Отбасы бюджеті

Саяхаттағы үнем

«Ақшамен дос сатып ала алмайсың, бірақ өте қызықты таныстықтар кездестіруге болады», - дейді философтар. Жаңа таныстықтар мен ұмытылмас сәттерге ел-елді аралап, саяхаттаған кезде тап боласыз. Демалыс демалысымен, ал ақша өз орнымен жұмсалуы тиіс. Қаражат мәселесін ұмытпаңыз. Кез-келген жағдайға дайын болыңыз.

902Қаралымдар

Банкомат – сенімді серік

Саяхаттау кезеңінде өзіңізбен үлкен көлемде ақша алатын болсаңыз, оны банк картасында сақтаңыз. Ол қолайлы, әрі заң бойынша дәлелдейтін құжаттарсыз. Ал, қолма-қол тек 1500 доллар ғана алып жүруге рұқсат етілген. Егер пластикалық карта болса, сол арқылы барлық жерде төлем жүргізген қолайлы болмақ. Банкоматтан ақша алсаңыз, онда үлкен көлемде алғаныңыз жөн. Мысалы 100 евро, 20 емес. Өйткені ақша саны көп болса, соншалықты валюта бағамы қолайлы болмақ.

Айырбастан ұтылып қалмаңыз!

Ақшаны Қазақстанда айырбастап алыңыз. Әуежай мен қонақүйдегі бағамға қарағанда өз қалаңызда ауыстырған әлдеқайда қолайлы. Көпшілік шетелдік ақша айырбастау орталықтарында комиссиялық қосымша қаржы ұстап қалады. Сондықтан ақша айырбастау пунктін «No commission» деген жазуымен іздеңіз. Ешқашан қолдан ақша айырбастамаңыз. Егер Еуропаға жол тартсаңыз, долларды евроға өз елімізде айырбастаңыз. Кәрі құрлық мемлекеттерінде доллар бағамы бізге қарағанда төмен. Доллар да, евро да жергілікті валютасы емес мемлекеттерге баратын болсаңыз, ақшаны сол елдің өзінде сатып алуға тура келеді.

Жаңа валюта – жаңаша ойлау

Алғашында жаңа валютаға үйрену қиын. Сауда жасағанда барлығын есептеп, санап жүрудің ұяттығы жоқ. Айырбас жайлы түбіртекті тастамаңыз. Кейбір мемлекеттерде қалған ақшаны айырбастау үшін дәл сол құжат керек. Әмияныңыз бен құжаттарыңызға сақ болыңыз. Адамдар толы жерлерден өткенде сөмкеңізді мықтап ұстаңыз

Сақтансаң – сақтаймын!

Жағажайға барғанда зергерлік бұйымдарды, құжаттарды, ақшаны қонақ үй сейфінде қалдырыңыз. Керекті ғана ақшаны кішкентай сөмкеде ұстасаңыз болады. Егер су өткізбейтін қапшық сатып алсаңыз, кредит карточкасымен суға да түсуге болады.

Қайтқан малда қайыр бар

Еуропалық Одақтас мемлекеттерінің дүкендерінде Tax Free жүйесі бар. Егер бір дүкеннен 100 евродан аса сауда жасасаңыз, шекарада сізге сол тауардың салығын қайтарады немесе есеп шотыңызға аударады. Tax Free жүйесін іске асыру үшін, паспортыңызды сатушыға көрсетіп, чекті сұраңыз. Мемлекеттен кетер кезде чекті көрсетіңіз. Басты ереже: салық төленетін тауар жаңа, оралған күйінде болуы шарт.

Маңызды «ұсақ-түйек»

Телефоныңыздың есепшотын тексеріп отырыңыз. Әдетте үйге телефон соғу сіздің ұялы телефоныңыздан қарағанда, жергілікті автомат телефондармен қолайлырақ. Ұялы телефон арқылы жасалған қоңыраулар қонақүй тарифіненде қымбатқа түсуі мүмкін. Дұрысы бірден ұялы телефонның роуминг тарифтері жайлы ақпарат алып, үнемдеудің жолын қарастырған жөн.

Ақша картаңыз ұрланды ма?

Дереу Қазақстандағы банк орталығына қоңырау соғыңыз. Карточкаңызды бірден жарамсыз етеді. Бірақ оны жаңарту тек Отанға келгеннен кейін жүзеге асады. Ал егер барлық ақша, құжаттар, қайтар билеттеріңізді баукеспелердің қолына ілігіп, тақырға отырып қалсаңыз, жағдай қиын. Жылдам Қазақстан консулдығына барыңыз. Олар елге қайтуға көмектеседі.

Сауда – Африкада да сауда

Кәдесыйға арнайы ақша бөліп қойыңыз. Кімге алатыныңызды жазып алыңыз. Сыйлықтарды қонақүйден, орталық көшелерден сатып алмаңыз – қымбатқа түседі. Алғашқы күндері сыйлық қарап уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Алдымен көріп, танысқан жөн. Базарда немесе қолдан зат алып жатсаңыз – саудаласыңыз. Бұның еш ұяттығы жоқ.  Саудаласу бүкіл әлемде бар. Сауданы демалыстың соңғы күніне қалдырмаңыз. Асығып жүріп, дұрыс таңдау жасай алмауыңыз ықтимал.