытқа қойып бүгінгі болмысын қалыптастырды. Таяу шығыстағы Араб түбегінің солтүстік шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі Парсы шығанағының, шығысы Оман бұғазының суларымен шектесіп жатыр. Құрлықтық көршілері Катар, Сауд Арабиясы және Оман Сұлтанаты.

Балықшылар мекені

Парсы шығанағының бақ-қаласы -Абу-Даби. XVIII ғасырда көшпенді мал өсірушілікпен айналысып, тұрғындардың жартысынан көбі теңізден балық пен лағылтас аулап күн кешкен дегенге бүгін нану қиын шығар. Ал, ғасырлар бойы құм шағылдарда ауызсу тапшы болып, суға шыдамды түйелерді тіршілігінің серігі еткен дегенге тіпті де сенгің келмейді. Қазір мұнда маң-маң басып түйелер жүрмейді, даңғыл жолдармен жүйткіп темір тұлпарлар кетіп бара жатады. Абу-Даби Әмірліктің астанасы ғана емес, ел халқының 40 пайызын құрайтын алып шаһар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары табылған мұнай балықшылар мекенінің ғана емес, күллі әмірліктің тағдырын өзгертті. Желкілдеген пальмалар мен гүлзар бақтағы гүлдер, аспанмен шетескен 900 алып ғимарат Абу-Дабиды танымастай етіп өзгертіп жіберген. Бұл қала әмірліктердің астанасы ғана емес, өзі де жеке әмірлік. Айта кетейік бұл елде Дубай, Шарджа, Ум-әл Кайуайн, Аджман, Эль Фурджейра, одан соң Рас-әл-Хайма деген әмірліктер бар.

Біле жүргейсіз

  • Арабтармен сөйлесу кезінде, тіпті ол жақсы білетін ескі танысыңыз болса да, оған оның әйелі туралы сұрақ ешқашан қоймаңыз. Отбасы жағдайы туралы сыпайы ғана сұраңыз.
  • Үйге кіру үшін алдымен аяқ киіміңізді шешесіз.
  • Арабтар үшін қарсы отырған адамның өкшесі көрініп тұрса, бұл қорлық болып саналады.
  • Қоштасу кезінде қол алысуды ұмытпаңыз. Құрметті адамдардың қолын екі қолыңызбен аласыз. Мұсылман әйеліне қолыңызды бірінші болып бермеңіз, қажет болса, оны өзі істейді.
  • БАӘ-нiң айырбастау пұлы – филз деп аталады. Бір дирхам 100 филзді құрайды. Мұнайлы әуе бейнеленген 50 филз кең қолданылады.
  • Шардж әмірлігінде алкогольге мүлде тыйым салынған.
  • Халықтың 80%-ы басқа елден келушілер болып табылады.
  • Арабтар тарапынан қандай да бір ұсынылған заттарды тек оң қолыңызбен ғана алыңыз.
  • Дәл біздегі секілді қонақжай ұлттың дастарқанынан дәм татудан бас тартсаңыз, сізге ренжіп қалады.

Жадыңызда сақтағайсыз!

Ресми тілі: араб

Астанасы: Абу-Даби

Жер аумағы: 83 600 км²

Валютасы: Дирхам БАӘ

Діні: Ислам Мұсылман суниттер

Үкімет түрі: Әмірлік, Монархия

Телефон коды: +971

Шаһиризаданың шаһары

Әлем әдебиетінің жауһары саналатын «Мың бір түн» ертегілері бұл күнде әмірлік үшін шындыққа айналған. Жасыл желек жамылған, балық пен алтын саудасы қызған, туристерді қашанда қарсы алуға дайын қала – Шарджа қиял әлемінің жүзеге асқан шаһары болып есептелінеді. Қала мұражайына бас сұқсаңыз күллі Азия елдерінің тірі шежіресімен танысасыз. Әлем бойынша үшінші орын алатын жүз метрлік су бұрқақ та осы қалада орналасқан. Әл-Жазира саябағы тұрғындар мен саяхатшылар тамашалауға арналған көрікті мекен болып есептелінеді. Бұл әмірліктегі арабтар Дубайдағылар секілді туристерге еркінсуге мүмкіндік туғызбаған. Ішімдік пайдаланып, кешкісін серуен құрғысы келетіндер ат басын Шарджа қаласына бұра бермейді. Есесіне өркениет пен мәдениетті бағалайтындар бұл қаладан жан рахатын таба алады. Әлемдік құрылысшылар мен суретшілерге арналған көрмеден әмірліктің өнерді өте бағалайтынын байқауыңызға болады. Шығыс әлемінің мәдениетімен жетік танысқыңыз келсе, осы қалаға табан тіреген дұрыс. Қаланың орталық алаңында қасиетті Құранға арналған ескерткіш орналасқан. Қыс мезгілінде су салқын болады.

Парсы шығанағындағы Париж

Біздің ғасыр басталғалы бері шынайы жиһанкез Парижді бір көруді армандайтын. Ал, заманауи туристің тізіміне енді Дубай қаласы еніп үлгерді. Еуропа өркениетінің еңсесін түсіргісі келмейтіндер жас та, экономикалық қуатты қаланы Парижбен салыстырғанды жөн тұтады. Анығында оның өзіне тән ерекшеліктері жетерлік. Қаңтар айында әлем туристерінің көбі Дубайдағы сауда фестиваліне келеді. Бұл науқан әмірлік үшін үлкен мереке десек те болғандай. Түрлі сауда жәрмеңкелері, 70 пайызға дейін төменгі бағамен жүргізілетін сатылымдар, отшашулар мен сән көрсетілімдері, көше музыканттарының өнерін тамашалауға болатын шақ осы қаңтар айында жүзеге асырылады. Биылғы он тоғызыншы дәстүрлі сауда фестивалі 2 қаңтардан басталып, 2 ақпанда аяқталатын болады.

Әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифа (828м) осы қалада орналасқан. Биік ғимараттың маңында 150 метрлік әлемдегі ең биік те ғажап субұрқақ орналасқан. Бұл бұрқақ сазды әуенмен түрлі түске еніп билей жөнеледі. Қала қолдан жасалған аралдарымен де әлемді тамсандыра алады. The World деп аталатын әлем картасын еске түсіретін және пальма пішініне ұқсатып арал жасаған арабтардың өнерін көруге асығатындар жетерлік. Су астына саяхат жасағысы келетіндердің де арманы осы қалада орындалады.

Picture 042

Жеті жұлдызды қонақүй

Қонақүйлер мен су саябақтары, кешкі көңілді серуендердің барлығы демалушыларға ыңғайланған. Алып кеме тәрізді жасанды аралға орналасқан Burj Al Arab деп аталатын жеті жұлдызды қонақүй тым алыстан көз тартады. Дубай екіге бөлінеді Бар Дубай деп аталатын бөлігі демалушыларға арналған құндылықтарға толы болса, Дейра деп аталатын бөлігінде ұлттық мәдениетті сақтап қалуды көздеген. Құмды қалаға жабық шаңғы кешені де салынған. Бұл кешен елге жақын маңдағы бұрын қарды тамашалап көрмегендерге таңсық боп келеді.

Сіз білесіз бе?

  • Дибба деген араб тілінен аударғанда «шегіртке» деген мағынаны білдіреді екен. Ал, Дубай деген шегірткені еркелетіп айтқандағы сөздері көрінеді. Демек қалаға атау жәндікке байланысты берілген. Ежелгі тұрғындар су бар жерде шегіртке де жүреді деп есептеген. Демек тіршілік көзі бар жерді білетін жәндікке арабтар құрметпен қараған болса керек. Тіпті, аңызшылар осы жәндіктен ас дайындаған кездер де болған деседі.

  • Әмірліктердің бас қаласы Абу-Даби деген сөз «еліктер әкесі» деген мағынаға саяды екен. Аңыз бойынша саяхатта жүрген шейх бір елікті көріп, қуып жүргенде тұман басып кетеді екен. Олжа түгілі жолынан адасқан шейх тұман сейілгенде бір мөлдір бұлаққа кезігіпті. Содан бастап бұл мекенде адамдарға тіршілік етуге мүмкіндік туған деседі. Сулы-нулы жерді тауып берген сол елікке арабтардың алғысы ретінде әмірлік пен астана Абу-Даби атаныпты.

Араб асханасы

Хомус деп аталатын бұршақ пен күнжіт дәнінен дайындалған пасталары, жұмсақ еттен майдаланып әзірленетін таббуле деген тағамдары бар. Араб Әмірліктері теңіз жағалауында орналасқандықтан теңіз өнімдерінен жасалған тағамдар да өте көп. Таңқышаян, асшаян, омар, тунa теңіз өнімдерін күрішпен бірге ұсынады. Шауырма деп аталатын қозы немесе балапан етін салып даярлайтын шелпектері бар.